16 Қаңтар, 2010

ҚАЗАҚ ӨНЕРІНЕ ЕУРОПА ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ҚОЛ СОҚТЫ

2673 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Сәрсенбінің сәті, 13 қаңтарда Вена қаласындағы тарихи орындардың бірі – Хофбург сарайының концерт залында Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету жауапты қызметіне кірісу салтанатына арналған Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті болды. Концертті Австрияда тіркелген шетелдік елшіліктердің басшылары мен қызметкерлері, Австрияның көрнекті тұлғалары, Еуропаның бірқатар елдерінде тұрып жатқан қазақ қандастарымыз, сондай-ақ Вена қаласының талғампаз тұрғындары тамашалады. Мерекелік айтулы шараны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Австрияның Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі министрі Михаэль Шпинделеггер сөз сөйлеп ашты. Гала-концерт алдында Қазақстан өнер шеберлері гала-кон­цер­тінің басталуы кешкі сағат 19.00-ге белгіленген еді. Концерт басталуға тура бір сағат қалғанда осы Хофбург сарайы­ның Антекаммер залында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың австриялық нұсқада жарық көрген “Қазақстандық жол” кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Рәсімде Қазақ­стан Республикасының Мемлекеттік хат­ш­ысы – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаев сөз сөйлеп, жиналған жұрт­шы­лықты кітаптың мазмұнымен, Қазақстан Президентінің басшылығымен елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұ­мыс­тармен таныстырып өтті. Рәсімде, сон­дай-ақ бірқатар австриялық тұлғалар да сөз алып, Қазақстан Президентінің “Қа­зақстандық жол” кітабына жоғары баға берді және Қазақстан Республика­сы­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қызметіне кірісуімен құттықтап, табыстар тіледі. Тұсаукесер рәсімі аяқталған соң, оған қатысушылар кең де жарық Фест концерт залынан орын ала бастады. Бұл кезде зал іші қалың қауымға лық толып тұрған еді. Сағат тілі дәл 19.00-ді соққанда, концертті жүргізушілер жиналған қауымға қазақ және ағылшын тілдерінде Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету қызметіне кірісу салтанатына арналған Қазақстан өнер шеберлерінің концертіне хош келгендерін хабарлап, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа сөз берді. Бүгін Қазақстан үшін жұлдызды сәт туды, деді Қанат Саудабаев гала-концертті ашардағы сөйлеген сөзінде. Тәуелсіздік ал­ғанына 18 жыл толған еліміз беделді ха­лық­аралық ұйым – Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымына төр­аға­лық ету қызметін бастап отыр. Тарих үшін он се­гіз жыл онша ұзақ уақыт емес. Осы жыл­дар ішінде Қазақстан саяси-қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық реформа­лар­ды табысты жүзеге асырды. Ұлттық көш­басшы ретінде танылған Пре­зидент Нұр­сұлтан Назарбаевтың жүргізген саяса­тының нә­тижесінде Қазақстан әлем­дік қо­ғам­дастықтың сенімді әріптесі бо­лып танылды. