16 Қаңтар, 2010

ПАРЛАМЕНТ “Егемен Қазақстанның” арнаулы беті

2029 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
МАҚТАНДЫРАТЫН, МАСАТТАНДЫРАТЫН МИССИЯ Еліміз ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы миссиясына түпкілікті кірісіп кетті. Баласы бәйгеге шапқанда үйде отырып тақымын қысатын анадай, “бұл жауапты миссияда абырой бере гөр” деген тілеумен барша қазақстандық патриоттардың, елжанды азаматтардың жүрегі лүпіл қағатыны анық. Солардың бірі – Мәжіліс депутаты Дауылбай ҚҰСАЙЫНОВ. Біз халық қалаулысын әңгімеге тартып, одан осы мәселе бойынша ой бөлісуін сұраған едік. – Әрине, еліміз үлкен белеске көтеріліп және оны барлық әлем бақылап, қадамына қадалып отыр­ғанда жүрек қалай лүпіл­де­ме­сін. Жатсақ-тұрсақ тек осы дүние­жү­зілік маңызы бар үлкен жауап­кер­шілікті жұмысты абы­рой­мен атқарып шығуды ойлай­мыз. Соны іске асыратын аза­мат­­тар­дың жолының ақ болғанын тілейміз. Бір жағынан барша әлем қазір бізге үлкен сенім артып отыр. 56 мүшесі бар ЕҚЫҰ-ны барша әлем десек қателеспейтін шығармыз, өйткені, оның құра­мы­на әлемнің айтулы, беделді, белсенді елдері­нің бәрі енген ғой. Сол сенімді қапысыз ақтап шығу абыройдың бүгінгі таңдағы ең үлкені болмақ. Ол Қазақстанның одан әрі өркен­деуіне, оған деген сенімнің әбден бекіп, беделі мен салмағы­ның артуына үлкен үлес қосары сөзсіз. – Өзіңіз алғаш рет Қазақстан­ның төраға болмақ ниеті барын қашан естідіңіз және қандай сезімде болдыңыз? – Мен ол кезде Қарағанды облысындағы Нұра ауданының әкімі едім, күнбе-күнгі қауырт жұмыстың арасында Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа өз кан­дидатурасын ұсынғанын есті­дім. Ұмытпасам бұл 2003 жыл ғой деймін, ал Қазақстан 2009 жылға төраға болуға ниет білдірді. Шынымды айтайын, сол кезде  бұл ұмтылыс маған бә­лен­­дей әсер ете қойған жоқ. Себе­бі, 2009 жылға дейін әлі көп уақыт бар, оған дейін не өзгермес дейсің деп ойладық. Ауданда 300 мың гектар­ға жуық жерге астық егіп, оны уақытында орып, жинап алудан басқа аудан әкімін дәл сол уақыт­та көп нәрсе алаңдата қой­майтын. Әйтеуір, ұлы жекеше­лендіру кезінде біз бірнеше ірі шаруашы­лық­тарды мұртын бұз­бай, ұстап қалғанбыз. Сол үлкен абырой болды. “Қайнар”, “Шахтер”, “Пржеваль”, т.б. шаруашылықтар табыс биігінен көрініп, 25-30 мың гектардан егін сеуіп, 2 млн. пұтқа дейін астық жинады. Өздеріндегі барлық әлеуметтік мәселелерді шешуге де көп күш-жігер жұмсал­ды. Қазір ұсақ тауарлы, қарадүрсін техника­ларды қолдануға ғана шамасы жетіп, еңбек өнімділігінен жұрдай болған ұсақ шаруалар толып жатыр ғой. Оларға сенсең, елді астықсыз қалдырасың. Сондықтан қайтадан ондайлардың басын қосып, ірілендіру жұмыс­тарын да жүргізе бастаған едік. Соның ішінде “Изенді” деп аталатын бұрынғы қой кеңшарын сақтап қалуды қатты қолға алып, әйтеуір бұл істе жақсы нәтижеге қол жет­кіздік. Шаруашылықты басқаруға Қанат Отарбаев деген жігітті қосқан едік, ол сенімді ақтап, өте іскер азамат болып шықты. Қазір ондағы биязы жүнді, элита тұқым­ды Қарғалы қойының саны 12 мыңға жетіп, егістік жері 500 гектар­дан 5 мың гектарға дейін артты. Қазір сол “Изендіні” бұрын көрген адамдар танымай қалады. Елдің әлеуметтік мәселесі түгел шешілген, ауыз су пробле­масы деген жоқ, демалыс орында­ры, амбулатория сияқты нысандар жарқырап тұр. Балалар­ға арналып салынған “Ертегі­лер” қалашығы­ның өзі күйлі тұрмыс, жақсы өмірден сыр шерт­кендей... – Өзіңіз сол ауданда ұзақ еңбек етіп пе едіңіз? – Мен өзімнің 62 жыл өмірімнің 1,5 жылын ғана басқа жерге арнаған адаммын. Қалған өмірімнің бәрі, 2007 жылы Мә­жіліс депутаты болып сайланғанға дейін, туған ауданымда өтіп келді. Түрлі шаруашылықтарда, ауда­нда басшылық қызметтер ат­қардым. Соның ішінде 1996 жыл­дан Нұра ауданының әкімі бол­дым, содан 11 жыл бойы аудандағы  барлық өзгеріс, қоз­ғалыстардың бәрі менің көз алдымда өтті. Жоғарыда айтқа­нымдай, 1,5 жыл ғана Қарағанды обкомында қызмет істеп, қайтадан туған ауданыма оралған едім. – Әңгімемізді қайтадан ЕҚЫҰ-дағы төрағалық тақыры­бына қарай бұрсақ... – Осындай қауырт жұмысы қайнаған ортада жүргенде ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы анда-санда газет материалдарынан көріп қалғанымыз болмаса, өзіміз ойлаған да емеспіз десек артық айтқандық емес шығар. Мен бұл бір басталып, артынан тасталған әңгіме шығар дегенмін. Өйткені, ЕҚЫҰ-ның төрағасы сияқты қызмет бізге қол жеткізбейтін асқар шың секілді көрінген. Әбден дамып, өркениеттің биік деңгейіне жеткен Еуропа елдеріне төрағалық ету оңай болмас деп ойлаған едім. Сөйтіп жүргенде 2007 жыл туды, осы жылдың басынан төрағалық туралы әңгімелер көп айтылатын болды. Өз басым бізді өткізе қоймас, шешуін күткен мәселелер әлі де бар ғой деген ойдан арыла алмай жүрдім. Оның үстіне АҚШ пен Англия сияқты алпауыт елдер қатаң талаптар қойып жатқаны белгілі болды. Енді бір қарасақ, екеуіне де Елбасы ресми сапармен барып, барлық мәселені шешіп келгені айтылып жатты. Әрине, Конституцияға енгізілген рефор-малар да өзінің игілікті нәтижесін берген шығар, бірақ мені бәрі­нен де Нұрсұлтан Әбішұлының қаласа тасты да жібітіп жібере алатын дипломатиялық өнері тәнті етті. Елбасы барған соң-ақ алпауыттар айналымға келмей бізді қолдап шықты. Осының өзі үлкен мақтаныш емес пе? – Төраға болғанымызды қалай қабылдадыңыз? – Әрине, қуандым, сонымен бірге, мақтаныш сезімі де жүректі лүпілдетіп кетті. Елім үшін, Елба­сым үшін мақтандым. Басқалар болса қайда қалыпты, біз бәрінен астық қой деген сезім мені үнемі масаттандыратын еді. Енді, жоға­рыда айтқанымдай, сол биіктен абыроймен келуді ғана ойлаймын.  Жатсам-тұрсам Қазақстанның ұсыныстары жақсы қабылданып, бастамалары қолдау тапса екен деп тілеймін. – Тілегіңіз әмсе қабыл болғай. Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ. ЕЛДІҢ ҚҰТЫ – “ЖЕТІСУ” Осыдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрыла бастаған еді. Бірақ олардың нарық жағдайында жақсы заңнамалық негізсіз жұмыс істеуі қиынырақ соғатынын өмірдің өзі көрсетіп берді. Бұған осы жақында Алатау баурайындағы “Жетісу” әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) нысандарын аралаған Парламент депутаттары да көздерін жеткізді. Осы кездесулер барысында байқалғанындай, ӘКК қызметінің негізі болып табылатын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік елдегі көптеген әлеуметтік мәнді жобаларды іске асыруға септігін тигізеді. Әуелі “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Алматыдағы кеңсежайында Алматы облысы өзендеріндегі шағын су электр стансаларын дамыту бағдарламалары және жел энергетикасы жөніндегі жобалар таныстырылды. “Жақсыны көрмек үшін” келушілердің