25 Қараша, 2016

Мемлекет көмектесуге дайын

159 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Енді ата-аналар тарапынан қадам жасалуы керек Қазіргі қоғамда ақша жинау мәдениетіне қатысты «бізде ақша жинау мәдениеті төмен» деген түсінік қалыптасқан. Біз оған кері дау айта алмаймыз. Қоғамымызда ақша жинау мәдениетінің төмен екенін көрсетіп беретін көптеген зерттеу қорытындыларын көрсетуге болады. Және соның көбінде елімізде депозит ашып, ақша жинайтын адамдар қатары халықтың 5-10 пайызын ғана құрайтыны айтылады. Шынында, бізде неге ақша жинау мәдениеті қалыптаспаған? Бұл сұраққа жауап беру қиын емес. Ол үшін КСРО құлаған тұстағы елдегі жағдайды көз алдымызға келтірсек жеткілікті. Сол заманда қоғамдағы адамдардың бәрі ақша жинайтын. Біреу өзі үшін, біреу бала-шағасы үшін, тағы бір кісі немересі үшін дегендей. Тіпті, сол заманда алдағы «қиын күндерге» де ақша жиналатын. Бірақ, КСРО құлады да, елдің жиған ақшасы желге ұшқанмен тең болды. Бұның бәрі айналып келгенде «халықтың ақша жинау мәде­ниеті төмен» деген түсінікке арқау болды. Біз халықты банкте ақша жинап, үстеме ақшаға ие болу­дың орнына, банктен несиеге ақша алып, оның үстіне тағы да өз қалтасынан қаржы қосып береді деп сөгеміз. Бірақ, шын мәнін­де жалпы халыққа тән шартты реф­лексті жоюға уақыт керек шығар? Кэмбриджде ақша жинау мәде­ниетін қалыптастыруға бағыт­талған Ұлттық бюроның эконо­микалық зерттеулері жүргізіледі. Сарапшылар Чилидегі 2 687 шағын кәсіпкердің әрекетіне тал­дау жасайды. Талдау жасау үшін олар шағын несие қауым­дастығының табысы ең төмен­гі дәрежедегі мүшелерін таң­дап алады. Ондағы ойлары – әлеу­меттік теңсіздіктің ақша жинау әдетіне қатысы жоқ екенін көр­сету. Сөйтіп, қатысушыларды үш топқа бөледі. Бірінші бақылау тобындағы адамдарға әдеттегі салым ашуды ұсынады. Екінші топтың қатысушылары да тура сондай салым ашады, бірақ, олар салым ашудағы мақсаты туралы көпшілікке жариялап отырады. Әр аптада кездескен сайын топ мүшелері қоғамда болып жатқан қаржыға қатысты бар­лық ақпараттарды бір-бірімен бөлісе бастайды. Ал үшінші топ қатысушыларына жоғары пайызбен салым ашу ұсынылады. Яғни, әдеттегі жылдық 0,3 пайыздың ор­нына жылдық 5 пайызға дейінгі үстемеақы. Нәтижесінде екінші топтағы бір-бірімен ақпарат бөліскен топтың ақша жинауы тұрақты болады және олар алғашқы бақылау тобымен салыстырғанда 3,5 есе көп ақша жинайды. Сондай-ақ, осы топ айына орта есеппен алғанда табыстарының 8 пайызын депозитке құйып отырған. Бұл топтың қатысушылары ақша жинаумен бірге өмірдің қандай кезеңіне дайын болу жөнінде, артық қаржы жинау жөнінде қоғамға ақпарат беруге де ынталы болыпты. Ал енді жоғары пайыз үстемеақыға ие болғысы келген үшінші топтың жағдайы нешік? Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ең әлсіз эффект осы топқа тиесілі болып шыққан. Бұл зерттеу бізге не береді? Ақша жинаудағы мақсат өзің үшін, отбасыңның игілігі үшін болғанымен, оны жинауда да әдіс-тәсіл қажет екенін көрсетіп тұрғандай. Ақша жинауға ұмтылу, ақша жинау мәдениетін қалыптастыру үшін біздің қоғамға да осындай әдіс-тәсілдер ауадай қажет пе екен деген ойдамыз. Өйткені, бүгінгі күні одақтастар табу, бір дәрежеде ойлайтын адамдардың тобын жинау аса күрделі емес сынды. Аллаға шүкір, әлеуметтік желілер бар, санадағы «сенбестік синдромын» сылып тастау үшін бір-біріңді қолдап, бір-біріңе қаржы туралы ақпараттармен бөлісіп, қандай банкке жинаймыз, қандай салым ашамыз деген мәселеде