МАҚТАНДЫРАТЫН, МАСАТТАНДЫРАТЫН МИССИЯ
Еліміз ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы миссиясына түпкілікті кірісіп кетті. Баласы бәйгеге шапқанда үйде отырып тақымын қысатын анадай, “бұл жауапты миссияда абырой бере гөр” деген тілеумен барша қазақстандық патриоттардың, елжанды азаматтардың жүрегі лүпіл қағатыны анық. Солардың бірі – Мәжіліс депутаты Дауылбай ҚҰСАЙЫНОВ. Біз халық қалаулысын әңгімеге тартып, одан осы мәселе бойынша ой бөлісуін сұраған едік.
– Әрине, еліміз үлкен белеске көтеріліп және оны барлық әлем бақылап, қадамына қадалып отырғанда жүрек қалай лүпілдемесін. Жатсақ-тұрсақ тек осы дүниежүзілік маңызы бар үлкен жауапкершілікті жұмысты абыроймен атқарып шығуды ойлаймыз. Соны іске асыратын азаматтардың жолының ақ болғанын тілейміз. Бір жағынан барша әлем қазір бізге үлкен сенім артып отыр. 56 мүшесі бар ЕҚЫҰ-ны барша әлем десек қателеспейтін шығармыз, өйткені, оның құрамына әлемнің айтулы, беделді, белсенді елдерінің бәрі енген ғой. Сол сенімді қапысыз ақтап шығу абыройдың бүгінгі таңдағы ең үлкені болмақ. Ол Қазақстанның одан әрі өркендеуіне, оған деген сенімнің әбден бекіп, беделі мен салмағының артуына үлкен үлес қосары сөзсіз.
– Өзіңіз алғаш рет Қазақстанның төраға болмақ ниеті барын қашан естідіңіз және қандай сезімде болдыңыз?
– Мен ол кезде Қарағанды облысындағы Нұра ауданының әкімі едім, күнбе-күнгі қауырт жұмыстың арасында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа өз кандидатурасын ұсынғанын естідім. Ұмытпасам бұл 2003 жыл ғой деймін, ал Қазақстан 2009 жылға төраға болуға ниет білдірді. Шынымды айтайын, сол кезде бұл ұмтылыс маған бәлендей әсер ете қойған жоқ. Себебі, 2009 жылға дейін әлі көп уақыт бар, оған дейін не өзгермес дейсің деп ойладық. Ауданда 300 мың гектарға жуық жерге астық егіп, оны уақытында орып, жинап алудан басқа аудан әкімін дәл сол уақытта көп нәрсе алаңдата қоймайтын. Әйтеуір, ұлы жекешелендіру кезінде біз бірнеше ірі шаруашылықтарды мұртын бұзбай, ұстап қалғанбыз. Сол үлкен абырой болды. “Қайнар”, “Шахтер”, “Пржеваль”, т.б. шаруашылықтар табыс биігінен көрініп, 25-30 мың гектардан егін сеуіп, 2 млн. пұтқа дейін астық жинады. Өздеріндегі барлық әлеуметтік мәселелерді шешуге де көп күш-жігер жұмсалды. Қазір ұсақ тауарлы, қарадүрсін техникаларды қолдануға ғана шамасы жетіп, еңбек өнімділігінен жұрдай болған ұсақ шаруалар толып жатыр ғой. Оларға сенсең, елді астықсыз қалдырасың. Сондықтан қайтадан ондайлардың басын қосып, ірілендіру жұмыстарын да жүргізе бастаған едік. Соның ішінде “Изенді” деп аталатын бұрынғы қой кеңшарын сақтап қалуды қатты қолға алып, әйтеуір бұл істе жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Шаруашылықты басқаруға Қанат Отарбаев деген жігітті қосқан едік, ол сенімді ақтап, өте іскер азамат болып шықты. Қазір ондағы биязы жүнді, элита тұқымды Қарғалы қойының саны 12 мыңға жетіп, егістік жері 500 гектардан 5 мың гектарға дейін артты. Қазір сол “Изендіні” бұрын көрген адамдар танымай қалады. Елдің әлеуметтік мәселесі түгел шешілген, ауыз су проблемасы деген жоқ, демалыс орындары, амбулатория сияқты нысандар жарқырап тұр. Балаларға арналып салынған “Ертегілер” қалашығының өзі күйлі тұрмыс, жақсы өмірден сыр шерткендей...
