24 Қараша, 2016

Сананы соғысқұмарлықтан қалай арылтамыз?

308 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
«Адамның күні адаммен» демекші, өмірде барлығымыз бір-бірімізбен өзара байланыстамыз. Дегенмен, адамдар шын мәнінде жарастықта, үйлесімде өмір сүріп жатпағаны да рас. Бүгінгі күні адамзат ақпараттар, технологиялар және біліммен жақсы қаруланған, бірақ, өкінішке орай, соғыс пен түрлі қақтығыстарға жол бермеуге қауһары жетпей отыр. Жаңа мыңжылдықтағы қоғамда болып жатқан терең өзгерістер – геосаяси жағдайдың шиеленісуі – адамзатты жұмылдыратын өзгеше қарым-қатынасты, тәсілдерді іздеуді талап етеді. Адамзат тарихының түп мақсаты біртұтастық екендігі туралы айта келе, К.Ясперс былай деген еді: «Мүмкін тарихтың біртұтастығы адамдар бір-бірін бірлік, ортақ ақиқат идеясында түсіне алатындығынан, рухани әлемде олардың, қаншалықты бөтен болып көрінгенмен, бір-бірімен мағыналы қатынас қалыптастыра алатындығынан, бірі-бірімен араласпай тұра алмайтындығынан туындар». Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары да біртұтастық идеяларынан бастау алып, Қазақ жерінен төрткіл дүниеге таралып жатыр. Мемлекет басшысының әлемдегі ең ірі Семей полигонының жабу туралы жарлығы әлемдік қоғамдастық тарапынан үлкен қолдауға ие болса, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құру туралы идеясы да бейбіт өмір сүрудің бастамасы еді. Елорданың төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алқалы жиынын өткізу де адамзаттың рухани  бірлігін бір-біріне жақындатудан туған бастама болатын. Осылайша, Астана Елбасының қайраткерлігі арқасында жаһандық бейбіт бастамалардың ордасына айналды. Ал Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік етуінің өзі Ыстамбұл саммитінен кейін араға 11 жыл салып Астанада аталған ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға, сондай-ақ, алдағы кезеңнің жұмыс бағыттарын саралап, айқындап алуына мүмкіндік берді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің рөлін күшейту туралы ұсынысы да жаһандық қауіпсіздік мәселесімен астасып жатқандығы тағы да мәлім. Ал Елбасының биылғы жыл басындағы жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі әлем қауымдастығы алдына адамзат баласының басын біріктіретін, ешкім жоққа шығара алмайтын ақиқатты – Бейбітшілік ақиқатын ұсынды. Көпшілігіміз үшін, шүкір, бейбіт өмір – күнделікті шындық. Күнбе-күн біздер университетке жұмысқа барамыз, көшелеріміз тыныш... Сонда біз осы мамыражай бейбіт тірлік құндылығына аса көңіл бөлмеуіміз де мүмкін. Бейбітшілік те ауа сияқты – барлығы білінбейді, ал егер жазатайым жоқ болып қалса – тіршілікке үлкен қауіп тудырады. Өкінішке қарай, бізге күнделікті үйреншікті жағдай – әлемнің түрлі бөліктерінде шиеленіс пен қорқыныш қаупіне бөленген адамдар үшін арман ғана. Бүгінде кикілжің мен қақтығыстар шиеленісе түсуде: ХХІ ғасыр дерті дерлік лаңкестік зардаптары, қоғамдағы қорқыныш пен үрей, жеке тұлғалар санасының зиянды стереотиптерге бейім болуы адамзат өркениетіне, тіпті, бүкіл планетадағы өмірге қауіп төндіруде. Демек, әлеуметтік жүйе де, рухани-адамгершілік принциптер мен құндылықтар да сынға түсер заман туып тұр. Қазіргі таңда көптеген өзекті мәселелер, ең алдымен, мәдениет категорияларымен түсіндірілетіні белгілі. Біз қоғамның жүйелі қағидаттары ретінде «қауіпсіздік мәдениетін», «бейбітшілік мәдениетін» жиі айтамыз. «Бейбітшілік мәдениеті» құндылықтарын қолдау және оны өндірудің маңыздылығын мойындау аясында шынайы саясатта көретініміз мүлдем басқа жағдай – қоғамдық қауіпсіздік атын жамылған «соғыс мәдениеті». Осы жағдайды терең түсінген Елбасы: «...соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр» деп ескертті. Қауіпсіздік ұғымы саясат кеңістігінде белсенді қолданыс тапқандығына және бүгінгінің басты сапалық белгісіне айналғандығына қарамастан, шынайы өмірде оны «пост», яғни «кейінгі» категориясында, демек, «постқауіпсіздік», «қауіпсіздік агрессиясы»  деп сипаттаған дұрысырақ сияқты. Агрессия қазіргі БАҚ тәжірибесінде әдеттегі мәдени нормаға айналды – лаңкестік немесе қылмыс туралы айтпай жаңалық жоқ. Онысымен тұрмай, түрлі радикалды топтар мен әскери ұйымдардың БАҚ арқылы өз зұлымдықтарына жауапкершілік алатындығы тағы бар... Лаңкестік қоғам өмірінде басқа субъективтіліктің көрінісі ретінде жеткізіледі. Осылардың барлығы –  әлемдегі бейбітшілік жібінің күрмеуге келмей тұрғандығын танытады. Нұрсұлтан Назарбаев «милитаризм адамдардың санасы мен мінез-құлқына тереңдей еніп кеткен» дегенде дәл осы мәселеге назар аударып отыр деп білемін. Адамзат санасын милитаризм – соғысқұмарлықтан тазалау үшін түбегейлі өзгеріс қажет. Қазіргі «интеллект империясы» (У. Черчилль) басымдық алған заманда адам қорын үнемі жетілдіріп отыру талабы туындайды. Адам қорына қатысты теориялық көзқарастарды жинақтай, талдай келе оны жақсарту  жолында қаржы-әлеуметтік ресурстармен қатар, білім беру жүйесінің де (мектептер, жоғары оқу орындары) негізгі факторлардың бірі болып табылатындығын көріп отырмыз. Өйткені, білім беру ешқашан біржақты интеллектуалды, тек қана құралы, тар шеңбердегі кәсіби іс болған емес. Университет институция ретінде әрқашан білімді де тәрбиелі ұрпақ қалыптастырумен және оларды әлеуметке бейімдеумен айналысатындығы белгілі. Сананы соғысқұмарлықтан арылту (демилитаризация) үдерісін табысты жүргізу үшін оқыту мен тәрбиелеуде жаңа парадигма қажет. Халықтың ділі, азаматтардың ойлау ерекшелігі – рационал ойлау дәрежесі, пайымдауға сезім-эмоцияның әсері, иланушылық деңгейі және т.б.; құндылықтар, сенім – осының барлығы сананы демилитаризациялау стратегиясының табысты болуын анықтайды. Адамды өзгертпей, бейбіт мәдениет мақсатына сай құндылықтар, ойлау  және әлеуметтік мінез-құлықты қалыптастырмай тұрып кикілжіңді әлемде қалыптасқан жағдайға тікелей ықпал ету мүмкін емес. Сондықтан да Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен арылту үшін біріктіру қажет» екендігін атап өткен болатын. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры ретінде мен Президенттің айтқанының астарында бүкіл білім беру саласына қойылған маңызды мақсат жатқанын түсініп отырмын. Ол – бейбітшілік мәдениетін, толеранттылық пен қоғамдық келісімді сақтау қажеттілігі. Соған қол жеткізу біздің еліміздің ғана емес, сонымен қатар, бүкіл адамзаттың жарқын болашағымен байланысты. Бүгінде біз бейбіт өмірге қол жеткізу үшін адам капиталына, білімпаз көшбасшылыққа, озық бұқаралық ақпараттық орта қалыптастыруға инвестициялауды белсендетуіміз қажет; илануға тұрарлық білім құндылықтарын дәріптеуіміз керек; әлеуметтік инновация саласында ауқымды зерттеулер жүргізуіміз қажет екендігін түсінеміз. Қазіргі білім беру жүйесі толеранттылық құндылықтарын, бейбітшілік мәдениетін, жалпы адамзаттық ынтымақтастықты қалыптастыруға қажетті мәдени-интегративті сананың негізін салуы керек. Онда түрлі халық мәдениеттерінің сұхбатымен толыққан әлемдік, жаһандық сана басым тұрғаны жөн. БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі: «адамзат ұрпағы бар бола ма, жоқ бола ма?» деген гамлеттік сұрақтан басталып жер шарындағы бейбіт өмір үшін күш көрсетпеу мәдениеті идеясының қисынды жалғасы болып отыр. Бейбітшілік мәдениеті, толеранттылық, жалпы адамзаттық ынтымақтастық – жаңа жүз жылдықтағы адамзаттың өмір сүруінің кепілі бола алмақ. Ендеше, Елбасының жаһандық деңгейдегі бастамасы осындай ізгі мақсаттармен ұштасып жатқандығын аңғаруға болады. Бейбітшілік – кең мағыналы ұғым, соған қарамастан, ол туралы әркімнің өз түсінігі бар. Біз өзімізді қалай қабылдаймыз, өзімізбен өзіміз үйлесімді өмір сүре аламыз ба, жанымыздағы бөтен адамдарды – бізден басқаша ойлайтын, сөйлейтін, киінетін, өмір салты бөлек адамдарды түсіне аламыз ба, міне, осыдан біздің планетамызды мекендеген барлық адамзат тыныштығы басталады. Ал бұл тұрғыда Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бастамаларының қай-қайсысы да төрткіл дүниенің тыныштығына, адамзаттың аласыз өмір кешуімен астасып жатқандығын айтуға болады. Ширек ғасыр шеңберінде  халықаралық аренадағы қақтығыстарды реттеуге, мәмілегерлік миссияны атқарып, араағайындыққа жүріп елдер арасын жақындастыруға қызмет етіп жатса, ол да Елбасының әлемдегі дүрдараздықты азайтуға  қосқан салмақты үлесі. Актолқын КҰЛСАРИЕВА, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі