25 Қараша, 2016

Технологиялар тілді игеруге көмектеседі

152 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
era_3439Елордадағы Назарбаев университетте «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» деген тақырыппен өткен симпозиум еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. «Назарбаев университетте қа­зақ тілін оқытуға ерекше назар ау­дарылады». Бұл – университет през­иденті Шигео Катсудың сөзі. Симпозиумды құттықтау сөзбен ашқан университет президенті баяндамасын қазақ тілінде жасады. Оның айтуынша, тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында жасалатын жаңа әдістемелік техно­ло­гиялардың көбеюі әрқашан да маңызды. Бұл орайда Назарбаев университетте жуырда ашылатын Қазақ тілі және түркітану департаментінің де мемлекеттік тілді дамытуға септігі тиері анық. Мемлекеттік тілді білу – парыз, өзге тілдерді игеру – қажеттілік деген тұрғыда өз ойын ортаға салған Парламент Мәжілісінің депу­таты Сауытбек Абдрахманов елі­міз тәуелсіздік алған тұста қоғамымыздың қазақ тілін меңгеру көрсеткіші 37 пайызды құраса, қазіргі кезде бұл 76 пайыз екенін алға тартты. Сондай-ақ, елімізде жүр­гізілген жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесінде мемлекеттік тілдің мәртебесі нығайып, қолдану аясы кеңейгенін, қазақ тілінде оқытатын білім ұйымдарының саны артып, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылғанын баяндады. Атап айтқанда, 1991 жылы қазақ тілінде оқытатын 2 700-ден аса мектеп болса, 2015 жы­лы оның саны 3 800-ге жетті. Ал балабақшалар саны 1 748-ден 5 709-ға дейін артқан. Қазақ тілі үш тілдің біреуі бо­лып қалмайтынын, үш тілдің бі­рін­шісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы болатынын кезінде Елбасы Н.Назарбаевтың айтқанын жиналған жұртшылықтың есіне салған Мәжіліс депутаты қазақ тілін дамыту саясаты жаһанданудың мәдени үрдісі – ағылшын тілінің кең қанат жаюымен қатар жүріп жатқанын мәлімдеді. «Әлемдік сипатқа ие болған бұл үрдіс Қа­зақ­станда да ағылшын тілінің әлеу­меттік беделінің күрт өсуімен ай­рық­шаланады. болашағынан үміт күтетін кез келген азамат өзінің тағдырын мемлекеттік тілмен байланыстыруы қажет. Сонымен қатар, біздің жастарымыз үш тілді еркін меңгеру арқылы өз елінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосатынын білуі тиіс», деді Мәжіліс депутаты. Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­дагогикалық университетінің про­фе­ссоры, педагогика ғы­лы­мы­ның докторы Фаузия Оразбаева қо­ға­мы­мызда көп тілді маман даяр­лауға ерекше көңіл бөлініп жат­қанын, алайда соның ішінде мем­лекеттік тілдің орны бөлек еке­нін айта келіп, университет тара­пынан атқарылған шаралардың бірі ретінде Білім және ғылым мини­с­тр­лігінің тікелей тапсыр­масымен жа­сал­ған орыс мектептеріндегі 1-11 сыныптарда қазақ тілін оқы­ту­ға арналған оқу-әдістемелік ке­шен туралы хабардар етті. «Бұл кешеннің инновациясы, жа­ңа­лы­ғы – деңгейлік, идеялық, тео­рия­лық, танымдық, әдістемелік, ұста­ным­дық, құзыреттілік пара­метр­­лерін басшылыққа алады. Уни­­верситетіміздің профессорлар құрамы мен орта мектептің мұ­ғалімдері бірігіп жасап шы­ғарған кешен тілді үйретудің төрт түрлі деңгейін басшылыққа ала­ды. 1-4 сыныпқа арналған дең­гей – «Тілашар», 5-7 сыныпқа арнал­ғ­ан деңгей – «Бойтұмар», 8-9 сыныпқа арналғаны «Тіл орда», 10-11 сыныптыкі «Алдаспан» деп аталады», деген профессор мек­тептің тілі бола алмаған тілдің мем­лекеттің тілі бола алмайтынына кө­ңіл аударды. Халықаралық симпозиум жұ­мы­­сы­на қатысып, баяндама жа­сағ­ан­дар қатарында отандық зиялы қауым өкілдерінен тыс, Қазан федеральды университетінің профессоры Хатип Миннегулов (Ресей), Гази университетінің профессоры Нажие Йылдыз (Түркия), Баку мемлекеттік университетінің профессоры Фируза Агаева (Әзербайжан) қатарлы зерттеу­ші­лер болды. Айта кетейік, симпо­зиум аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, панельдік секцияларда қазақ тілін оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістемелері талқыланды. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