– Өзіңіз сол ауданда ұзақ еңбек етіп пе едіңіз?
– Мен өзімнің 62 жыл өмірімнің 1,5 жылын ғана басқа жерге арнаған адаммын. Қалған өмірімнің бәрі, 2007 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланғанға дейін, туған ауданымда өтіп келді. Түрлі шаруашылықтарда, ауданда басшылық қызметтер атқардым. Соның ішінде 1996 жылдан Нұра ауданының әкімі болдым, содан 11 жыл бойы аудандағы барлық өзгеріс, қозғалыстардың бәрі менің көз алдымда өтті. Жоғарыда айтқанымдай, 1,5 жыл ғана Қарағанды обкомында қызмет істеп, қайтадан туған ауданыма оралған едім.
– Әңгімемізді қайтадан ЕҚЫҰ-дағы төрағалық тақырыбына қарай бұрсақ...
– Осындай қауырт жұмысы қайнаған ортада жүргенде ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы анда-санда газет материалдарынан көріп қалғанымыз болмаса, өзіміз ойлаған да емеспіз десек артық айтқандық емес шығар. Мен бұл бір басталып, артынан тасталған әңгіме шығар дегенмін. Өйткені, ЕҚЫҰ-ның төрағасы сияқты қызмет бізге қол жеткізбейтін асқар шың секілді көрінген. Әбден дамып, өркениеттің биік деңгейіне жеткен Еуропа елдеріне төрағалық ету оңай болмас деп ойлаған едім. Сөйтіп жүргенде 2007 жыл туды, осы жылдың басынан төрағалық туралы әңгімелер көп айтылатын болды. Өз басым бізді өткізе қоймас, шешуін күткен мәселелер әлі де бар ғой деген ойдан арыла алмай жүрдім. Оның үстіне АҚШ пен Англия сияқты алпауыт елдер қатаң талаптар қойып жатқаны белгілі болды. Енді бір қарасақ, екеуіне де Елбасы ресми сапармен барып, барлық мәселені шешіп келгені айтылып жатты. Әрине, Конституцияға енгізілген рефор-малар да өзінің игілікті нәтижесін берген шығар, бірақ мені бәрінен де Нұрсұлтан Әбішұлының қаласа тасты да жібітіп жібере алатын дипломатиялық өнері тәнті етті. Елбасы барған соң-ақ алпауыттар айналымға келмей бізді қолдап шықты. Осының өзі үлкен мақтаныш емес пе?
– Төраға болғанымызды қалай қабылдадыңыз?
– Әрине, қуандым, сонымен бірге, мақтаныш сезімі де жүректі лүпілдетіп кетті. Елім үшін, Елбасым үшін мақтандым. Басқалар болса қайда қалыпты, біз бәрінен астық қой деген сезім мені үнемі масаттандыратын еді. Енді, жоғарыда айтқанымдай, сол биіктен абыроймен келуді ғана ойлаймын. Жатсам-тұрсам Қазақстанның ұсыныстары жақсы қабылданып, бастамалары қолдау тапса екен деп тілеймін.
– Тілегіңіз әмсе қабыл болғай. Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.
ЕЛДІҢ ҚҰТЫ – “ЖЕТІСУ”
Осыдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрыла бастаған еді. Бірақ олардың нарық жағдайында жақсы заңнамалық негізсіз жұмыс істеуі қиынырақ соғатынын өмірдің өзі көрсетіп берді. Бұған осы жақында Алатау баурайындағы “Жетісу” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) нысандарын аралаған Парламент депутаттары да көздерін жеткізді. Осы кездесулер барысында байқалғанындай, ӘКК қызметінің негізі болып табылатын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік елдегі көптеген әлеуметтік мәнді жобаларды іске асыруға септігін тигізеді.
