25 Қараша, 2016

Ж.Ерғалиев. 2014 жылдың тарихи оқиғалары

295 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
29-05-01jpgЖиырма бес жыл: Жеңістер мен жемістер Әр жылды қойып, жаңарып тұрар әр айдың өзінен қайыр-жақсылық тілер халқымыз 2014 жылды да өз шаңырақтарында ақ дастарқанын жайып қойып, Елбасының теледидар арқылы жолданар құттықтауымен қарсы алған болатын. «Біз Тәуелсіз­дігі­міздің тұғырлы, мемле­кеті­міздің ғұмырлы болуын қалаймыз. Сол үшін алда келе жатқан жылдан үлкен үміт, жоралы жақсылық күтеміз. Жаңа жыл Қазақстанның жаңа дәуірін жал­ғас­тырады деп кәміл сенемін. Жаңа жыл жақ­сы­лығын ала келсін! Әулеттеріңіз әрдайым қуаныш­қа бөлене берсін! 2014 жыл елімізді әлем­нің төрі­не шығаратын құтты жыл бол­сын!», – деген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз отан­дас­тарына арнаған осы бір бата-тілегі қабыл да болған еді. Біз ел Тәуелсіздігінің әр жылын айтпағанның өзін­де, тәуел­сіз­дігі­міздің бар тари­хын, оның әр күнін Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен әрдайым байланыстыра сөйлейміз. Өйткені, «Тәуелсіз Қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қолында ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше, Елбасы­ның тағдыры Қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл қос тағдыр – тұтас бір халық­тың тағдыры», – деп әуелгі бір айтқан ойы­мызды тағы да бір қайталап, тағы да бір жаң­ғырта отырып, 2014 жылды да Мем­лекет басшысы Тәуелсіз Қазақстанның одан әрі өсіп-өр­кендеу мен кемелденуінің бір кезеңі­не айнал­дырды. Қазақ елінің әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуы­ның жаңа кезеңі басталды. Қазақ елінің әлем­дік абыройы мен беделі одан әрі асқақтай түсті. Тұрлаусыз дүниенің әлемдік саясаты күн сайын құбылып тұрған кезең еді бұл. Әсіресе, кешегі кеңестік бір жүйеден шыққан Украина мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың ушыға түсуі мен әлемнің дамыған елдерінің Ресейге қарсы экономикалық санк­циялар қабылдауы әлемдік сая­сатқа да, әлемдік экономикаға да өзінің әсерін тигізбей қалмады. Әлем бойынша басты-басты қуат көздерінің рыноктағы бағалары құлдырап төмен түсіп кетті де, бұл әлемдік қаржы және экономикалық дағдарыстың одан әрі тереңдей түсуіне ықпал етті. Сол жағдай әлемдік экономика­ның құрамдас бір бөлігі Қазақ­стан­ның да жағдайына өз салқынын тигізбей қалмады. 2014 жылдың бас кезінде ұлттық валютамыз – теңгенің бағамы өзгеріске ұшырады. Алайда, Қазақстанның әлемдік дағдарысқа қарсы күні бұрын ойластырылып қойған және де соған орай жасаған батыл қадамдарының нәтижесінде еліміздің экономикасын қорғау мен қолдау дәйекті жүргізілді. Өйткені, Елбасы ХХI ғасырда жал­пы адамзат баласы тап бола­тын он түрлі басты қатерлерді талай жыл бұрын сан мәрте айта оты­рып, Қазақстанның осы бір әлем­дік дағдарыстың кез келген жағдайында дамуының жолдарын күні бұрын тереңінен ойластырып қойғаны да бар еді. 17 қаңтар күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан хал­қы­на арнаған өзінің «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы арқылы барлық қазақстандықтарды ел бірлігін сақтай отырып, бір мақ­сат, бір мүдде – Тәуелсіздік мүд­десі үшін ынтымақтаса еңбек ету­ге шақырды. Елбасы бұдан бір жыл бұрын, 2013 жылы «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қалып­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын жария­лап, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын да анықтап берген-ді. Мемлекет басшысы Қазақстанды ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу және «Мәңгілік Қазақстан» жобасын ұсынып, біз қадам жасайтын жаңа дәуірдің кемел келбеті мен басты мақсатын алға тартқан болатын. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – еліміздің әлеуметтік эконо­ми­ка­лық дамуының барлық сала­сын қамтитын және олардың үздіксіз өсуін қамтамасыз ететін жаңғырудың жаңа бір жолы еді. Сөйтіп, Елбасы әлемде тереңдей бас­таған «санкциялық соғыс» жағдайындағы Қазақ­станның экономикалық қауіпсіздігін тағы бір нығайта отырып, сенімді түрде ілгерілеудің қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалуының нақты міндеттерін белгіледі. Еліміздің алдында тұрған ел экономикасын қорғау мен одан әрі дамытудың аса жауапты әрі күрделі міндеттерін орын­дау үшін 2 сәуірде Үкіметті ауыс­тыру қадамы жасалды. Бұл «Қазақстан-2050» Стратегиясын ой­дағы­дай жүзеге асырудың амал­дары мен жолдарын тиянақ­тап, реттеу үшін қажет қадам еді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Кәрім Мәсімов Үкіметіне алдына түрлі шешімдер қабылдаудың біраз жүгін министрліктер мен өңірлерге беру арқылы құрамы жағынан шағын Үкімет құруды тапсырды. Соған сәйкес, тамыз айын­да Үкіметте өзгерістер мен қай­та құру жүргізіліп, сол тұстағы 17 министрлік пен 9 агенттік және 54 комитет ықшамдалып, бар­лық агенттіктер мен жекелеген министр­ліктер таратылды, енді бір­қатар министрлік біріктіріліп, 12 министрлік пен 30 комитет қана қалдырылды. Мәдениет және спорт, Энергетика, Ұлттық эконо­мика, Инвестиция мен даму сияқты жаңа министрліктер құрылды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезең­дерінен бастап, Қазақстан Пре­зиденті ел экономикасын дамыту­­ды жақсартып, елімізге озық үлгідегі жаңа тех­но­логиялар әкелу үшін шетелдік инвес­тор­ларға барынша қолайлы жағдайлар жасап келсе, енді мына дағдарысты жағдайда сол дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін тағы да бір тың қадамдар керек еді. Әлемдік дағдарыс дендеп тұрған заманда Қазақстанның инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту мәселесі күн тәртібіне шықты да, Елбасы әлеуетті де, дәулетті инвесторлар үшін ауқым­ды жеңілдіктер жасау жөнінде аса маңызды тың қадамдарға барды. Еліміздің болашағы үшін инвесторларды корпоративті табыс салығы мен жер салығын төлеу­ден 10 жыл бойы, мүлік салы­ғын төлеуден 8 жыл мерзімге босатуды тапсырды. Осы арада Елбасы әлемдік дағдарыс жағдайын­да отандық экономикаға барынша қолдау көрсете бастағандығын атап өтуге тиістіміз. Ел бойынша шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында Президент Үкіметке ұзақ мерзімді несиелендіру мүмкіндіктерін арттыруды, 2014-2015 жылдары Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлуді тапсырды. Сондай-ақ, қыркүйек айында мүлік пен капиталды жария ету басталды. Мұндай шараның Қазақстанда осымен үшінші рет жүргізілуі еді. Негізгі мақсат «көлеңкелі эко­но­микадағы» қаржыны заңды айна­лымға шығару болса, бұл шара әлі де жалғасып жатыр. Елбасы өзінің Қазақстан хал­қы­на 2014 жылғы 17 қаңтар­дағы Жолдауында Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының ал­ды­на жеке секторға мемлекеттің үлесі бар кәсіпорындарды беруді тапсы­рып, бұл міндет 2014-2016 жыл­дарға арналған жеке­шелен­діру­дің кешен­ді жоспары бойынша жүзеге асырылуға тиіс­ті болды. Бұл м­а­ңыз­ды істің ашықтығын қамта­масыз ету­ге де мән берілді. Мем­ле­кет­­тің мен­шігіндегі нысан­­дар­­ды сату­ды Қаржы министр­лігі­нің Мем­ле­­кет­тік мүлік және жеке­шелен­діру комитеті тек бірыңғай электрондық сауда жүйесі арқылы жүзеге асыратын болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы осы болатын. Қазақстанның ішкі және сырт­қы саясаттағы тұрақтылығы мен сенімділігінің арқасында халық­ара­лық қаржы институттары да еліміздің экономикасына қолдау көрсетуден бас тартқан емес. 2014 жылы Қазақстан, атап айтқанда, Дүниежүзілік банкпен – 2,5 мил­лиард, Азия даму банкімен – 1,6 мил­лиард, Ислам даму банкімен – 1,1 мил­лиард, Еуропа қайта құру және даму банкімен 550 миллион доллар мөлшеріндегі ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге келді. Бұл мемлекеттік үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасын одан әрі табысты жүргізу­ге оң ықпал жасады. Қазақстанның көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне айрықша мән бере отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің іргелес және Еуропа мен Таяу Шығыс мемлекеттеріне құрлық, теңіз арқылы шығуды қамтамасыз етудің тарихи маңызын әркез өз назарынан тыс қалдырып көр­ген емес. Соның бір жарқын мысалын­дай, 2014 жылы «Өзен – Берекет – Горган» халықаралық темір жол құрылысы аяқталып, «Жезқазған – Бейнеу» желісі Орталық Қазақ­станды Ақтау теңіз порты арқылы Түрікменстанмен, одан әрі Парсы шығанағымен жалғастырды. Сон­дай-ақ, ұзындығы 1200 кило­метр болатын «Арқалық – Шұбар­көл» және «Жезқазған – Бейнеу» темір жол желілері де іске қосы­лып, «Арқалық – Шұбаркөл» магистралі арқылы Қазақстанның орталығынан Ресейге, одан әрі Батыс Еуропа елдеріне шығу мүм­кін­дігі қамтамасыз етілді. 2014 жылғы 29 мамыр, Астана! Әлем назары тағы да Қазақ елінде болды сол күні. Елордамызда Қазақ­стан, Ресей, Беларусь мем­ле­кет­терінің басшылары 2015 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін Еуразиялық эконо­мика­лық одақ (ЕАЭО) құру шарты­на қол қойып, бұл тарихи құжатты бекітті. Бұл Қазақ елінің, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі еді! Бұлай деуімізге Мемлекет басшысының сол күні отандық және шетелдік телеарналарға берген сұхбатын негіз етіп отырмыз. «Бұл менің осыдан 20 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінің қабырғасында айтқан идеям болатын. Шекаралар ашық, адамдар алаңсыз қозғала алады, пойыздар да, жүктер де ешқандай тексерусіз қозғала береді. Яғни, кеңіс­тік үш мемлекеттің көлемі­не ұлғаяды, экономика күшейе­ді және осының бәрі біздің игілі­гі­мізге қызмет етеді. Бұл маңызды оқи­ға болды», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Және де 2014 жылғы тәуелсіз еліміздің тари­­хын­­дағы тағы бір елеулі оқиға – Қазақ­­стан­ның Дүниежүзілік сауда ұйы­мына кіруі туралы шешім­­нің қа­былдануы. Бұл