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрінің атап өткеніндей, Елбасының саясаты мен әлемге танымал беделінің ар­қасында Қазақстанды 2007 жылы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің барлығы бірауыздан қол­дап, Ұйымның 2010 жылғы төраға­лы­ғын сеніп тап­сырды. Төрағалық Қазақ­стан­ға зор жауап­кершілік жүктейді. Еліміз төрағалық ету барысында бұған дейінгі төрағалардың қолға алған іс-шараларын жалғастыра оты­рып, Ұйымның қызметін дамытуға күш са­ла­тын болады. Австрия біздің елімізді Ұйым­ға төрағалық етуі кезінде де қолдау білдіреді. Сөзінің соңында Қанат Бекмырзаұлы қазақтың “Қонаққа сыйлықпен бар” де­ген мәтелін келтіре келіп, қонақтарды қа­зақ­стандық өнер шеберлерінің концертін тамашалауға шақырды. Ал Австрияның Еуропалық және халықаралық істер жө­нін­дегі министрі Михаэль Шпинделеггер Қа­зақстан мен Австрия арасындағы бай­ланыстарға тоқталып өтіп, ЕҚЫҰ төр­аға­лы­ғы қызметіне кіріскен Қазақстанның бұл жауапкершілігі зор міндетті ойдағыдай атқаратынына және екі елдің өзара бай­ла­ныстары алдағы уақытта да дами бе­ретіндігіне сенімді екенін білдірді. “Көңілашардан” “Сарыарқаға” дейін Қазақтың өнер шеберлері гастрольдік сапарлармен алыс-жақын шет елдерге шығып жүр. Әсіресе, соңғы жеті-сегіз жыл бедерінде қазақстандық өнерпаздар­дың шет мемлекеттер сахналарында өнер көрсетулері жиілей түсті. Мысалы, өткен жылдың желтоқсанында қазақстандық өнер шеберлері Берлин қаласында болып, неміс жұртын өз өнерлерімен тәнті етіп қайтты. Енді, міне, Кәрі құрлықтағы ір­ге­лі елдің бірі – Австрия астанасына ар­найы келіп отыр. Бұл келістің орны да, жөні де бөлек. Бөлек болатын себебі, жо­ғарыда атап өткеніміздей, бұл жолы олар еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығы қызметіне кірісу салтанатына арналған концерттік сапармен келді. Сонымен... Зал толы жұртшылыққа байқатпаған кейіпте қарап қоямыз. Талай дүлдүлдер мен бұлбұлдардың әнін тыңдап, өнеріне куә болған дипломатиялық миссиялардың өкілдері мен талғампаз Вена тұрғындары сахна төріне жайғасқан қазақтың ұлттық киімдерін киіп, қолдарына музыкалық аспап-құралдар ұстаған өнерпаздарға қызыға қарайды. Қарайды да, бір-бірімен күбірлесе сөйлеседі. Ал біз болсақ, қайта қараймыз. Сол көрініс... Гала-концерт Түркештің “Көңілашар” күйімен басталды. Оны Қазақстан Рес­пуб­ликасының еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібайдың дирижерлік етуімен Қазақ мемлекеттік Құрманғазы атындағы ака­демиялық халық аспаптары оркестрі­нің ұжымы орындады. Домбыра үніне неше түрлі аспаптың үні қосылғанда, кере­мет­тей әсерде боласың, көңіл-күйің бірте-бірте көтеріліп, шабыттана, шаттана түсесің. Күй шетелдік қонақтарға да ке­ре­меттей әсер еткен болуы керек, дири­жердің таяқшасы жоғары көтеріліп барып тоқтағанда, зал толы көпшілік дуылдата қол соғып, оркестр ұжымына зор қошемет көрсетіп жатты. Келесі кезекте Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің “Абай” операсындағы “Тойбастарын” танымал әншілер Азамат Жылтыркөзов пен Айгүл Ниязова және Құр­манғазы атындағы академиялық оркестр мен Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының хоры орындады. Екі әнші де қазіргі кезде нағыз бабына келіп, ән өнерінің шыңына өрлеп бара жатқандарын осы жолы тағы бір көрсетті. Оркестр де, хор мүшелері де Аза­мат пен Айгүлдің тебірене айтқан әні­не қажет