Әуелі “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Алматыдағы кеңсежайында Алматы облысы өзендеріндегі шағын су электр стансаларын дамыту бағдарламалары және жел энергетикасы жөніндегі жобалар таныстырылды. “Жақсыны көрмек үшін” келушілердің ішінде Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко, сенаторлар Ахан Бижанов, Жұмабек Төрегелдинов, Нұрлан Сүлейменов, Мәжіліс депутаттары Айткүл Самақова, Зағипа Балиева, Нұрлан Өнербай, Алтай Тілеубердин, Ержан Рахметов, Камал Бұрханов, Николай Турецкий және басқалар болды.
Алматы өңірінің электр энергиясы тапшылығын бастан кешіп отырғаны көптен мәлім. Мұқтаждық шамамен 700 МВт-ға тең. Осы ретте “Жетісу” ӘКК шағын СЭС-тер мен жел электр стансаларын салу жөнінде бірқатар жобаларды алға тартып, бұл бағытты 2010 жылдың басымдығына жатқызды. Бағдарламаны таныстырған “Энергия Семиречья” ЖШС (“Жетісу” ӘКК-нің еншілес компаниясы) бас директоры Ахат Календаревтің айтуынша, Алматы облысында Қазақстанның тау өзендері гидроқуат ресурстарының 65 пайызы шоғырланған. “Казгидро” институтының бағамдауына сәйкес су-электр стансаларын салуға болатын тау өзендері мен гидроқұрылыстардың телімдері анықталған.
Сонымен қатар, облыс жел-электр стансаларын салу жөнінде бүкіл әлем бойынша бірегей мүмкіндіктерге ие. Бұл дегеніңіз – Жоңғар қақпасы және Шелек дәлізі. Бұлар желдік сипаттамалары жөнінде келешегі аса зор алаңдар болып табылады. Жоңғар қақпасындағы бос жатқан жерлер жалпы қуаты 1000 МВт-тан астам жел-электр стансасын өркендетуге мүмкіндік береді. Жел генераторлары өндірісінің осызамандық технологиялары электр стансасын бәсекелі бағалар бойынша салуға жағдай жасап, осы ретте айтарлықтай сапалы өнім – өңірлік және ұлттық жүйелік операторлардың талап үдесінен шығатын электр энергиясын өндіре алады. Алматы облысында салынатын энергия өндіретін нысандар, солардың ішінде шағын СЭС-тер мен жел-электр стансалары өңірдің энергия тапшылығын айтарлықтай азайтады деп күтілуде. Шалғайдағы фермер шаруашылықтарының және ауыл-кенттерді электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында “Жетісу” ӘКК шағын СЭС-тер құрылысын салатын біріккен кәсіпорындар құру мүмкіндігін қарастыруда.
Таныстырылымнан соң депутаттар облыстың Қырбалтабай ауылына келді. Онда “Жетісу” ӘКК ерітінділер құюға арналған медициналық жүйелер өндіретін зауыт салып жатыр екен. Корпорацияның әріптесі “Алко-Мед” ЖШС көп ұзамай республикада бірінші болып медициналық жүйелер және бір реттік шприцтер жасау жөніндегі зауытты іске қоспақшы. Жоба үш жылда пайдаға шығады. Бүгін таңда Қазақстанның бір реттік жүйелерге деген жылдық сұранысы 30 миллион дана екен. Кәсіпорында 165 адам жұмыс істейтін болады. Олардың бәрі жергілікті ауылдардың тұрғындары. Солардың ішінен 35-і шетелде оқып, тәжірибе алып келген. Сонымен, нысанды іске қосу басталған жылдың бірінші тоқсанына белгіленіп отыр.