қолдау көрсету барысында осы мәдениет өз-өзінен қалыптасатын сыңайлы. Осы орайда салым ашуға қатысты маңызды бір мәліметпен бөліскіміз келеді. Банктерде ашылатын салымдар туралы көпшілік белгілі бір деңгейде білуі мүмкін. Ал мемлекеттің де үстемеақысы қосылатын Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі арқылы жоғары оқу орнына қажетті қар­жыны жинақтау салымы туралы ақпараттар қоғамда сонша көп емес. Оның бірден-бір себебі, бұл жүйенің құрылғанына небәрі екі-үш жыл толды. Әр ата-ананың қасиетті парызының бірі – баласын оқыту дейтін болсақ, мемлекет тарапынан көтермеленетін, яғни банктің 14 пайызынан бөлек мемлекет тарапынан 5-7 пайызға дейін көтермеленетін, 10 миллион теңгеге дейін кепілдендірілген осы салым туралы да халық біле жүруі тиіс деген ойдамыз. Өйткені, қаржы жинау мәдениеті ең алдымен өз игілігіңе деген сенімнен басталады. Әрине болашақта бізді қандай жағдай күтіп тұрғанын ешкім дәл болжап айтып бере алмайды. Бүгін біз жаспыз, жұмыс істеу қабілетіміз де жоғары, оған қоса мүмкін жақсы табыс тауып жүрген де шығармыз? Ал балаларымыздың «үлкен өмірге» қадам басқан тұ­сында осы нығметтерімізді сақтап қалатынымызға кепілдік бар ма? Жас қартайып, бойдағы күш-қуат біртіндеп кеми бермей ме? Сонда өмірдің қандай тұсында да бізге көмекке келетін бір нәрсе – ерте бастан жиылған қара­жат. Қандай жағдайда да ақша тығырықтан шығарады. Ол – сенім, қауіпсіздік және күш. Сол үшін ата-ана отбасылық бюджетке шығын келтірмейтіндей жолмен табысының бестен бір бөлігін не оннан бір бөлігін Мемлекеттік білім беру-жинақтау жүйесіне салымын салып отыратын болса, олар баласы оқуға түсер кезде 30 пайыздан 70 пайызға дейін үнемдейтінін «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының өкілдері мәлімдейді. Өйткені, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің операторы осы акционерлік қоғам болып табылады. Компания бүгінде еліміздің қай өңірінде кімнің атына қандай депозит ашылғанын бүге-шігесіне дейін біледі. Нақты мәлімет бойынша бүгінде 15 мыңның үстінде білім беру жинақтау салымы ашылған. Балаларының нұрлы бола­шағын армандайтын ата-ана жай армандап қоя салмай, бүгіннен бастап ақша жинау керек деп ойлаймыз. Еліміздің ең таңдаулы оқу орнында оқытқысы келе ме немесе шетелде оқытуды қалай ма, ол – ата-ананың еркі. Бірақ, соған жету үшін ең алдымен қажет нәрсе – ақша. Тіпті, бала өз білі­мінің күшімен грант бойынша оқуға іліккен күнде де ата-ана ұтылмайды. Жинаған ақшасына сол балаға үй алып берер не болмаса басқа да қажеттіліктерін өтейді. Дәл осы мемлекеттік білім беру-жинақтау жүйесі әлемнің Бельгия, Малайзия, Канада, Нидерланд, Испания, Швеция, Ұлыбритания және АҚШ сынды елдерінде бар. Ол елдерде жинақтау депозиттері білім алудың дербес есепшоттары болып есептеледі. Мемлекет дербес есепшоты бар отбасыларды түрлі салықтардан босатады. Біздің ел мемлекеттік тұрғыдан жасалатын ондай зор игілікке жете қойған жоқ. Дегенмен, халықтың рухани санасы жоғарылап, ақша жинау мәдениеті өскен кезде, адамдар өз болашағына, балаларының болашағына жауапты екенін сезініп, әрекет ете бастаған шақта, мемлекет тарапынан болатын көмек­тер де еселене түсетін болар деп үміттенеміз. Мемлекет тарапы­нан болатын көмектің алғашқы қадамы жасалды. Ол – жылына 5-7 пайыз сыйлықақысы бар Мемлекеттік білім беру-жинақтау жүйесі. Ендігі қадам сіздердің тарапыңыздан, құрметті ата-аналар! Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»