Қазағым көпті көрген көне халық,
Ту етіп ата арманын келеді алып.
Теңдессіз бірлігімнің арқасында
Жасайды Еуропаға төрағалық.
СЕНІМ. ДӘСТҮР. АШЫҚТЫҚ. ТӨЗІМДІЛІК
2007 жылдың 30 қарашасы Қазақстанның жаңа тарихында басты оқиғалардың бірі ретінде қарастырылатыны анық. Әлемдегі ең беделді халықаралық ұйымдардың бірі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға мүше 56 мемлекет Сыртқы істер министрлерінің сол күні Испанияның астанасы – Мадрид қаласында өткен кеңесінде Қазақстан Республикасы аталған Ұйымға бірауыздан төраға болып сайланды.
Сол аралықтан бергі екі жылдан сәл астам уақыт сынаптай сырғып өте шықты. Еліміз төрағалық орынтағына отыратын 2010 жыл да келіп жетті. Енді Отанымыз қолына лауазымдық қызмет тізгіні тиген сындарлы сәтте сенімге селкеу түсірмеу үшін күш-жігер жұмсайтынына еш күмән жоқ. Бұл ұстаным Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісуіне орай Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуінде де жан-жақты көрініс тапты. Іске сәт дейік, қадірлі қауым!
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМЕ ТАҒЗЫМ
Ел қостап, атқа қонып азаматым,
Жатқанда асқақтатып қазақ атын.
Әлемді дүбірлеткен жаңалықты
Ой толқып, жүрек тулап, жазады ақын!
Басынан өткерген көп қасіретті
Табанды қазақ халқы қасиетті.
Емес пе мұның өзі асқан ерлік,
Дақпыртым құрлық, мұхит басып өтті!
Тәуелсіз бастап жүріп еліңді өрге,
Ғаламат ие болдың сенімдерге.
Нығайтып ел мен елдің татулығын,
Ант еткен батыр қазақ шегінбеуге.
Айтпауға бар ма хақым, шыны керек,
Байтақ ел тыныштыққа тұнып ерек –
Бас қосты Ақордада әлем жұрты
Діні де, салт-санасы, тілі бөлек...
Жастанып ұлы таулар, жайсаң жерін,
Тұрғанда алтын діңгек –
Арқаңда елің.
Елдік пен келісімнің арқасында,
Қашанда тартар өрге көшім менің!
Қазағым көпті көрген көне халық,
Ту етіп ата арманын келеді алып.
Теңдессіз бірлігімнің арқасында
Жасайды Еуропаға төрағалық.
Мол байлық арқасында қазынаның,
Қосылмас енді айтқан сазыма мұң.
Бақытқа ие болдық қол жетпеген,
Кешегі Кеңес,
Бүкіл Азияның.
Сыр бар ма айтшы, жұртым, сенен бүккен.
Даналық, қырағылық, тереңдікпен
Отыр ғой қол жеткізіп зор мақсатқа.
Бұл күнді біз ғана емес,
Әлем күткен!
Ерсің сен!
Ел тілеген тілегіңді.
Кімнің кім екенін жұрт біле білді.
Түсінді қазақ тұрғай,
Төрткүл дүние,
Тыныштық үшін соққан жүрегіңді!
Марфуға АЙТҚОЖА, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.
БІРЛІК БЕРЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ
Еуропа төрінде орын алған жаңа, айтарлықтай ауқымды оқиғаға сезімтал әлемдік қоғамдастық аса қызығушылық танытып отыр. Өйткені, алыстағы еуразиялық кеңістіктен Қазақстан “келді”. Жәй қонаққа келген жоқ, жауапкершілік миссиясын өзіне жүктеп, әлемдегі беделді халықаралық ірі Ұйымды басқару үшін келді.
Ежелгі, ұстамды, аристократиялық “көпті көрген” Вена бірінші рет қазақ мемлекетін мәртебелі мейман есебінде емес, нағыз төр иесі ретінде қабылдап отыр. Қазақстаннан “революциялық қайта құрулар” күтілмегенімен, бірақ оңтайлы үдерістерге ықпал ете алатын жаңа идеяларды есту орынды саналады. Міне, мұндай қызығушылық Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуінен кейін ақталды десе де болады. Президент үндеуі – Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы міндетіне кірісуіндегі ең басты оқиға. ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің мүшелері Президент үндеуін зор ықыласпен тыңдап, сол мезет оның мазмұнын аса қызығушылықпен талқылауға көшті.