жерінде қосыла кетіп, “Той­бас­тар­дың” көпшілік көңілінен шығуына ба­рынша демеу көрсетіп отырды. Бұл қойы­лым­ның сәтті шыққаны соншалық, ән аяқ­тала салысымен дуылдата қол соғы­лып, өнер шеберлеріне барынша ризашы­лық танытылды. Кейбір шетелдік қонақ­тардың орындарынан тұрып, оларға ерек­ше құрмет көрсетіп жатқандарын да көріп қалдық. “Абай” операсындағы “Тойбастар” ариясының Еуропа төрінде, оның ішінде ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтері орналасқан Вена қаласында орындалуы жайдан-жай бол­ма­са керек. Біздің пайымдауымызша, “Той­бас­тардың” бұл жерде орындалуы Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету тойы­ның басталғанын білдіріп тұрғандай. Бел­гілі күйшілер Ғалым Ахмедияров, Ай­тол­қын Тоқтаған және Нұркен Әшіров нағыз нәшіне келтіріп орындаған “Күй шашу” да қалың қауымға үлкен әсер қалдырды. Әсіресе, күйшілердің бірінің тартқанын екін­шісі жалғастырып әкетуі көпшілікті ерекше қызықтыра түсті. Ал Айгүл Қоса­но­ваның орындауындағы Мұхиттың “Ай­нам­көз” әні де әсерлі әрі тамаша шықты. Өнер атаулыны бағалай білетін, оны қадір тұтатын талғампаз Еуропа жұрт­шы­лығына орындалу мақамымен даралана түскен әннің бірі – Біржан салдың “Айт­байы” десек, қателесе қоймаспыз. Оны орындаған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы халық әні кафе­дра­сының студенті Ахат Кенжебаев келе­ше­гінен үлкен үміт күттіретін жастың бірі екен. Қазірдің өзінде ол республикалық және халықаралық конкурстардың лау­реаты атанып үлгеріпті. Осы жолы оның дауысының кеңдігі мен саздылығына концертті тамашалаушылар әбден-ақ тән­ті болды. Жасыл желек жамылған Көк­шетау өңірі, қаз-үйрегі ұшқан сексен көл, жұ­пар иісі аңқыған сайын дала көз алды­ңа келіп, кеудеңді сағыныш пен мақта­ныш кернейді. Жалпы, Асхат Кенжебаев шырқаған атақты әнші Біржан салдың “Айтбайы” еуропалықтарды қазақтың нағыз өнерлі де өнерпаз, кең тынысты халық екенін мойындатқандай болды. Гала-концерттің бірінші бөлімінде көп­шілік қауым, сондай-ақ қазақтың Құр­манғазы атындағы мемлекеттік акаде­мия­лық халық аспаптары оркестрі орын­да­ған И.Брамстің “Венгр биі” мен осы ор­кестрдің орындауындағы Құрманғазы­ның “Сарыарқа” күйін және белгілі әншілер Айгүл Ниязова, Бибігүл Жанұзақ пен Жәмила Жарқымбаеваның орын­дауын­дағы Латиф Хамидидің “Қазақ валь­сін” қызыға тыңдады. Оркестр де, аталған үш әнші де өз нөмірлерін жоғары дең­гей­де асқан жауапкершілікпен орындап шық­ты. Әсіресе, жиналған қауым “Сары­арқа” күйінің орындалу мәнеріне там­санып отырды. Бибігүлдің, Жәмиланың, Айгүлдің кең тынысты ашық дауысы да оларды тәнті етті. Бұған концертті тама­ша­лап отырған көпшіліктің қол соғып, құрмет көрсетулері нақты дәлел болады. “Қазақ елінде жүргендей сезіндім” Осы гала-концертке кезінде түрлі жағ­дайлармен Еуропада тұрақтап қалған біраз қандастарымыз да арнайы келген екен. Сәті түскенде олардың бірнешеуімен әң­гі­мелескен едік. Солардың бірі – қазіргі кезде Голландияның астанасы – Амстер­дам қаласында тұратын Қабай Қыран де­ген азамат. Таныстықтан соң ол өзінің жү­рекжарды қуанышын былайша жеткізді: – Вена қаласында Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтеді дегенді ес­ті­генде тағат тауып отыра алмадым. Ұшаққа алдын ала билет алып, кеше осы Вена қа­ласына келдім. Міне, бүгін өзіміз күн сайын сағынатын атажұртым – Қазақ­станнан келген әншілер мен күйшілердің концертін тамашалап, марқайып жүрген жайым бар. Жаңа “Сарыарқа” күйін тыңдап отырып, көзіме жас келді. Өзімді Қазақ елін, қазақ даласын аралап жүр­ген­дей сезіндім. Австрияның мына тарихи ор­нында қазақтың әні мен күйін тың­датқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа зор алғыс айтамын. Сол кісінің арқасында Қазақ елін бүкіл дүние жүзі таныды. Енді Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы­на төрағалық етуді бастады. Бұл биік мәртебе – атажұрттан алыста жүрген біздерге өте үлкен мақтаныш. Тағы бір жолыққан қандасымыз осы Вена қаласында тұратын Қызырхан Шол­пан болды. Елуді еңсеріп қалған Қы­зыр­хан Вена қаласындағы Қазақ қоғамының төрағасы екен. – Сыртта жүрген қазақтарға бұл – аса үлкен қуаныш, мереке, – деді ол қуа­нышты көңіл-күйде. – Концерт тамаша өтіп жатыр. Байқаған шығарсыз, оған жиналғандар қазақтардың өнеріне там­са­нып, қайта-қайта қол соғып отырғанын. Бұл біз үшін бақыт, зор қуаныш. Жаңа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың “Қазақстандық жол” кіта­бы­ның тұсаукесеріне де қатыстым. Оншақты данасын алдым. Оны осы қалада тұратын қазақтарға таратып беремін. Оқысын, таныссын. Атажұртымыздың қандай дәрежеге жеткенін білсін. Қызырхан Шолпанның айтуынша, тек осы Вена қаласында 30-дан астам қазақ отбасы тұрады. Барлығы жұмыс істеп жүр­ген көрінеді. Австрияның жоғары оқу орындарында оқып жатқан балалары да баршылық екен. Сондай-ақ ол осы жылдың мамыр айында, Венада Еуропа қазақтарының құрылтайын және футбол­дан турнир өткізуді жоспарлап отырғанын айтып қалды. Ондағы мақсат – Еуропада тұратын қазақтардың бір-бірімен таны­сып-білісулеріне жағдай туғызу. Бұрын Еуропаның 10 елінде қазақтардың қоғамы бөлек-бөлек жұмыс істеген екен. Өткен жылы олар бір орталықтан басқарылатын Еуропадағы қазақ диаспорасының феде­ра­циясы болып қайта құрылыпты. Өнердің биік шыңы – опера Қазақстан Республикасының Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету қызметіне кірісу салтанатына арналған Қазақстан өнер шеберлері гала-концертінің екінші бөлімі Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опе­ра және балет театрының симфониялық оркестрі мен хоры және Қазақстан опера шеберлерінің өнер көрсетулерімен әрі қарай жалғасты. Алдымен аталған театр­дың сим­фониялық оркестрі композитор Тілес Қа­жығалиевтің “Қыз қууын” Алан Бөрі­баевтың дирижерлік етуі бойынша орындап, көпшілікке қол соқтырды. Бұл да бір сәтті орындалған шығармалардың бірі болды. Осы тұста айта кетейік, дарынды дири­жер Алан Бөрібаевтың дирижерлік етуі ерекшеленіп тұрды. Қимыл-қозға­лысы, барлығы бір-бірімен астасып, толы­сып шығып отырды. Қазіргі кезде Алан Бөрібаев Қазақстанның, қазақтың атын алыс-жақын шетелдерге шығарып жүрген өнер шеберлерінің бірі саналады. Жас та болса жеткен жетістіктері мен бағын­дыр­ған биіктері аз емес. Қазақтың дарынды дирижерінің өнері алдында Швеция, Ни­дерландының