орайда Мем­ле­кет басшысының Бельгияға қыр­­күйек айындағы ресми сапары кезінде Қазақ­стан Республикасы мен Еуропалық одақ ара­сындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынты­­мақ­тастық туралы келісім табыс­ты болып, Қазақ­стан­ның Дүние­жүзілік сауда ұйымына кіруі мәсе­лесі жөніндегі келіссөздер түбе­гейлі аяқталғандығы – тәуелсіз ел тарихының жарқын беттерінің бірі. Осы бір тарихи сәтті Елбасы өзінің туған хал­қына: «Бұл маңыз­ды оқиға, оған қол жеткізу үшін 15 жыл жұмыс істедік, барлық 160 мемле­кет­пен келіссөз жүргізу оңай­ға соққан жоқ. Мен оған тіке­лей араласып, АҚШ, Ресей және Үндістан пре­­зи­­­дент­терімен, барлық мемлекеттермен, Еуро­одақ­­пен сөйлестім. Қазір біз қорыту­шы кезең­де тұрмыз», – деп қуана жеткізді. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­­ның қазақстандық телеарналар ар­қы­лы айт­қан бұл хабары ел мерейін асқақтатып әкетіп еді. Бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр­ған жағдайда 2014 жыл­ғы 11 қа­раша күні Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Қазақстан халқына «Нұрлы жол –болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жариялаған болатын. «Қазақстанның «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты туралы жариялаймын, – деді Елбасы өзінің сөзінде. – Мен 2015 жылға арналған халыққа жаңа Жол­дауым­ды осыған арнаймын. Ол контрциклды сипатқа ие болады және біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жал­ғас­тыруға бағытталады. Елбасының осы Жолдауындағы: «Қадірлі халқым! Біз жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы жолға айнал­дырдық. Қажыр­­лы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы жолда бірлігімізді бекем­деп, аян­бай тер төгуі­міз керек. Mәңгілік Ел – елдің бірік­тіру­ші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол – «Қазақстан-2050» Страте­гия­сының ғана емес, XXI ғасыр­дағы Қазақстан мемлекеті­нің мызғы­мас идеялық тұғыры! Жаңа қазақстандық пат­риотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамы­ның осындай ұлы құн­ды­лығы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келе­шек­ке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесің­ді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы! – деп барша қазақстандықтарды елдің бірлігі мен тұтастығын сақтап, нығайтуға шақырды. Елбасының осы бір ауыз сөзі бүгінге де, келер ұрпақ үшін де мәңгілік аманат болып қала берері анық. Сондай-ақ, Саяси кеңес отыры­сын­ың қоры­тын­дысы бойынша, «Нұр Отан» партиясы­ның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы бағдар­лама­сының қабыл­дануы да жыл­дың елеулі оқиғасы болды. Қоры­­та айтқанда, Елбасының Дағдарысқа қарсы бағдар­лама­сы Қазақстан­ның күрделі кезең­дердегі Жаңа эко­но­ми­­ка­лық сая­сатын тұ­жы­рым­­дап бер­­ді. Әсіресе, ин­ф­ра­құры­лым­­­дық дамуға айрықша мән бе­ре отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеті басым­дық қа­­­та­­рын­­да: көлік-логистика­­­лық, и­н­­дуст­рия­лық-инновация­­­лық, энер­­­ге­ти­ка­лық, тұрғын үй, тұр­­ғын үй-ком­м­уналдық, әлеу­мет­тік инфрақұрылымдарды, сондай-ақ, шағын және орта бизнесті қолдау қажеттігін айтуы Қазақстанның әлемнің ең дамы­ған 30 елінің қатары­на қосылу