Шетелдік дипломаттар, саясаткерлер, журналистер “Демократиялық қоғам орнату – біздің халқымыздың саналы таңдауы, сондықтан біз еліміздің одан әрі саяси либералдануы бағыты мен қазақстандықтардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруды жалғастырамыз”, деген ұстанымдарды жоғары бағалауда. Қазіргі төрағалықтың ұраны ешкімді бей-жай қалдырмаған сыңайлы. Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік. Бұл құндылықтар Қазақстанның төрағалығы кезеңіндегі жұмысын айқындайтын болады. Жарияланған идеялар – идеялар үшін айтылған жәй сөз емес, ол әлемдік қоғамдастықтың жағымды, тиімді жүрек соғысын сездіруге деген ұмтылыс, әлемде және ЕҚЫҰ шеңберінде орын алған үдерістерді көпжылдық саралаудың жемісі.
Көптеген ұсыныстар, әсіресе, Мемлекет басшыларының саммитін өткізу идеясы, акциялар және маңызды мерейтойлық даталар барлық ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер қолдауына ие боларына сенімім мол. Қазақстанда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының трансазиялық форумын өткізу көзделуде. Мұның барлығында ауызбіршілік пен бірлік қажет екені сөзсіз.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.
ЖАҢА ДӘУІРДІ ЖАҚСЫ ЖОЛҒА БАСТАУ ҮШІН
Біздің аталарымыздың “Кемедегінің жаны бір” деген даналығын қазір бүкіл Жер шарын мекендеген адам баласы сезініп отырғандай. Өткен ғасырдың соңына қарай халықаралық сыртқы саясатта жаңа дәуір басталды. Бұған басқа оқиғалармен қатар, КСРО державасының ыдырап, оның құрамындағы мемлекеттердің тәуелсіздігін алуы да көп ықпал еткені рас. Бұрынғы қалыптасып қалған жол тұйыққа тірелгендіктен, Кеңес Одағынан бөлінген елдер әр түрлі жағдайды бастан кешті. Оларда қантөгіс те, экономиканың тұралауы да, әлеуметтік жағдайдың шиеленісуі де орын алды. Солардың ішінде Қазақстан экономикасын құлдыратпай, халқының жұдырықтай жұмылған бірлігін бұзбай дамудың жақсы үлгісін көрсетті. Мұның өзі мемлекетімізге халықаралық аренада зор бедел алып келді. 56 мемлекеттің басын қосып отырған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тәуелсіздігін алғанына әлі ширек ғасыр да толмаған, жас мемлекет саналатын Қазақстанға 2010 жылғы басқару божысын ұсынды. Бұл орайда Елбасымыздың сарабдал саясатын, ерекше қайраткерлігін атап қана қоймай, шүкіршілік етуіміз керек.
Мұндай халықаралық зор сенімге Қазақстан кездейсоқ ие болған жоқ. Мемлекетіміздің ішкі дамумен бірге, сыртқы саясатта да тындырған шаруасы жеткілікті. Еуропа мен Азия құрлығындағы тыныштықты сақтау, экономикалық дамуды, гуманитарлық өлшемдерді қалыптастыру жолында халықаралық бірнеше ұйымдардың өмірге келуіне мұрындық болды. Ядролық қаруланудан саналы түрде бас тарттық, демократияны дамытуда, экономиканы, халықтың әлеуметтік тұрмысын көтеруде іргелі жұмыстар жүргізілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық қоғам өзге елдердің өз ішіндегі тыныштығын сақтауда, ұлттар мен ұлыстар бірлігін қамтамасыз етуде қазақстандық модельге айналды.
ХХ ғасырдың өркениетке қандай із салғаны белгілі. Ал ХХІ ғасырмен бірге адамзат баласы бірқатар қауіпті де сезінетін түрі бар. Жер астындағы қазба байлықтардың, энергетикалық көздердің азаюы, экологиялық ахуалдың нашарлауы, өз тәуелсіздігіне ұмтылған аз халықтар мен түрлі этностарда қантөгістің орын алуы, ядролық қарулану сияқты проблемалар адамзатты ойландырып отыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететін Қазақстан осы мәселелердің шешімінің табылуы жолындағы жұмыстарға үлесін қосатын болады.