симфониялық оркестрлері бір көргеннен-ақ бас иіп, оның дарын­ды­лы­ғын мойындаған. Бүгінде ол Швеция­ның Норчепинг симфониялық оркес­трі­нің және Нидерланды Корольдігіндегі Барабант симфониялық оркестрінің бас дирижері болып істейді. Қазақстандық өнер шеберлерінің алыс-жақын шет елдердегі мәдени ша­ра­лары Қазақстанның халық әртісі Әлібек Дінішевтің қатысуынсыз өтуі өте сирек. Біртуар әншіні көпшілікке таныстырып жату шынында да артықтау. Оған қазақ­стандықтар ғана емес, шетелдік тыңдар­ман қауым да баяғыда бағасын беріп қойған. Бұл жолы Әлібек Дінішев екі ән орындады. Алғашқысы қазақтың халық әні “Ақбақай”, ал екіншісі италиялық Л.Денцаның “Алтыбақанда” әні. Екі әнді де Әлібек Дінішев асқан шеберлікпен, шыңына жеткізе орындап, жиналған қауымға ұзақ қол соқтырды. Тіпті, біраз уақытқа дейін сахнадан жібермей тұрып алды. Әннің, оны орындаған әнші дауысының құдіреттілігі болса керек бұл. Кезінде ұмытылуға шақ қалған байыр­ғы ұлттық музыка аспаптарымыздың бірі – қобыз үні қазіргі кезде қайта жаңғыра бастады. Дәлірек айтқанда, қасиетті қобыз үні қайта естіле бастады. Онымен қобыз­шы­ларымыз еліміздің ғана емес, шетел­дер­дің де сахналарында шығармалар орын­дап жүр. Қолдарына қобыз ұстап, қазақтың бүрмелі көйлектерін киген үш қыз – қобызшылар триосы Гүлзия Стам­бек, Әсел Нұркенова және Эльмира Ахме­диярова сахна төріне шыға келгенде, қол соқпаған адам қалмады. Олар орындаған қазақтың және Еуропаның танымал аспаптық әуендері композициясын жи­налған қауым аса зейін қойып, зор ықы­ласпен тыңдады. Осылайша, еуропалық­тар қазақтың қасиетті қобызының ға­жайып үнін көздерімен көре отырып тыңдады, қобыз сарынына елтіді. Қобызшылар триосымен қысқаша таныстыра кетсек, артық болмас. Ол – ха­лықаралық және республикалық кон­курстардың лауреаттарынан құралған біре­гей ансамбль. Оның құрамына прима-қобыз аспабында ойнайтын жоғарыда аты-жөндері аталған қобызшы-әртістер енген. Прима-қобыз – қазақтың ежелгі қылқобыз аспабының жаңартылған үлгісі. Ал ұжымның репертуарында отандық және батысеуропалық классиктердің шығармалары бар. Бұдан кейін көпшілік баритон дауыс­тағы танымал әншілер Талғат Мұсабаев пен Жаннат Бақтайдың орындауында Дж.Вердидің “Трубадур” операсынан Граф ди Луна мен Леонараның дуэтін тың­дады. Қос әншіге де тыңдармандар тарапынан ерекше құрмет көрсетілді. Жаннат Бақтай да, Талғат Мұсабаев та К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі. Театрдағы қойылымдардың барлығы осы екі әншінің қатысуынсыз өтпейді. Жан­нат­тың репертуарында қазақ компо­зи­тор­лары­ның туындылары мен халық әндері­нің алатын орны бөлек. Ал Талғаттың шығармашылығында опера жанры ерекше маңызға ие. Оның есімі бүгінде қазақ опера өнерінің жарқырап келе жатқан жарық жұлдыздарының бірегейі саналады. Жалпы, еуропалықтар операны ерек­ше бағалап, ұйып тыңдайтындары Қазақ­стан өнер шеберлерінің концерті бары­сында тағы байқалды. Мысалы, Сим­фо­ниялық оркестр мен театр хоры ұжым­дары ұсынған Р.Вагнердің “Тангейзер” операсынан көріністер мен Қазақ мемлекеттік консерваториясының түлегі, бүгінде Германияда өнер көрсетіп жүрген үздік пианистердің бірі Әмір Тебенихин орындаған Ф.