ішінде Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко, сенаторлар Ахан Бижанов, Жұмабек Төрегелдинов, Нұрлан Сүлейменов, Мәжіліс депутаттары Айткүл Самақова, Зағипа Балиева, Нұрлан Өнербай, Алтай Тілеубердин, Ержан Рахметов, Камал Бұрханов, Николай Турецкий және басқалар болды. Алматы өңірінің электр энергиясы тапшылы­ғын бастан кешіп отырғаны көптен мәлім. Мұқтаждық шамамен 700 МВт-ға тең. Осы ретте “Жетісу” ӘКК шағын СЭС-тер мен жел электр стансаларын салу жөнінде бірқатар жобаларды алға тартып, бұл бағытты 2010 жылдың басым­дығына жатқызды. Бағдарламаны таныстырған “Энергия Семиречья” ЖШС  (“Жетісу” ӘКК-нің еншілес компаниясы) бас директоры Ахат Календаревтің айтуынша, Алматы облысында Қазақстанның тау өзендері гидроқуат ресурста­рының 65 пайызы шоғырланған. “Казгидро” институтының бағамдауына сәйкес су-электр стансаларын салуға болатын тау өзендері мен гидроқұрылыстардың телімдері анықталған. Сонымен қатар, облыс жел-электр стансала­рын салу жөнінде бүкіл әлем бойынша бірегей мүмкіндіктерге ие. Бұл дегеніңіз – Жоңғар қақпасы және Шелек дәлізі. Бұлар желдік сипаттамалары жөнінде келешегі аса зор алаңдар болып табылады. Жоңғар қақпасындағы бос жатқан жерлер жалпы қуаты 1000 МВт-тан астам жел-электр стансасын өркендетуге мүмкіндік береді. Жел генераторлары өндірісінің осыза­ман­дық технологиялары электр стансасын бәсекелі бағалар бойынша салуға жағдай жасап, осы ретте айтарлықтай сапалы өнім – өңірлік және ұлттық жүйелік операторлардың талап үде­сі­нен шығатын электр энергиясын өндіре ала­ды. Алматы облысында салынатын энергия өнді­ретін нысандар, солардың ішінде шағын СЭС-тер мен жел-электр стансалары өңірдің энергия тапшылығын айтарлықтай азайтады деп күтілуде. Шалғайдағы фермер шаруашылық­тарының және ауыл-кенттерді электр энергия­сымен қамтамасыз ету мақсатында “Жетісу” ӘКК шағын СЭС-тер құрылысын салатын бі­ріккен кәсіпорындар құру мүмкіндігін қарастыруда. Таныстырылымнан соң депутаттар облыстың Қырбалтабай ауылына келді. Онда “Жетісу” ӘКК ерітінділер құюға арналған медициналық жүйелер өндіретін зауыт салып жатыр екен. Корпорацияның әріптесі “Алко-Мед” ЖШС көп ұзамай республикада бірінші болып медициналық жүйелер және бір реттік шприцтер жасау жөніндегі зауытты іске қоспақшы. Жоба үш жылда пайдаға шығады. Бүгін таңда Қазақ­станның бір реттік жүйелерге деген жылдық сұранысы 30 миллион дана екен. Кәсіпорында 165 адам жұмыс істейтін болады. Олардың бәрі жергілікті ауылдардың тұрғындары. Солардың ішінен 35-і шетелде оқып, тәжірибе алып келген. Сонымен, нысанды іске қосу басталған жылдың бірінші тоқсанына белгіленіп отыр. Депутаттар тобы бұдан соң жұмыс істеп жатқан өндіріске келді. Бұл – ет және шұжық өнімдерін өңдеу жөніндегі өндірістік-логистикалық кешен. Ет өңдейтін кешен Қазақ тұтынушылар кооперациясының 1995 жылдан бері бос тұрған ет комбинатының негізінде осыдан үш ай бұрын жұмыс істей бастаған. Бүгінде кешен тәулігіне 55 аталымдағы 7 тонна ет және шұжық өнімдерін өндіруде. Үш жыл ішінде қуаттылықты 25 тоннаға жеткізу жоспарланған. “Бұл өнімдер Алматының ішкі базарларына рыноктағыдан 25-30 пайыз төмен бағамен түсуде. Кәсіпорынның жастығына қарамастан, “ЖетісуАгро” фирмалық қалталарына салынған біздің өнімдерімізді оңтүстік астананың және облыстың базарларында жақсы біледі әрі күтіп отырады. “Жетісу” ӘКК бізге 200 миллион теңге мөлшерінде айналымдық қаржы берді. Мұның өзі жаңа жабдық сатып алып, өндірісті кеңейтуге септесті. Біз 500 тонна ет және 1000 тонна көкөніс сыятын өз қоймаларымызды жөндеп, жаңа тоңазытқыш жабдықпен жарақтандырдық. Көп ұзамай көкөністерді сұрыптайтын, жуатын және қалталарға салатын желіні іске қоспақ­пыз”, – дейді кәсіпорын басшысы Алексей Зырянов. Бүгіннің өзінде мұнда 185 адам еңбек етеді. Алда ашылар сауда нүктелерін ескергенде жұмыс орны 250-ге дейін жеткізілмек. Бұдан әрі “Жетісу” ӘКК тұралап жатқан жерінен көтеріп қатарға қосқан “Тұскиіз” мақта-мата орталығына жол түсті. Мұнда қосымша 430 жұмыс орны ашылмақшы. ӘКК кәсіпорынның 50 миллион теңге мөлшеріндегі қарызын төлеп, ғимаратты жөндеуге 20 миллионнан астам теңге салды. Толық қалпына келтірілген нысан өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Қала шегін­дегі Сейфуллин көшесінің бойына орна­лас­қан 4500 шаршы метр өндірістік аумақта тау шаңғы­сы және балалар киімдері, ерлер жейде­лері мен басқа да өнімдер шығарыл­мақшы. Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорын­дары ассоциациясының президенті Любовь Худова “Тұскиіз” мақта-мата орталығы құры­луы­­ның шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау­дағы нақты қадам екендігіне тоқталды. Осынау әлеуметтік мәнді жоба өндіріс жағдайла­рын оңайлатады. Бұл, ең алдымен, отандық өнім­нің өзіндік құнын кемітеді. Шағын өндірістік компаниялардың жекелеген ғимараттарды жалға алуы, қызметші штаттар ұстауы, коммуналдық ақы төлеуі қиынға соқпақ. Ал “Жетісу” ӘКК болса, компаниялардың екі жыл жалдық ақысын төлемей жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Л.Худова мұның өзі отандық өндірушілер үшін үлкен көмек екендігін атап көрсетті. Оның пікірінше, орталықтың құрылуы мақта-маташы­лардың тендерге қатыспай, тиісінше тұтыну­шы­лар талабына сай кең ауқымда жұмыс істеп, ішкі рынокты толтырып, кеңейтуіне жағдай жасамақ. “Мұнда біз нақты әрі пайдалы істі көрдік. Өндіріске үлкен ақшалар салынып жатқаны айғақталып тұр. Ілгері басқандық айқын сезіледі. Осының бәрі қуантып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру жөніндегі идеяның әуел бастан дұрыс болғандығын көрсетіп беруде. Атап айтқанда, “Жетісу” ӘКК-де жанды өндіріс, бәсекеге қабілетті өнім бар болып шықты. Оның сапалық стандарттары қалыптасып қалған, бағалары рыноктағыдан төмен. Бұл өнім Алматыда сатылып, баға құрауға өз әсерін тигізуде. Дағдарыстың қиын жағдайында біздің азаматтарымызға тамақ өнімдерінің сапасы мен иманжүзді бағасынан артық не керек? Осы сапарда көргендердің бәрі депутаттық корпусқа ӘКК проблемаларына неғұрлым оң тұрғыдан қарауға көмектеседі деп ойлаймын. Мұның бәрі, әлбетте, ӘКК туралы заң жобасымен жұмыс істеген кезде ескерілмей қоймайды. Осы орайда ең алдымен заңнамалық негіз жасау тұрғысында біз бірден-бір дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз”, деп атап көрсетті Сергей Дьяченко. Иә, депутаттар жақсыны көрді, жаңа ойларға кенеулі азық алды. Ал ел мен жердің тағы бір құтына айналып отырған “Жетісу” ӘКК-нің атқарушы директоры Арыстанбек Тәниевтің пайымдауына жүгінсек, корпорацияның инвестициялық саясаты халыққа қажетті өзекті мәселелерге – Алматы азық-түлік белдеуін құруға, энергетикалық индустриялық-иннова­циялық жобаларға бағдарланған. Әрине, олар өз кезегінде депутаттар корпусынан қолдау табуға мүдделі. Өйткені, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің неғұрлым белсенді жүзеге асуына кедергі жасап отырған проблемалар да жоқ емес. Осы түйткілдердің шешілуі арнайы заңнамалық негіздің болуын талап етеді. Бұл – өмірдің өз талабы. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы облысы. ТҰРҒЫНДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ Мәжіліс депутаттары Бекен Әлім­жанов, Аманжол Жазин және Жек­сенбай Дүйсебаев Ақмола облысының бернеше аудандарында болып, тұрғын­дармен жүздесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Атап айтқанда, Атбасар, Жақсы, Есіл және Жарқайың аудандарының еңбек ұжымдарымен және тұрғын­дарымен болған кездесулерде депу­таттар елдің қазіргі жағдайы туралы, қаржы дағдарысынан шығу үшін жасалған іс-шаралар жөнінде әңгімелеп берді. “2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңның басты бағыттары мен “Жол кар­та­сы” бағдар­ла­ма­сының биыл­­ғы жылы да жалғасын табатыны жай­лы түсінік бер­ді. Тұрғындар былтыр жи­нал­ған бидай­дың бағасы мен оны өткі­зудің тәртібі туралы сұра­ды. Сай­лау­шы­лар ав­то­көлік жол­дарын жөндеу, жеке адам­дар­дың малдарын жаюға арналған жайылым көлемін ұлғайту, телефон байланысын жақсарту мәселелерін көтерді. Депутаттар Атбасар ауданының Новоалександров ауылдық окру­гінде болғанда “Бастау” ЖШС-нің қой шаруашылығы мен ірі қара ұстайтын кешенінің жұмысымен танысты. Депутаттар ауылдық жерлерде қазіргі талаптарға жауап беретін елді мекендердің әлеумет­тік мәселелерін де шешуге ықпал етіп отырған мал шаруашылығын дамыту орталықтары қалыптаса бастағанына көз жеткізді. “ТОБЫЛ”  ҚАШАН ТАБЫС ТАБАДЫ? Ел Парламентіне Қостанай өңірінен сайлан­ған  бір топ депутат  “Тобыл” әлеуметтік-кә­сіп­­кер­лік корпорациясында болды. “Тобыл” ӘКК басқар­ма­сының төрағасы Ма­рат Төлібаев депутаттарды құры­лым­­ның бүгінгі  іске асырып отыр­ған жобаларымен және ал­дағы жос­парларымен таныс­тырды. Құрыл­ғанына екі жыл болған  әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның инвес­тиция­лық қоржынында бүгінде қатар жатқан Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында  жүзеге асырылатын 26 жоба бар. Олардың  жалпы құны 132 мил­лиард теңгеден артық. “Тобылдың” қаржылай қол­­дауы­мен  облыста бірнеше жоба жұмыс істеп те кетті. Мы­салы,  үс­ті­міз­дегі жылы шілде­де ашыл­ған “Жі­тіқара асфальт зауыты” жауап­кершілігі шек­теулі серіктестігі 9 мың тонна асфальт және қиыр­шық тас шығарды. Толы­ғымен автомат­тан­­дырылған зауытта 15 адам жұмыс істейді. Бұл зауыт об­лыс­­­тың батысын­дағы үш ау­данды  өз өнімімен қамтамасыз етеді. ИП 212-45 өрт хабарлағы­шын жасап шығару үшін “Қазақ зағип­тар қоғамы” қоғам­дық бірлестігінің Рудный оқу-өндірістік кәсіпор­нымен бірлескен жоба жасалды. Жақын уақытта өнім өндіріле бас­тай­ды. Сонымен қатар,  корпора­ция Қостанай байпақ басу фабри­ка­сына 100 миллион теңге инвес­тиция құйды. Соның арқасында  кәсіпорын  жылына 260 мың парға дейін жылы аяқкиім шығарып, өн­діріс аясын кеңейтуге мүмкін­дік алып отыр. “Тобыл” ӘКК өңірде жүзеге асыратын ірі жобаның бірі Құсмұрын қоңыр көмір кен орны базасында Торғай  жылу-электр станса­сының құрылысы болмақ. Ол үшін де