Мұндай әлем назарын аударатын үлкен іс мемлекетіміздің халықаралық саяси беделін одан әрі көтерері хақ. Ал ол бедел біздің ел экономикасының дами түсуіне мүмкіншілік береді. Елге инвестиция, жаңа, озық технологиялар молынан тартылады, экспорттық қабілетіміз артады, соның арқасында қазақстандықтардың әлеуметтік тұрмысы жақсарады. ЕҚЫҰ сияқты халықаралық беделді Ұйым божысын ұстаған елдің ішкі саяси өмірінде де демократиялық үдерістердің дами береріне шүбә болмайды.
Қазақстанға көрсетіліп отырған мұндай беделді сенім әрқайсымыздың, әсіресе, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді, рухты көтереді. Сондықтан жақсы іске әркімнің үлесі болуы керек. Ол алдымен Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау болмақ, оның бастамаларының, тапсырмаларының орындалуына үлес қосу деген сөз.
Михаил ДӘУЕНОВ, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы, профессор, МҚК генерал-майоры. Қостанай.
АБЫРОЙЫМЫЗ АСҚАҚТАЙ БЕРСІН
Біздің еліміз — күн шұғылалы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрағалығына ие болуы біздерді, қазақстандықтарды шексіз қуаныш құшағына кенелтіп отыр. Тәуелсіздік алып, еліміз еңсесін тіктегелі бар-жоғы 18 жылда Қазақстанның бүкіл әлемге әйгілі ел болуы біздерді ғана емес, жер жүзін таңқалдыратын үдеріс екені даусыз. Сол үшін де Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен қазақ тарихына алтын әріппен жазылып қалар өлшеусіз еңбегіне қалайша риза болмайсың. Елбасымыз еліміздің тәуелсіздік туын көтеріп қана қойған жоқ, көк байрағымызды жұмыр жерде желбіретумен келеді.
Күні кеше біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісуіне орай Елбасымыздың үндеуін жантебіреніспен тыңдай отырып, Қазақстанның өзгелерден оқ бойы оза шауып, биікке көтерілуі Ұлы жеңіс деген ой түйдім.
Айта кету керек, бүгінгі жер жүзін қаржы-экономикалық дағдарыс жайлаған кезеңде, яғни күрмеуі қиын уақытта ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді қолға алуымыз біздің елімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Алайда, Отанымыз бұл сыннан мүдірмей өтеді деп толық сеніммен айтуға болады. Бұл ұстаным Елбасының үндеуінде де көрініс тапқан: “...ЕҚЫҰ алдындағы шешілуі тиіс түйіткілдер біздің еліміздің сыртқы саясатының күн тәртібінде әрдайым орын алуда”.
Елбасы “Бірлік болмай, тірлік болмас” деп айтқандай, осы Ұйымға мүше барлық елдерді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып тірлік жасауға шақыруы көп көкейін дөп басты деп айтуға әбден болады.
Кезінде Елбасымыздың тікелей нұсқауымен Семей ядролық полигоны жабылып, Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халықаралық күні деп жариялауы, Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесін шақыру бастамасы азиялықтардың бірегей құралына айналып отыр. Сондай-ақ, Елбасы үндеуінде әлем елдерін этносаралық және дінаралық түсіністікке шақырды. Бұған қалайша қуана қол соқпассыз. Жер жүзіндегі сан алуан ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті ғұмыр кешуін біз ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы қолдайтындығына мен бек сенімдімін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, біздің еліміз өзгелерден оқ бойы оза шауып, Еуропа төріне шығып отыр. Еліміздің еңсесін тіктеп, жер жүзіне танымал етуде Елбасымыздың сіңірген өлшеусіз еңбегі – қайталанбас еңбек. Отанымыздың осы бір айшықты абыройы асқақтай берсін!
Нұрмұрат ЕРМАНОВ, “Бабас” ЖШС-нің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты. Қызылорда облысы.