Депутаттар тобы бұдан соң жұмыс істеп жатқан өндіріске келді. Бұл – ет және шұжық өнімдерін өңдеу жөніндегі өндірістік-логистикалық кешен. Ет өңдейтін кешен Қазақ тұтынушылар кооперациясының 1995 жылдан бері бос тұрған ет комбинатының негізінде осыдан үш ай бұрын жұмыс істей бастаған. Бүгінде кешен тәулігіне 55 аталымдағы 7 тонна ет және шұжық өнімдерін өндіруде. Үш жыл ішінде қуаттылықты 25 тоннаға жеткізу жоспарланған.
“Бұл өнімдер Алматының ішкі базарларына рыноктағыдан 25-30 пайыз төмен бағамен түсуде. Кәсіпорынның жастығына қарамастан, “ЖетісуАгро” фирмалық қалталарына салынған біздің өнімдерімізді оңтүстік астананың және облыстың базарларында жақсы біледі әрі күтіп отырады. “Жетісу” ӘКК бізге 200 миллион теңге мөлшерінде айналымдық қаржы берді. Мұның өзі жаңа жабдық сатып алып, өндірісті кеңейтуге септесті. Біз 500 тонна ет және 1000 тонна көкөніс сыятын өз қоймаларымызды жөндеп, жаңа тоңазытқыш жабдықпен жарақтандырдық. Көп ұзамай көкөністерді сұрыптайтын, жуатын және қалталарға салатын желіні іске қоспақпыз”, – дейді кәсіпорын басшысы Алексей Зырянов. Бүгіннің өзінде мұнда 185 адам еңбек етеді. Алда ашылар сауда нүктелерін ескергенде жұмыс орны 250-ге дейін жеткізілмек.
Бұдан әрі “Жетісу” ӘКК тұралап жатқан жерінен көтеріп қатарға қосқан “Тұскиіз” мақта-мата орталығына жол түсті. Мұнда қосымша 430 жұмыс орны ашылмақшы. ӘКК кәсіпорынның 50 миллион теңге мөлшеріндегі қарызын төлеп, ғимаратты жөндеуге 20 миллионнан астам теңге салды. Толық қалпына келтірілген нысан өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Қала шегіндегі Сейфуллин көшесінің бойына орналасқан 4500 шаршы метр өндірістік аумақта тау шаңғысы және балалар киімдері, ерлер жейделері мен басқа да өнімдер шығарылмақшы.
Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ассоциациясының президенті Любовь Худова “Тұскиіз” мақта-мата орталығы құрылуының шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудағы нақты қадам екендігіне тоқталды. Осынау әлеуметтік мәнді жоба өндіріс жағдайларын оңайлатады. Бұл, ең алдымен, отандық өнімнің өзіндік құнын кемітеді. Шағын өндірістік компаниялардың жекелеген ғимараттарды жалға алуы, қызметші штаттар ұстауы, коммуналдық ақы төлеуі қиынға соқпақ. Ал “Жетісу” ӘКК болса, компаниялардың екі жыл жалдық ақысын төлемей жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Л.Худова мұның өзі отандық өндірушілер үшін үлкен көмек екендігін атап көрсетті. Оның пікірінше, орталықтың құрылуы мақта-маташылардың тендерге қатыспай, тиісінше тұтынушылар талабына сай кең ауқымда жұмыс істеп, ішкі рынокты толтырып, кеңейтуіне жағдай жасамақ.
“Мұнда біз нақты әрі пайдалы істі көрдік. Өндіріске үлкен ақшалар салынып жатқаны айғақталып тұр. Ілгері басқандық айқын сезіледі. Осының бәрі қуантып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру жөніндегі идеяның әуел бастан дұрыс болғандығын көрсетіп беруде. Атап айтқанда, “Жетісу” ӘКК-де жанды өндіріс, бәсекеге қабілетті өнім бар болып шықты. Оның сапалық стандарттары қалыптасып қалған, бағалары рыноктағыдан төмен. Бұл өнім Алматыда сатылып, баға құрауға өз әсерін тигізуде. Дағдарыстың қиын жағдайында біздің азаматтарымызға тамақ өнімдерінің сапасы мен иманжүзді бағасынан артық не керек? Осы сапарда көргендердің бәрі депутаттық корпусқа ӘКК проблемаларына неғұрлым оң тұрғыдан қарауға көмектеседі деп ойлаймын. Мұның бәрі, әлбетте, ӘКК туралы заң жобасымен жұмыс істеген кезде ескерілмей қоймайды. Осы орайда ең алдымен заңнамалық негіз жасау тұрғысында біз бірден-бір дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз”, деп атап көрсетті Сергей Дьяченко.
