25 Қараша, 2016

Бұлақтың көзі

219 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Балдай тәтті балапандарымызды тек бақыттың бесігінде әлдилеуді мұрат тұтқан жандармыз. Ал баланың тәрбиесі мен білімі тек мектепте, балабақшаларда ғана жүзеге асырылады деу – қате. Сәбидің, жеткіншектің бойындағы қасиеттер алдымен отбасындағы ата-ананың тәлім-тәрбиесінен қалыптасатынын ұмытпауымыз керек. Әйтсе де солқылдаған жас санаға не құйып жүргеніміз, сабақтан, мектептен тыс уақыттарда олардың немен айналысып жүргені маңызды. Осы ретте музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі жасөспірімдерге арнап көптеген іс-шаралар, ұлттық жобалар, атап айтар болсақ, үгіт дәрістері, шеберлік сабақтары, балалар көрмесі, квест сабақтары, әдеби кештер ұйымдастыруда. Мысалы, «Шаңырақ» жобасы аясында «Киелі киіз үйіміз» музейлік этнографиялық сабақтар топтамасы өткізілді. Шынын айту керек, қазіргі балалар телеарна мен компьютерге көбірек байланып, олардың ойлау жүйелерін шетелдік фильмдер улап жатыр. Патриоттық сезім сәби кезде қалыптасатынын ескерсек, бұл жайт, әрине, бәрімізді алаңдатады. Телефон мен желіге тәуелділіктен өмірде түрлі қайғылы оқиғалардың, әсіресе, балалар арасында жиі орын алып жататынын жиі есту өкінішті, әрине. Сондықтан, біздің мақсатымыз, негізінен жас­өспірімдерге рухани дұрыс азық беру болып табылады... Балаларға базарлық ретінде тұшымды жобалар әзірленді. Айталық, жоға­рыда аталып өткен топтамада тарихымыздағы ең бірінші сәулет­тік құрылыс, көшпелілердің ғала­мат өнер табысы – қазақтың киіз үйі арқылы оқушыларға көп нәрсені жеткізуге әрекеттендік. Бұл халқымыздың тарихын білдіретін символикалық ұғым болғандықтан, қасиетті шаңырақтың ерекшеліктері арқылы тарихқа, мәдениетке деген құрмет сезімін қалыптастыруға тырыстық. Балаларды еңбек­сүйгіштікке, ұқыптылыққа, жоғары эстетикалық талғамға тәрбиелейтін «Тарихи тұлғалар» жобасы бар. Биыл Мұқағалидай ақиық ақынның туғанына 85 жыл толуына орай «Поэзия, менімен егіз бе едің» еске алу кеші өткізілді. Кеш барысында М.Мақатаевтың поэзиясы мен өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті студенттері ақынның өмір жолы һәм шығармашылығымен танысып, поэзия құдіретімен әсерленді. «Әртүрлі өнер түрлерімен таныстыру» атты музей сабағына елордадағы № 70 мектептің оқушы­лары қатысты. Олар өз қолдарымен кесте тігу, бисермен бедерлеу сырына, халқымыздың қолөнер туындылары туралы көп мағлұматқа қанықты. Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Әлем ақыны. Поэт мира. Роеt of the world» поэзия кеші тәрбиелік мәнімен есімізде қалса, Алғыс айту күні құрметіне әрі «Бір шаңырақ астында» Қазақстан халқы фестиваліне орай түрлі ұлт өкілдерінен құралған оқушылар мен студенттердің ансамбльдері, неміс мәдени орталығы өкілдері, Біржановтардың отбасылық ансамблі, Балалар үйі тәрбиеленушілері қатысуымен өткен жобада балалардың қолдан жасалған жұмыстарының көрме-жәрмеңкесін, концертін тамашаладық. Сонымен қатар, музейде балалар туындыларын насихаттап, жасөспірімдерді шығармашылық жағынан қолдау мақсатында «Кес­кіндеме және графика» үйірмесі жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде «Менің анам» көрмесі арқылы қаншама бұлақтың көзін ашудамыз. Баланың ата-анасына қуаныш сыйлауынан қымбат не бар дүниеде?! Мұның сыртында тағы 1-4 сынып оқушылары мен №2 Балалар үйі тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Армысың, әз-Наурыз» мерекелік ойын-сауық бағдарламасы ұсы­нылды, балаларға сыйлықтар үлестірілді. Суретшілер Жамхан Ай­дар мен Шахмардан Айдостың «Жамбыл Жабаев» картинасының таныстырылымы, қазақтың ұлттық асық ойынынан «Бес тас» және «Ханталапай» бойынша сайыстар өтті. Жалпы, Отанға, туған елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімі адамның бала кезіндегі тәлім-тәрбиесіне көп байланысты десек, елордадағы бас музей оған айтарлықтай үлес қосып отыр. Бұл ретте қазақ халқының ерекше салт-дәстүрлерінің бірі «Бесікке салу» және өмірге келген сәби шаңыраққа құт дарытсын