жолындағы істер­ге серпін беріп отыр­ған­ды­ғын уақыттың өзі растап, қуатта­ғанының белгісі еді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қару­­сыз әлем құрудың бас архи­тек­торы екендігін дүние мойын­дағалы қашан! Тәуелсіздік алмай тұрып, яғни 1991 жылдың 29 тамызында қазақ жерінде қырық жыл бойы қырғын салған Семей ядролық сынақ полигонын жауып, жалпы адамзатты жойқын қатерден құтқаруға тұңғыш болып жол салған, тұңғыш болып тұтас әлемді ядролық қару­сыз бейбіт өмір сүруге шақырған Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыс мәселелері бойынша күні бүгінге дейін көшбасшы болып келеді. Соның бір айқын көрінісіндей, наурыз айында Нидерланд­тың Гаага қаласында өткен Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі сам­митке қатысқан Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанынан ядро­лық қарудан бас тартқан мемлекеттерге, сондай-ақ, өңірлік ядросыз ай­ма­қ­тар туралы келісімдерге қол қойған барлық елдерге ядролық державалардың кепілдігін сақ­тау жөніндегі Халықаралық мони­торинг бюросын құру тура­лы ұсынысы саммитке қатысу­шы­лардың бәрінің де зор қызығу­шылығын туғызып еді. Сол жолы Қазақстан Президентіне бұрын-соңды ешбір мемлекеттің бас­шы­сына көрсетілмеген ай­­рық­­ша бір құрмет көрсетіліп еді. Адам баласын толғандыратын осы бір жүрекжарды оқиға туралы кезінде мына бір ойымызды: «2014 жылдың наурыз айының 24 жұлдызы! Қазақстан Респуб­лика­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Еуропаның Гаага қала­сында қырмы­зы қызғал­дақ­тың «Президент Назарбаев» деп аталатын жаңа түрі танысты­рыл­ды. Бұл жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып келе жат­қан тарихи зор үлесі үшін Елба­сына барлық әлем­­­нің сыйлаған алғыс гүлі ғой деп ойладым. Қыр­­­­дың топырағынан нәр алды дей­тін сол қыр­­мызы қызғалдақтың нәзік­тігін­дей адам үміті де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бүр жар­ды», – деп осы «Егемен Қазақ­стан» га­зеті­нің (5 шілде, 2014 жыл) бетін­­де жазған да, айтқан да бола­тын­быз. Кешегіні бүгінмен байланыс­тыра сөйлер болсақ, әлемнің қазақ­тың бір перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген осы бір ыстық ықыласының Елба­сы­­­ның таяудағы Жапония сапа­ры кезін­де тағы да жүрек тебі­рент­ті. Күн­шығыс елінің халқы үшін хри­зантема гүлі аса қасиет­ті сана­лады. Жапондықтар хризан­тема­ны бақыт гүлі деп қастер тұта­ды. Жапонияның гербін­де де осы гүл бейнеленіп, хризан­тема Күн­шығыс елінің және оның им­пе­ра­торы­ның көрінісі ретін­де таны­ла­ды. Сондықтан да жапон­дықтар жыл сайын бақыт гүлі – хри­зантеманың жаңа түрін ойлап табу­ға, оның одан әрі көрікті бола түсуі­не айрықша мән береді екен. Соң­ғы бес жылдан бері 50 мың гүл­дің ішінен өзінің әдемілігімен ерек­ше көрінер бақыт гүлінің жаңа түрі­нің ендігі атауы – Президент Назарбаев». Мұндай құрмет бұған дейін бірде-бір әлемдік саясаткерге көр­сетілмеген еді. Ежелден өз хри­зан­темаларын бақыт пен ақыл­дылықтың бел­гісі деп танитын және де нені болсын әб­ден ойлап барып жасайтын жапондықтар Нұрсұлтан Назарбаевты бейбіт­сүй­гіш Президент ретінде тани­тын­дықтарын ғана білдіріп қой­май, Елбасының бойындағы кемең­гер­лік пен даналыққа әбден көңілдері де