16 Қаңтар, 2010

Бұл – Қазақстанның Ұйымға төрағалығындағы басты бағыттар

1975 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Қазағым көпті көрген көне халық, Ту етіп ата арманын келеді алып. Теңдессіз бірлігімнің арқасында Жасайды Еуропаға төрағалық. СЕНІМ. ДӘСТҮР. АШЫҚТЫҚ. ТӨЗІМДІЛІК 2007 жылдың 30 қарашасы Қазақстанның жаңа тарихында басты оқиғалардың бірі ретінде қарасты­ры­ла­тыны анық. Әлемдегі ең беделді халықаралық ұйымдардың бірі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға мүше 56 мемлекет Сыртқы істер министрлерінің сол күні Испанияның астанасы – Мадрид қаласында өткен кеңесінде Қазақ­стан Республикасы аталған Ұйымға бірауыздан төраға болып сайланды. Сол аралықтан бергі екі жылдан сәл астам уақыт сынаптай сырғып өте шықты. Еліміз төрағалық орын­тағына отыратын 2010 жыл да келіп жетті. Енді Отанымыз қолына лауазымдық қызмет тізгіні тиген сындарлы сәтте сенімге селкеу түсірмеу үшін күш-жігер жұмсайтынына еш күмән жоқ. Бұл ұстаным Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісуіне орай Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуінде де жан-жақты көрініс тапты. Іске сәт дейік, қадірлі қауым! ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМЕ ТАҒЗЫМ Ел қостап, атқа қонып азаматым, Жатқанда асқақтатып қазақ атын. Әлемді дүбірлеткен жаңалықты Ой толқып, жүрек тулап, жазады ақын! Басынан өткерген көп қасіретті Табанды қазақ халқы қасиетті. Емес пе мұның өзі асқан ерлік, Дақпыртым құрлық, мұхит басып өтті! Тәуелсіз бастап жүріп еліңді өрге, Ғаламат ие болдың сенімдерге. Нығайтып ел мен елдің татулығын, Ант еткен батыр қазақ шегінбеуге. Айтпауға бар ма хақым, шыны керек, Байтақ ел тыныштыққа тұнып ерек – Бас қосты Ақордада әлем жұрты Діні де, салт-санасы, тілі бөлек... Жастанып ұлы таулар, жайсаң жерін, Тұрғанда алтын діңгек – Арқаңда елің. Елдік пен келісімнің арқасында, Қашанда тартар өрге көшім менің! Қазағым көпті көрген көне халық, Ту етіп ата арманын келеді алып. Теңдессіз бірлігімнің арқасында Жасайды Еуропаға төрағалық. Мол байлық арқасында қазынаның, Қосылмас енді айтқан сазыма мұң. Бақытқа ие болдық қол жетпеген, Кешегі Кеңес, Бүкіл Азияның. Сыр бар ма айтшы, жұртым, сенен бүккен. Даналық, қырағылық, тереңдікпен Отыр ғой қол жеткізіп зор мақсатқа. Бұл күнді біз ғана емес, Әлем күткен! Ерсің сен! Ел тілеген тілегіңді. Кімнің кім екенін жұрт біле білді. Түсінді қазақ тұрғай, Төрткүл дүние, Тыныштық үшін соққан жүрегіңді! Марфуға АЙТҚОЖА, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. БІРЛІК БЕРЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ Еуропа төрінде орын алған жаңа, айтарлықтай ауқымды оқи­ға­ға сезімтал әлемдік қоғамдастық аса қызығушылық танытып отыр. Өйткені, алыс­тағы еуразиялық ке­ңіс­тіктен Қазақстан “келді”. Жәй қо­наққа келген жоқ, жауапкер­ші­лік миссиясын өзіне жүктеп, әлемдегі беделді халықаралық ірі Ұйымды басқару үшін келді. Ежелгі, ұстамды, аристо­кра­тия­лық “көпті көрген” Вена бірінші рет қазақ мемлекетін мәр­те­белі мейман есебінде емес, на­ғыз төр иесі ретінде қабылдап отыр. Қазақстаннан “револю­ция­лық қайта құрулар” күтілме­гені­мен, бірақ оңтайлы үдеріс­терге ықпал ете алатын жаңа идеяларды есту орынды сана­лады. Міне, мұн­дай қызығу­шылық Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың үндеуі­нен кейін ақталды десе де болады. Прези­дент үндеуі – Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы міндетіне кірі­суін­дегі ең басты оқиға. ЕҚЫҰ Тұ­рақты кеңесінің мүшелері Пре­зи­дент үндеуін зор ықылас­пен тыңдап, сол мезет оның мазмұнын аса қызығу­шылықпен талқылауға көшті. Шетелдік дипломаттар, сая­сат­кер­лер, журналистер “Демо­кра­тия­лық қоғам орнату – біздің халқымыздың саналы таңдауы, сондықтан біз еліміз­дің одан әрі саяси либерал­дануы бағыты мен қазақстан­дықтардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруды жал­ғас­тырамыз”, деген ұстанымдарды жоғары бағалауда. Қазіргі төраға­лық­тың ұраны ешкімді бей-жай қал­дырмаған сыңайлы. Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Тө­зімділік. Бұл құндылықтар Қа­зақ­станның төрағалығы ке­зе­ңін­­дегі жұ­мысын айқындайтын бола­ды. Жарияланған идеялар – идея­лар үшін айтылған жәй сөз емес, ол әлемдік қоғам­дас­тық­тың жағымды, тиімді жүрек соғысын сездіруге деген ұмты­лыс, әлемде және ЕҚЫҰ шең­берінде орын алған үде­рістерді көпжылдық саралау­дың жемісі. Көптеген ұсыныстар, әсі­ресе, Мемлекет басшыларының сам­ми­тін өткізу идеясы, ак­циялар және маңызды мерей­тойлық даталар бар­лық ЕҚЫҰ-ға мүше мемле­кет­тер қолдауына ие бо­ларына сені­мім мол. Қазақстанда ЕҚЫҰ Пар­ламенттік Ассамблея­сының транс­азиялық форумын өткізу көзде­лу­де. Мұның бар­лығында ауызбір­ші­лік пен бірлік қажет екені сөзсіз. Қуаныш СҰЛТАНОВ, Парламент Сенатының депутаты. ЖАҢА ДӘУІРДІ ЖАҚСЫ ЖОЛҒА БАСТАУ ҮШІН Біздің аталарымыздың “Кеме­де­гінің жаны бір” деген даналы­ғын қазір бүкіл Жер шарын ме­кен­деген адам баласы сезініп отыр­ғандай. Өткен ға­сыр­дың соңына қарай халық­аралық сырт­қы саясатта жаңа дәуір басталды. Бұған басқа оқиғалармен қатар, КСРО державасының ыдырап, оның құрамындағы мемлекет­тер­дің тәуелсіздігін алуы да көп ық­па­л еткені рас. Бұрынғы қалып­тасып қалған жол тұйыққа ті­рел­гендіктен, Кеңес Одағынан бөлін­ген елдер әр түрлі жағ­дайды бастан кешті. Оларда қан­төгіс те, экономиканың тұ­ра­лауы да, әлеуметтік жағдай­дың шиеленісуі де орын алды. Солардың ішінде Қазақстан экономикасын құлды­рат­пай, халқының жұдырықтай жұмыл­ған бірлігін бұзбай дамудың жақсы үлгісін көрсетті. Мұның өзі мемлекетімізге халықаралық аре­на­да зор бедел алып келді. 56 мем­ле­кеттің басын қосып отырған Еуро­падағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымы тәуелсіздігін алғанына әлі ши­рек ғасыр да толмаған, жас мем­лекет саналатын Қазақ­станға 2010 жылғы басқару бо­жысын ұсынды. Бұл орайда Ел­басымыздың сарабдал саяса­тын, ерекше қайраткерлігін атап қана қоймай, шүкіршілік етуіміз керек. Мұндай халықаралық зор се­німге Қазақстан кездейсоқ ие болған жоқ. Мемлекетіміздің ішкі дамумен бірге, сыртқы саясатта да тындырған шаруасы жеткілікті. Еуропа мен Азия құрлығындағы тыныштықты сақтау, эко­но­ми­калық дамуды, гуманитарлық өл­шем­дерді қа­лыптастыру жолында халық­аралық бірнеше ұйымдардың өмірге келуіне мұрындық бол­ды. Ядролық қаруланудан са­налы түр­де бас тарттық, демо­кратияны да­мы­туда, экономи­каны, халықтың әлеуметтік тұр­мысын көтеруде іргелі жұмыс­тар жүргізілді. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастама­сымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азамат­­тық қоғам өзге елдердің өз ішін­дегі тыныштығын сақ­тауда, ұлттар мен ұлыстар бір­лі­гін қамтамасыз етуде қазақ­стандық модельге ай­налды. ХХ ғасырдың өркениетке қан­дай із салғаны белгілі. Ал ХХІ ға­сыр­мен бірге адамзат ба­ласы бір­қа­тар қауіпті де сезіне­тін түрі бар. Жер астындағы қазба бай­лық­тардың, энерге­ти­калық көздердің азаюы, эко­логиялық ахуалдың на­шарлауы, өз тәуелсіздігіне ұм­тыл­ған аз халықтар мен түрлі этнос­тар­да қантөгістің орын алуы, ядро­лық қарулану сияқты проблемалар адамзатты ойландырып отыр. Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төр­аға­лық ететін Қазақстан осы мә­селелердің ше­шімінің табы­луы жолындағы жұ­мыстарға үлесін қосатын бо­лады. Мұндай әлем назарын ауда­ра­тын үлкен іс мемлекетіміздің халықаралық саяси беделін одан әрі көтерері хақ. Ал ол бедел біздің ел экономикасының дами түсуіне мүм­кіншілік береді. Елге инвес­тиция, жаңа, озық техно­логиялар молынан тартылады, экспорттық қабілетіміз артады, соның арқа­сын­да қазақ­стан­дықтардың әлеу­мет­тік тұрмысы жақсарады. ЕҚЫҰ сияқты ха­лық­аралық беделді Ұйым бо­жы­сын ұстаған елдің ішкі саяси өмірінде де демократиялық үде­ріс­тердің дами береріне шүбә бол­майды. Қазақстанға көрсетіліп отыр­ған мұндай беделді сенім әрқай­сы­мыз­дың, әсіресе, жас ұрпақтың бой­ын­да патриоттық сезімді, рухты көтереді. Сон­дық­тан жақсы іске әркімнің үлесі болуы керек. Ол алдымен Президентіміз Нұрсұлтан На­зарбаевты қолдау болмақ, оның бас­тамаларының, тап­сыр­ма­лары­­ның орындалуына үлес қосу деген сөз. Михаил ДӘУЕНОВ, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы, профессор, МҚК генерал-майоры. Қостанай. АБЫРОЙЫМЫЗ АСҚАҚТАЙ БЕРСІН Біздің еліміз — күн шұғылалы Қазақстан­ның Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрағалы­ғына ие болуы біздерді, қазақстандықтарды шексіз қуаныш құшағына кенелтіп отыр. Тәуелсіздік алып, еліміз еңсесін тіктегелі бар-жоғы 18 жылда Қазақстанның бүкіл әлемге әйгілі ел болуы біздерді ғана емес, жер жүзін таңқалдыратын үдеріс екені даусыз. Сол үшін де Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен қазақ тарихына алтын әріппен жазылып қалар өлшеусіз еңбегіне қалайша риза болмай­сың. Елбасымыз еліміздің тәуелсіздік туын көтеріп қана қойған жоқ, көк байра­ғы­мызды жұмыр жерде желбіретумен келеді. Күні кеше біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісуіне орай Елбасымыздың үндеуін жантебіреніспен тыңдай отырып, Қазақстанның өзгелерден оқ бойы оза шауып, биікке көтерілуі Ұлы жеңіс деген ой түйдім. Айта кету керек, бүгінгі жер жүзін қар­жы-экономикалық дағдарыс жайлаған ке­зеңде, яғни күрмеуі қиын уақытта ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді қолға алуымыз біздің елімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Алайда, Отанымыз бұл сыннан мүдірмей өтеді деп толық сеніммен айтуға болады. Бұл ұстаным Елбасының үндеуінде де кө­рініс тапқан: “...ЕҚЫҰ алдындағы шешілуі тиіс түйіткілдер біздің еліміздің сыртқы саясатының күн тәртібінде әрдайым орын алуда”. Елбасы “Бірлік болмай, тірлік болмас” деп айтқандай, осы Ұйымға мүше барлық ел­дерді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып тірлік жасауға шақыруы көп көкейін дөп басты деп айтуға әбден болады. Кезінде Елбасымыздың тікелей нұс­қауы­мен Семей ядролық полигоны жабы­лып, Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халық­ара­лық күні деп жариялауы, Қазақстанның Азия­дағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесін шақыру бас­тамасы азиялықтардың бірегей құралына айналып отыр. Сондай-ақ, Елбасы үн­деуінде әлем елдерін этносаралық және дінаралық түсіністікке шақырды. Бұған қалайша қуана қол соқпассыз. Жер жүзін­дегі сан алуан ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті ғұмыр кешуін біз ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы қолдайтындығына мен бек сенімдімін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, біздің еліміз өзгелерден оқ бойы оза шауып, Еуропа төріне шығып отыр. Еліміздің еңсесін тіктеп, жер жүзіне танымал етуде Елбасымыздың сіңірген өлшеусіз еңбегі – қайталанбас еңбек. Отанымыздың осы бір айшықты абыройы асқақтай берсін! Нұрмұрат ЕРМАНОВ, “Бабас” ЖШС-нің төрағасы,  облыстық мәслихат депутаты. Қызылорда облысы.