қазір қаржы көздерін іздестіру ісі жүргізілуде. Негізі корпорация өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында 11 жобаны жүзеге асырмақ. Ал бес жоба пайдалы қазбаларды зерттеу және өндіру саласында жер  қойнауын пайдалану құқын алу сатысында тұр. Кен өндіру саласындағы он жоба еліміздегі  индустрия­ланды­рудың басым бағыттары шеңбе­рінде  дайын­далуда. “Тобыл” ӘКК басқарма бас­шысы осындай ірі көлемдегі  жұ­мыс жоспарларын жайып салғаны­мен,  оған  Парламент де­путаттары тарапынан қойыл­ған сауалдар да аз болмады. Екі жылдан бері бюджет қаржысы жұмсалды, ал табыс бар ма?  Оның басты табысы әр жоба шеңберінде кәсіпорындардың қалтқысыз жұмыс істеп кетуі болмақ. Ал түскен пайдаға келесі жоба  жасалынбақ. Де­ген­мен, ӘКК қолына бюджет қаржысын ұстап, бизнеске мемлекет өкілі ретінде қатыс­қанымен, іс жүргізу бары­сынд­а  кездесетін қиындықтар жет­кілікті. Олардың қатарында заң, құқықтық мәселелер, мем­ле­кеттік мүлік, жер, қазба бай­лығын алу­дағы әлі де жетілдіре түсуді қажет ететін механизм талаптары  көп. ӘКК қызмет­керлерінің алып отырған  айлық жалақысының тым жоғары екені де депутаттар назарынан тыс қалмады. Өңір экономикасының ло­комо­тиві болады деген  әлеу­меттік-кә­сіпкерлік корпорация құрылымы­ның проблемалық мәселелері ортаға салынды.  Сенатор Евгений Аман тек “Тобыл” ғана емес, жалпы Қазақ­станда құрылған  ӘКК-лер еліміз экономикасын көтеру­де тиімді-тиімсіз екен­дігін, оның проблемаларын  талқылау үшін  алдағы уақытта осы құрылым басшыларын  Парламент де­пу­тат­тары тың­дай­тынын да ескертті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы. ЖАСТАР ҚАРСЫ, ҮЛКЕНДЕР НАРАЗЫ Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында комитеттің атына отандық фильмдерге қатысты “Азамат” жастар клу­бынан келіп түскен хат талқыға салынды. Қарашаның 23-інде Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” ұлттық кинос­тудия­сына барған Мемлекет басшысы, партиямыздың лидері Нұрсұлтан  Назар­баев: “Қазақ киносы отансүйгіштікті дәріптеп, елшіл, жершіл ұрпақты тәр­биелеуге атсалысуы керек. Яғни, ұлттық кинодан ұлттық идея, ұлт мұраты сезіліп тұруы тиіс”, – деп бүгінгі алаш бала­сының көкейінде көптен жүрген ойды дөп басты. Елбасы дақпырты жер жарған “Көшпенділер” фильмінен түк шықпа­ғандығын да атап көрсетті. Жалпы, біздің­ше, қазіргі қазақ киносының тағдыры алаңдатарлықтай жағдайда. Әсіресе, кейінгі уақытта бұқара тарапынан қазақ киносының көркемдік сапасы мен рухани деңгейіне деген наразылық күш алып келеді. Халқымыздың ұлттық  намысын қорлаған, тарихымызды бұрмалап, азғындықты, ұятсыздықты арқау еткен фильмдер жауыннан соңғы саңырау­құлақтай қаптап барады. Басы “Бораттан” басталған бұл мас­қара үрдіс толастар емес. Қазаққа заты түгіл аты жат арсыздықтарды насихаттай­тын фильмдердің жарнамасы теледидар­дан ашық көрсетіліп, ұрпақ санасын улауда. “Оскар” сыйлығына ұсынылып жат­қан “Келін” фильмінде көзіне түскен еркекпен қатынасқа түсе беретін зинақор әйелдің әрекеті бейнеленген. Малмен жыныстық қатынасқа түсу секілді ел намысын қорлайтын ұятсыз көріністерге толы фильмнің мадақшыларын басқа тіл­дегі басылымдар жарыса жариялап жатыр. “Тюльпан” фильмінде қоғам шындығы деген желеумен елді мазақ ететін дәрет сындырған сорақы көріністер, “Қа­рой” фильмінде туғалы жатқан