16 Қыркүйек, 2011

Жүздесу

416 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ҚҰЛПЫРҒАН  ҚҰЛСАРЫ Астанадан бастау алып, ел кө­лемінде жергілікті халықтың талап-тілегін тыңдап, барлық салада кө­мектесу үшін жолға шық­қан «Ме­нің Қазақстаным» үгіт-насихат пойызы бұр­нағы күні Құлсарыға келіп жетті.  Осы жерде Қанды­ағаштан бет алған по­йызды күтіп алушылар да көп болды. Пойызды асыға күткен халық алдында аудан әкімі Рахметолла Нұғыманов пен «Нұр Отан» ХДП бастауыш ұйы­мының төрағасы Мең­дібай Хайруллин сөз сөйлеп, жұрт­шылық атынан арнайы пойызды ұй­ым­дастырудың бастамашысы бол­ған Елбасына, бір айдан бері еліміздің әр өңірінде халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көмек беріп келе жатқан денсаулық, әлеуметтік қорғау, қаржы және заң саласының қызметкерлеріне алғыс сезімдерін білдірді. Иә, айтса айтқандай, төрт күн­нен бері аталған пойыздың құ­ра­мында болып, әр жерге аялдап, ха­лықтың тұрмысымен жете таны­сып, жұртшы­лыққа қолдан келгенше көмегін беріп жатқан министрліктер өкілдерінің жұмысы ел басқарып отырған азамат­тардың осын­дай  алғысына тұрарлық. Осы күні салтанатты шарадан соң, олар әдеттегідей таңертеңнен кешке дейін халыққа өз көмектерін көр­сетуді жалғастырып, іске кірісіп кетті. Мұн­да арнайы пойыз бен жылжымалы медициналық кешен және облыстың дәрігерлері аудандық ауруханада ха­лық­ты қабылдаса, басқа салалардың қызметкерлері мә­дениет үйінде зей­нетақымен қамтамасыз ету және әлеу­меттік сақ­тандыру, жұмысқа орна­ласуға көмектесу, құқықтық және заңдық кеңес беру, шағын және орта бизнесті қаржыландыру, несиелендіру бойынша кездесулер өткізді. Қабылдау бөлімдеріндегі халық санында есеп болмады. Мәселен, ау­дандық ауруханада Денсаулық сақ­тау министрлігі медициналық көмекті ұй­ым­дастыру департа­мен­тінің бас сарап­шысы Ернар Мыр­зақұловтың айтуын­ша, Қандыағаш қаласында мамандар 530 адаммен кездесіп, дәрі­герлік көмек берсе, осындағы қабыл­дауларда дәрі­гер­лер кеңес сұрап келген азамат­тардың бәріне қолда бар мүмкін­діктің бәрін жасап отырды. Ал мәдениет үйінде әлеу­меттік мәсе­ле­лерге байланысты өткен кездесуде Еңбек және халықты әлеу­меттік қор­ғау министрлігінен бөлінген маман Рау­шан Көшкінбекова азамат­тарды жұмыс­пен қамту, әлеуметтік көмек, зейнетақы мөлшеріне қатыс­ты мәсе­лелерді қарады. Осының алдында Қандыағаш қаласында оның қабыл­дауында 30 адам болған еді. Сол кездесуде министрлік ма­маны мүгедек азаматтарға 50 000 теңге көлемінде қар­жы аударып беру мәселесін шешкенін білеміз. Құлсарыдағы қабы­л­дауында да ол өзіне еңбекке жарам­сыздығына бай­ланысты көмек сұрап келген азамат­тарға, атаулы әлеуметтік кө­мек, балалар жәрдемақысы мен зейнетақыны көбей­ту, әлеуметтік сақтандыру бойынша мәселе кө­терген аудан тұрғындарына мемлекет тара­пынан берілетін жеңіл­діктердің жо­лын көрсетіп,   халық­тың өз құқық­тарын білу үшін заң кеңестерін берді. Ел Тәуелсіздігінің  20 жылдығы қарсаңында және Құлсарының қала мәртебесін алуының 10 жылдығына орай аудан орталығында да заманға сай ауқымды жұмыстардың жасалып жат­қаны көзге ұрады. Облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің қолдауымен Құл­сарыны Атыраудан кейінгі сәу­летті де дәулетті қалаға айналдыру мақ­сатында ең алдымен ауыз су мәсе­лесін шешу қолға алынғаны көрініп тұр. Ол «Теңіз­шевройл» ЖШс-ның «Игілік» бағдар­ламасы аясында іске асырылып, жыл соңында пайдалануға берілмек. Аудан бойынша газ құбы­рын тарту, халықты көгілдір отынмен қамту жағы толық шешілген екен. Ал қаланың көшелері түгелдей асфальт­талып, тротуарлар төселіп, көшелері алқызыл гүлдермен безендіріліп, жа­сыл көшеттер бой көтерген. Қалада тіпті бұрын-соңды тас жол көрмей, мидай балшыққа батып жататын ша­ғын аудандар мен учаскелерге асфальт төселіпті. Соған тұрғын­дардың бір жасап қалғанын көруге болады.  