Иә, депутаттар жақсыны көрді, жаңа ойларға кенеулі азық алды. Ал ел мен жердің тағы бір құтына айналып отырған “Жетісу” ӘКК-нің атқарушы директоры Арыстанбек Тәниевтің пайымдауына жүгінсек, корпорацияның инвестициялық саясаты халыққа қажетті өзекті мәселелерге – Алматы азық-түлік белдеуін құруға, энергетикалық индустриялық-инновациялық жобаларға бағдарланған. Әрине, олар өз кезегінде депутаттар корпусынан қолдау табуға мүдделі. Өйткені, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің неғұрлым белсенді жүзеге асуына кедергі жасап отырған проблемалар да жоқ емес. Осы түйткілдердің шешілуі арнайы заңнамалық негіздің болуын талап етеді. Бұл – өмірдің өз талабы.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы облысы.
ТҰРҒЫНДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ
Мәжіліс депутаттары Бекен Әлімжанов, Аманжол Жазин және Жексенбай Дүйсебаев Ақмола облысының бернеше аудандарында болып, тұрғындармен жүздесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Атбасар, Жақсы, Есіл және Жарқайың аудандарының еңбек ұжымдарымен және тұрғындарымен болған кездесулерде депутаттар елдің қазіргі жағдайы туралы, қаржы дағдарысынан шығу үшін жасалған іс-шаралар жөнінде әңгімелеп берді. “2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңның басты бағыттары мен “Жол картасы” бағдарламасының биылғы жылы да жалғасын табатыны жайлы түсінік берді.
Тұрғындар былтыр жиналған бидайдың бағасы мен оны өткізудің тәртібі туралы сұрады. Сайлаушылар автокөлік жолдарын жөндеу, жеке адамдардың малдарын жаюға арналған жайылым көлемін ұлғайту, телефон байланысын жақсарту мәселелерін көтерді.
Депутаттар Атбасар ауданының Новоалександров ауылдық округінде болғанда “Бастау” ЖШС-нің қой шаруашылығы мен ірі қара ұстайтын кешенінің жұмысымен танысты. Депутаттар ауылдық жерлерде қазіргі талаптарға жауап беретін елді мекендердің әлеуметтік мәселелерін де шешуге ықпал етіп отырған мал шаруашылығын дамыту орталықтары қалыптаса бастағанына көз жеткізді.
“ТОБЫЛ” ҚАШАН ТАБЫС ТАБАДЫ?
Ел Парламентіне Қостанай өңірінен сайланған бір топ депутат “Тобыл” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында болды. “Тобыл” ӘКК басқармасының төрағасы Марат Төлібаев депутаттарды құрылымның бүгінгі іске асырып отырған жобаларымен және алдағы жоспарларымен таныстырды. Құрылғанына екі жыл болған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның инвестициялық қоржынында бүгінде қатар жатқан Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жүзеге асырылатын 26 жоба бар. Олардың жалпы құны 132 миллиард теңгеден артық.
“Тобылдың” қаржылай қолдауымен облыста бірнеше жоба жұмыс істеп те кетті. Мысалы, үстіміздегі жылы шілдеде ашылған “Жітіқара асфальт зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 9 мың тонна асфальт және қиыршық тас шығарды. Толығымен автоматтандырылған зауытта 15 адам жұмыс істейді. Бұл зауыт облыстың батысындағы үш ауданды өз өнімімен қамтамасыз етеді.