деген сеніммен жасалатын ырымдарға көпшілік қызығушылық танытты. Шара соңында оқушылар бесік жырын ұстаздарымен қосыла шырқады. Яғни, төл дәстүріміздің ұмыт болып бара жатқан көптеген түрлерін жаңғыртуға атсалысудамыз. «Тарихи тұлғалар» жобасы бойынша қазақ даласының даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 145 жылдығына арналған «Алаштың алыбы» еске алу кешінде оның өмірі жайлы деректер алға тартылып, грек-рим күресінен Ат­ланта Олимпиадасының чем­пионы, Әлем және Азия чемпио­наттарының, сондай-ақ Азия ойын­дарының бірнеше дүркін жеңімпазы Юрий Мельниченко қазақстандықтардың спортқа деген құрметі туралы әңгімелеп берді. Еске алу кешінде жауырыны жер иіскемеген дала батыры туралы танымдық бейнебаяндар көрсетілді. Сонымен қатар, Қ.Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жас спортшылары гимнастика, бокс, таэквондо, грек-рим күресінен көрсетілімдер ұсынды. Мектеп оқушылары арасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне асық атудан ашық турнир өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақ арасында халқымыздың ұлттық ойын түрлерін насихаттау, балаларды ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулу. Турнирде Астана қаласының орта мектеп оқушылары өзара сайысқа түсіп, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. «Ұрпақ+» мәдени-білім беру жобасы аясында «Мирас» үйірмесі ашылды. Басты мақсат – мектеп оқушыларына Қазақстан тарихын терең зерттеп біліп, экскурсия жүргізудің әдістемесі мен кәсіби шеберлігі жайында кеңінен ақпарат беру. Білім беру жобасын жүзеге асыруға тарихшылар, археологтар, этнографтар, музей қызметкерлері жұмылдырылып, тақырыптық дәрістер мен музей залдарында тәжірибелік экскурсиялар өткізілді. Айталық, «Шаңырақ» жобасына сәйкес мектеп оқушылары үшін «Қазақ әліпбиі» музей сабағы болды. Сабақтың басты мақсаты қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оқушылар бойында патриоттық тәрбиені қалыптастыру болып табылады. Мұнда оқушылар сөйлеу мәдениеті мен жазу өнері жайында мол мағлұмат алды. Сондай-ақ, ежелгі түркі жазулары мен Ахмет Байтұрсынов негізін қалаған қазақ әліпбиінің ұқсастықтары мен ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік берілді. «Ертегілер әлемінде» сабағында оқушылар музей экспонаттарымен танысты, белгілі сюжетке құрылған түрлі халық ертегілері желісі бойын­ша біріктірілген қойылымдар өте сәтті орындалды. Музей залдары бойынша құрылған сценарийге сәйкес балалар «Мақта қыз бен мысық», «Мыс тауының иесі», «Түймеқыз», «Алладиннің сиқырлы ертегісі» «Күлше қыз», «Ұр, тоқ­пақ», «Бауырсақ», «Алтын шашты қыз» және тағы басқа таңғажайып ертегілер кейіпкерлеріне кез болды. «Мемлекеттік рәміздер – рухы­мыздың айнасы» саба­ғына №79 мектептен 130 оқушы қатысты. Елдік рәміздерге құрмет сезімін кішкентай кезден қалыптастыру қажет. Өйткені, бәрі де елге құр­меттен, рәміздердің қасиетін ұғудан басталады. Әнұран орындалып жатқанда кейде үлкендердің бір-бірімен сөйлесіп, селқос тың­дайтынын көріп қалатынымыз рас. Ол орындалғанда оң қолдарын жүректің үстіне қойып тұрып тыңдау ондайларға жат. Мұндайда «апыр-ай, Отан дегеніміз анамыз емес пе, ал енді ананы сыйлау, ардақтау өмірдегі ең қасиетті сезім ғой. Туған жерге деген сезімі семіп қалған неткен шіркіндер бұл?» деген реніштің туары рас. Ал мынадай сабақтар балаларға сол үшін өті­леді. Сүйсінерлігі, Әнұранды қазір балалар жатқа орындайды. Осы орайда тағы «Өз қалаңның тарихын білесің бе?» танымдық квест ойындарының рөлі айрықша. Өйт­кені, елорда тарихын білу мен сүю бәрімізге ортақ парыз, сол үшін балаларға тарихтың қойнауынан сыр шертетін көне ғимараттардың маңыздылығын ұғындырып, туған қаламызды қадірлеуге баулимыз. Сол сияқты «Этнография және археология әлеміне саяхат» сабағында балалар қазақ халқының тарихы мен мәдениеті жайында жан-жақты мәлімет алды. Олар тарихты, шежірені, құндылықты құрмет тұтсын дейміз. Гауһар САДЫБАЙ, Ұлттық музейдің педагогика және балалар шығармашылығы бөлімінің жетекшісі