екіқа­бат  әйелді зорлау, “Әке қорлығы” дейтін фильмде туған қызын зорлаған әке сюжеттерге  өзек болған. Сонда кино арқылы ұлт мұратын, елдік идеяны насихаттау туралы Елбасы тапсырмасы  осындай сорақы­лықтармен іске аспақ па?! Бүгін Ресей фильмдерінде кадеттерді ұлықтау, милиция қызметкерлерінің мерейін өсіру секілді елдік мәселелер қолға алынып жатса, біздің сабаздар “Кай­рат девственник” дейтін фильм шыға­рып, “Я мальчика хочу”деп басын ұстаған педофильдікті, сыңқылдаған қызтеке – көгілдірді, нәпсісі қозған арсыздықты жалаулатып жанымызды түршіктіруде. Мұндай бассыздыққа тоқтау бола ма? Нұрлан ӨнербАй, Мәжіліс депутаты. Дода ПАРЛАМЕНТШІ ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛҒАН ТУРНИР Парламент қа­бырға­сында 1996-1999 жылда­ры Пар­ламент Мә­жі­лісі Төрағасының орын­басары бол­ған Василий Оси­повтің 70 жылды­ғына арналған же­дел ойнау түрі бойынша шахмат­тан турнир болып өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Бұл турнирге 12 адам қатысты. Жарыс қоры­тындысында 12 ойыннан 9 ұпай жинаған Парламенттің Инженерлік орталығының сектор меңгерушісі Марат Қожахметов жеңімпаз атанды. Мәжіліс депутаты Валерий Вишниченко екінші орынды иеленсе, Парламенттің Автокөлік шаруашылығының колонна бастығы Қадырхан Ерғалиев үшінші орынды жеңіп алды. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖОЛЫНДА Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіз­дік комитетінің отырысы  өтті, деп хабарлады осы палата­ның баспасөз қызметі. Отырыста  Сыртқы істер министрі­нің орынбасары Нұрлан Ермекбаев “Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы 2003 жылғы 25 желтоқ­сан­дағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобасы жайында баяндап, оны комитет мүшелері қолдады. Энергетика және минералдық ресурстар министрінің орын­басары  Әсет Мағауов комитет мү­шелеріне Мемлекет басшысы­ның 2007-2008 жылдардағы Қазақстан халқына Жолдауларын жүзеге асыру шең­берінде атом энергетикасының негізін құру, ядролық энергетика саласын дамыту бағытында белсенді жұмыстар жүргізу үшін жоспар­ланып, жедел қаралуға тиісті заң жобалары туралы айтып берді. 1994 жылы Венада қабыл­данған “Ядролық қауіпсіздік туралы конвенция” – ядролық қондыр­ғылар қауіпсіздігіне тікелей арнал­ған алғашқы халық­аралық құқық­тық құжат. Оған бүгінде 65 мемле­кет қатысып отыр. Қазақстан кон­венцияға 1996 жылы қол қойған. Конвенция ядролық қауіпсіз­дік­тің жоғары деңгейіне қол жеткізуге, жекелеген адамдарды, тұтас қоғамды және қоршаған ортаны мұндай қондырғылардан шығатын иондаушы сәулелердің зиянды әсерінен қорғау үшін радиациялық қауіптен қорғаудың тиімді құ­ралдарын жасауға және оларды ядролық қондырғыларда қалып­тастыруға, сондай-ақ, ра­дио­­логиялық салдары бар авария­ларды болдырмауға бағытталған. Мұндай конвенцияны рати­фи­кациялау елімізде халықаралық стандарттарға сәйкес ядролық қауіп­сіздіктің тиімді жүйесін ұйым­­дастыру үшін жағдай туғызады. Ядролық авария жағдайын­дағы немесе радиациялық авария жағ­дайындағы көмек туралы кон­венция аталған апаттар орын ал­ған жағдайда олардың зардапта­рын азайту үшін және радиоак­тивті қалдықтар әсерінен өмірді, мүлікті және қоршаған ортаны қорғауға кідіріссіз көмек беруге жәрдемдесу мақсатында халық­аралық ынты­мақ­тастықты нығай­туға бағыт­талған.