Жер­гілікті халықты тағы бір қуан­татыны, Құлсарыда жаңа орта мектеп, жаңа мәдениет үйі, балабақша ғима­раттары пайдалануға беріліпті. Таяу уақытта екі қабатты аудандық емхана құрылысы аяқталмақ. Осын­дағы өкпе аурулары ауруханасының да жаңадан салынып, пайдалануға берілуі көп мәселенің шешімін табуына себеп болары сөзсіз. Атырау облысы. * * * БЕРЕКЕЛІ БЕЙНЕУ Кеше аудан орталығы – Бейнеу селосының темір жол вокзалында пойыз делегациясын күтіп алған халықтың санында есеп болмады. Сал­танатты шарада үлкен жолға шық­қан азаматтарға деген халықтың жылы­лығы, қуанышы сезіліп тұрды. Осы жерде пойызды асыға күткен жұртшы­лықтың алдында аудан әкімі Басшы Әзірханов, Ұлы Отан соғысының ардагері Дүйсен Көшеров сөз сөйлеп, Астанадан ат терлетіп келген қауымға ризашылықтарын білдірсе, «Нұр Отан» ХДП-ның Астана қалалық филиалы әлеуметтік бастама­ларды талдау және болжау орталы­ғының меңгерушісі Қазбек Қазыкенов арнайы пойыздың мақсат-міндетін айтып өтті. Бейнеу ауылында арнайы сала мамандары қатысқан қоғамдық қабыл­даулар жоғары деңгейде өтіп, халық­тың да, пойыз делегациясының да көңілінен шықты. Биыл ауданға 39 жыл толады екен. Қазір Бейнеу ауы­лы­ның кірпіші қаланған кезден бері ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс­тар­дың істелінгені көрініп тұр. Ауданда 53 000 адам тұрса, Бейнеу ауы­лында халықтың саны 35 000-нан асады. Осы жерде аудан әкімі Басшы Әзірхановтың 20 жылдан бері атқар­ған жұмысын атап өту жөн. 1991 жылы әкім болып келгелі бері Басшы Айжанақұлы біраз шаруаның ба­сын қайырыпты. Бүгінде бұл аудан әлеуметтік-экономикалық, халықтың тұрмыстық деңгейі жоғары өңірлердің бірі саналады екен. Сон­дықтан да оны жұрт­шылық берекелі Бейнеу деп тегін айтпаса керек. Ауданда негізінен мұнай-газ саласы жақсы дамы­ған. Халықтың бәрі жұ­мыс­пен қамтылған. Ал ауылдың тыныс-тіршілігі ерекше. Көшелер толығы­мен асфальтталып, безендірілген. Бір атап өтетін нәрсе, қазір Бейнеу ауданы Маңғыстау облысы бо­йын­ша білім беру саласында бірінші орында тұр. Аудан орталығының өзінде 11 білім ордасы жұмыс істейді. Соның ішінде лицей оқушылары соңғы 10 жылда 24 алтын белгіні иеленсе, 2008-2009 жылдары Чехия­ның Прага қаласында  өткен халық­аралық ғылыми жобалар байқауында ағыл­шын тілінен күміс медаль, биология пәнінен қола медаль, 2009-2010 жылы Кипр Республикасында Салтанат Ордабаева есімді оқушы ағылшын тілінен жеңімпаз болыпты. 2010-2011 оқу жылында Венгрия­ның Будапешт қаласында өткен байқауда биология пәнінен Рахым Байбоз алтын медальды жеңіп алған. Бейнеу ли­цейінің директоры Таңат Амал­баевтың ай­туын­ша, білім орда­сының оқушылары республика­лық пәндік олимпиадаларда 2008-2009 және 2009-2010 оқу жылында құқық пәні бойынша Әлішер Тағаберді екі жыл қатарынан алтын медальға және тарих пәнінен Нұрбек Сағидоллаев күміс медальға ие болған. 2010-2011 оқу жылында құқық пәні бойынша Әлібек Таға­бердин мен қазақ тілі пәнінен Әсел Асанова күміс медаль­ды иеленді. Осы аудандағы Бейнеу гимназиясының оқушысы Азат Мұхамедиев 2010-2011 оқу жылында республикалық пәндік олимпиадада тарих пәнінен алтын медальға ие болып, еліміздегі білім сатысының ең жоғарғы көрсеткішінің иегері атанды. Маңғыстау облысы. Дастан КЕНЖАЛИН.
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте газ құбырынан өрт шықты

Төтенше жағдай • Бүгін, 16:35

Алматыда жер сілкінді

Оқиға • Бүгін, 15:22