ИП 212-45 өрт хабарлағышын жасап шығару үшін “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің Рудный оқу-өндірістік кәсіпорнымен бірлескен жоба жасалды. Жақын уақытта өнім өндіріле бастайды. Сонымен қатар, корпорация Қостанай байпақ басу фабрикасына 100 миллион теңге инвестиция құйды. Соның арқасында кәсіпорын жылына 260 мың парға дейін жылы аяқкиім шығарып, өндіріс аясын кеңейтуге мүмкіндік алып отыр. “Тобыл” ӘКК өңірде жүзеге асыратын ірі жобаның бірі Құсмұрын қоңыр көмір кен орны базасында Торғай жылу-электр стансасының құрылысы болмақ. Ол үшін де қазір қаржы көздерін іздестіру ісі жүргізілуде. Негізі корпорация өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында 11 жобаны жүзеге асырмақ. Ал бес жоба пайдалы қазбаларды зерттеу және өндіру саласында жер қойнауын пайдалану құқын алу сатысында тұр. Кен өндіру саласындағы он жоба еліміздегі индустрияландырудың басым бағыттары шеңберінде дайындалуда.
“Тобыл” ӘКК басқарма басшысы осындай ірі көлемдегі жұмыс жоспарларын жайып салғанымен, оған Парламент депутаттары тарапынан қойылған сауалдар да аз болмады. Екі жылдан бері бюджет қаржысы жұмсалды, ал табыс бар ма? Оның басты табысы әр жоба шеңберінде кәсіпорындардың қалтқысыз жұмыс істеп кетуі болмақ. Ал түскен пайдаға келесі жоба жасалынбақ. Дегенмен, ӘКК қолына бюджет қаржысын ұстап, бизнеске мемлекет өкілі ретінде қатысқанымен, іс жүргізу барысында кездесетін қиындықтар жеткілікті. Олардың қатарында заң, құқықтық мәселелер, мемлекеттік мүлік, жер, қазба байлығын алудағы әлі де жетілдіре түсуді қажет ететін механизм талаптары көп. ӘКК қызметкерлерінің алып отырған айлық жалақысының тым жоғары екені де депутаттар назарынан тыс қалмады.
Өңір экономикасының локомотиві болады деген әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрылымының проблемалық мәселелері ортаға салынды. Сенатор Евгений Аман тек “Тобыл” ғана емес, жалпы Қазақстанда құрылған ӘКК-лер еліміз экономикасын көтеруде тиімді-тиімсіз екендігін, оның проблемаларын талқылау үшін алдағы уақытта осы құрылым басшыларын Парламент депутаттары тыңдайтынын да ескертті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы.
ЖАСТАР ҚАРСЫ, ҮЛКЕНДЕР НАРАЗЫ
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында комитеттің атына отандық фильмдерге қатысты “Азамат” жастар клубынан келіп түскен хат талқыға салынды.
Қарашаның 23-інде Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” ұлттық киностудиясына барған Мемлекет басшысы, партиямыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақ киносы отансүйгіштікті дәріптеп, елшіл, жершіл ұрпақты тәрбиелеуге атсалысуы керек. Яғни, ұлттық кинодан ұлттық идея, ұлт мұраты сезіліп тұруы тиіс”, – деп бүгінгі алаш баласының көкейінде көптен жүрген ойды дөп басты. Елбасы дақпырты жер жарған “Көшпенділер” фильмінен түк шықпағандығын да атап көрсетті. Жалпы, біздіңше, қазіргі қазақ киносының тағдыры алаңдатарлықтай жағдайда. Әсіресе, кейінгі уақытта бұқара тарапынан қазақ киносының көркемдік сапасы мен рухани деңгейіне деген наразылық күш алып келеді. Халқымыздың ұлттық намысын қорлаған, тарихымызды бұрмалап, азғындықты, ұятсыздықты арқау еткен фильмдер жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптап барады.