Шопеннің “Вальс Es dur op. 18” туындысы көпшілікті барынша тәнті етті. Сондай-ақ белгілі дирижер Абзал Мұхитдиновтің дирижерлік етуімен та­ны­мал әнші Нұрлан Бекмұхамбетов орын­даған Г.Донецеттидің “Махаббат сусыны” операсындағы Неморино романсы да концертті тамашалаушылар тарапынан жылы қабылданды. Әншінің айтулы шетелдік сахналардан жиі көрініп жүруі осы жолы да айқын аңғарылды. Концерттің соңына таман Әмір Би­сенғалиев, Шернияз Мұсахан, Ержан Күлібаев, Нұрия Кәрімбаева және Инара Жұмабекова скрипкамен К.Сен-Санстің “Рондо каприччиозо” туындысын орын­даған болатын. Олардың орындауындағы шығарма да тыңдаушылар тарапынан ризалықпен қабылданды. Бұл бес скрип­кашы қазіргі кезде Англияның, Ресейдің, Испанияның, Германияның өнер орда­ларында шығармашылықтарын шыңдап жатыр екен. Олардың бесеуі де мемле­кет­тік “Болашақ” бағдарламасы бойынша әлем­нің ең үздік жоғары оқу орындарын­да білім алған жастар. Болашақта олар ұлт­тық өнерімізді әлемнің озық туын­ды­ла­рымен үндестіріп, оны дүние жүзінің халықтарына танытады деген сенімдеміз. Алдағы уақытта бұл жастар Марат Бисен­ғалиевтің, Айман Мұсақожаеваның ізін әрі қарай жалғастыратын өнер шеберлері болатындарына сенім артқан жөн шығар. Талғампаз Еуропа жұртшылығы, сон­дай-ақ баритон дауысты Азамат Жыл­тыр­кө­зов, Андрей Трегубенко және Олег Та­тамировтің орындауындағы Дж.Россини­дің “Севиль шаштаразы” операсындағы Фигаро каватинасына қол соғып, ықылас танытты. Бүгінде қазақ операсының жа­рық жұлдызына айналған, Париждің атақты сахналарында өнер көрсетіп, қазақ халқын әлемге танытып жүрген Майра Мұхамедқызы орындаған И.Кальманның “Чардош ханшайымы” операсындағы Силь­ва ариясы мен қазақтың халық әні “Гүлдерайым” жиналған жұртшылыққа ерекше әсер етті. Көпшілік әншіні қол со­ғып, сахнадан түсірмей біраз тұрды. Ал Еуропа төріндегі гала-концерт Ескендір Ха­санғалиевтің “Атамекен” әнімен қоры­тын­дыланды. Соңынан қазақстандық өнер шеберлеріне ЕҚЫҰ төрағасы, Қа­зақ­стан Республикасының Мемлекеттік хат­шысы – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаевтың атынан ықылас гүлі ұсынылды. Жалпы, Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қызметіне кірісу салтанатына арналған Штраус пен Мо­царт еліндегі қазақстандық өнер шебер­лерінің гала-концерті асқан ұйым­шыл­дық­пен табысты өтті деп айтуымызға әб­ден болады. Ол концерттің өту барысында оны тамашалаған көпшілік қауымның көңіл-күйінен, шығарманы орындаған әнші-әртістерге көрсетілген құрметтен айқын көрініп тұрды. Екіншіден, кон­церт­ке келушілердің қатары мол болғаны соншалық, отыратын бос орын болмады. Орын жетпегендіктен, адамдардың бірқатары тұрып көрді. Солардың қатарында елшіліктің қызметкерлері мен біздер, журналистер де бармыз. Ал гала-концерттің ойдағыдай өтуіне атсалысқан, оны ұтымды ұйымдастыра білген Мәдениет және ақпарат министр­лігіне, оның құрамындағы “Қазақ әуен­дері” акционерлік қоғамына, Құрманғазы атындағы оркестрдің, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының, тағы басқа өнер ұжымдарының басшы­ларына алғыс айтқан орынды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.