Басы “Бораттан” басталған бұл масқара үрдіс толастар емес. Қазаққа заты түгіл аты жат арсыздықтарды насихаттайтын фильмдердің жарнамасы теледидардан ашық көрсетіліп, ұрпақ санасын улауда. “Оскар” сыйлығына ұсынылып жатқан “Келін” фильмінде көзіне түскен еркекпен қатынасқа түсе беретін зинақор әйелдің әрекеті бейнеленген. Малмен жыныстық қатынасқа түсу секілді ел намысын қорлайтын ұятсыз көріністерге толы фильмнің мадақшыларын басқа тілдегі басылымдар жарыса жариялап жатыр. “Тюльпан” фильмінде қоғам шындығы деген желеумен елді мазақ ететін дәрет сындырған сорақы көріністер, “Қарой” фильмінде туғалы жатқан екіқабат әйелді зорлау, “Әке қорлығы” дейтін фильмде туған қызын зорлаған әке сюжеттерге өзек болған.
Сонда кино арқылы ұлт мұратын, елдік идеяны насихаттау туралы Елбасы тапсырмасы осындай сорақылықтармен іске аспақ па?! Бүгін Ресей фильмдерінде кадеттерді ұлықтау, милиция қызметкерлерінің мерейін өсіру секілді елдік мәселелер қолға алынып жатса, біздің сабаздар “Кайрат девственник” дейтін фильм шығарып, “Я мальчика хочу”деп басын ұстаған педофильдікті, сыңқылдаған қызтеке – көгілдірді, нәпсісі қозған арсыздықты жалаулатып жанымызды түршіктіруде.
Мұндай бассыздыққа тоқтау бола ма?
Нұрлан ӨнербАй, Мәжіліс депутаты.
Дода
ПАРЛАМЕНТШІ ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛҒАН ТУРНИР
Парламент қабырғасында 1996-1999 жылдары Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары болған Василий Осиповтің 70 жылдығына арналған жедел ойнау түрі бойынша шахматтан турнир болып өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Бұл турнирге 12 адам қатысты. Жарыс қорытындысында 12 ойыннан 9 ұпай жинаған Парламенттің Инженерлік орталығының сектор меңгерушісі Марат Қожахметов жеңімпаз атанды. Мәжіліс депутаты Валерий Вишниченко екінші орынды иеленсе, Парламенттің Автокөлік шаруашылығының колонна бастығы Қадырхан Ерғалиев үшінші орынды жеңіп алды.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖОЛЫНДА
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Отырыста Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев “Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы 2003 жылғы 25 желтоқсандағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобасы жайында баяндап, оны комитет мүшелері қолдады.
Энергетика және минералдық ресурстар министрінің орынбасары Әсет Мағауов комитет мүшелеріне Мемлекет басшысының 2007-2008 жылдардағы Қазақстан халқына Жолдауларын жүзеге асыру шеңберінде атом энергетикасының негізін құру, ядролық энергетика саласын дамыту бағытында белсенді жұмыстар жүргізу үшін жоспарланып, жедел қаралуға тиісті заң жобалары туралы айтып берді.
1994 жылы Венада қабылданған “Ядролық қауіпсіздік туралы конвенция” – ядролық қондырғылар қауіпсіздігіне тікелей арналған алғашқы халықаралық құқықтық құжат. Оған бүгінде 65 мемлекет қатысып отыр. Қазақстан конвенцияға 1996 жылы қол қойған.
Конвенция ядролық қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне қол жеткізуге, жекелеген адамдарды, тұтас қоғамды және қоршаған ортаны мұндай қондырғылардан шығатын иондаушы сәулелердің зиянды әсерінен қорғау үшін радиациялық қауіптен қорғаудың тиімді құралдарын жасауға және оларды ядролық қондырғыларда қалыптастыруға, сондай-ақ, радиологиялық салдары бар аварияларды болдырмауға бағытталған.
Мұндай конвенцияны ратификациялау елімізде халықаралық стандарттарға сәйкес ядролық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін ұйымдастыру үшін жағдай туғызады.
Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек туралы конвенция аталған апаттар орын алған жағдайда олардың зардаптарын азайту үшін және радиоактивті қалдықтар әсерінен өмірді, мүлікті және қоршаған ортаны қорғауға кідіріссіз көмек беруге жәрдемдесу мақсатында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.