толып, риза болғандарынан жасап отырған ізгі бір сый-құр­мет­тері деп таныдық та, әр қазақ­стан­дық үйімізде отырып, қуана қол соқтық. Әдеттегідей бұл жолы да әлем­дік саясаттағы Қазақстанның және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың абыройы тағы да ас­қақ­тай түсті. Жалпы, Елбасы адам­затты толғандырып отырған жаһан­дық мәселелерді шешуге бел­­сене араласып қана қоймай, сол түйт­кілді де тығырыққа тірел­ген жай­лардан жол тауып шығу­дың нақ­ты­лы бір жолдарын ұсынып, ба­тыл қадам жасай білер парасат­ты­­лы­­ғы­­мен де әлемді тәнті етіп келеді. Елбасы жайлы ойлар мен пікірлер кітабымда «Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзаттың бүгінгі және ертеңгі тіршілігіне қатысты кез келген мәселені бүркемелемей, жағдайға нақтылы әрі ашық баға беріп отыруы әлемдік саясаттың тамыр бүлкілін бірқалыпты ұстап тұруға әсер етіп келеді», деп және де «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзаттың жаңа дәуірінің, яғни ХХІ ғасырдың сая­си дүниесі мен келбетін түбі­рі­нен өзгеріп сала беруіне өз үле­сін барынша қоса да білген және қосып та келе жатқан сараб­дал саясаткерлігін әлем толы­­ғы­мен мойындады», деп айт­қан бір пікірімізді тағы да қайта­лай отырып, біз, яғни, Қазақ елі Нұрсұлтан Назарбаевтың бір ұлттың не болмаса бір мемлекеттің мүддесі аясында ғана шектеліп қалмай, жалпы адамзаттың мүд­десін ойлай келген ниетімен дара­лана білдік. Және де әлем ал­дындағы зор абыройы мен беделі­нің арқасында Елбасы Қазақ­станды әлемдік саясаттағы еш таласы жоқ халықаралық абы­рой­лы әрі жауапты да сенімді серіктес дәрежесіне жеткізді. Осы айтып отырған жайлары­мызды 2014 жылдың еншісінде қалған әлемдік тарихтың қазақ­стан­дық беттерінен танып алу­ға әбден болар еді. Бұл жылы Елба­сы жаһандық дағдарыстан барлық дүние мемлекеттерінің бірлесіп, бірге күш салып шығу жағдайын ойластыруды қамда­ды. Әлқисса, әуелі Швейцарияда өткен Дүниежүзілік экономикалық және де содан кейін Біріккен Араб Әмірліктерінде болған Дүние­жүзілік Х ислам экономика­лық форумдарында, VІІ Астана экономикалық форумы мен тағы да Қазақстанның Астанасында өткізілген Дүниежүзілік дағдарыс­қа қарсы ІІ конференция сынды ірі халықаралық сипаттағы ірі форум­дар­дың мінберлерінен Нұрсұлтан Назарбаевтың үні асқақ естілді. Қашан болсын, кез келген мәселені тереңінен зерделей білер Елбасы халықаралық осы жиын­­дарда да әлем мемле­кет­­терінің басшылары мен саясат­шы­ларын ақыл мен пара­сат­­қа, сабырға шақырса, қаржыгерлер мен экономистерді дағ­дарыс­тан шығудың тиімді жол­дар­ын іздеуге шақырды. Сол себеп­тен де, 2014 жылы дағдарыс­қа қар­сы дүниежүзілік форумдар­дың екеуінің бірдей әр кездері Астанада өтуі біздің Елбасының жалпы адамзатты толғандырып, кез келген, тіпті дамыған деген мем­лекеттердің өздерін қос бүйір­лерінен қыса бастаған дағдарыстан тезірек шығудың бүгінгі өркениет алдындағы жауапкершілікті тереңінен сезіне білгендігі дер едік. Және де дағдарысы бір жағы­нан, санкциялық әрекеттері екінші жағынан ала бастаған әлемдік даму­дың күрделі кезеңінде Қазақ­­стан Республикасының сырт­қы саясаттағы беделі де, белсен­ділі­гі де арта түскен-ді. Қазақ елі­нің қос қапталында жатқан Ресей мен Қытай сияқты ежелгі мүд­де­лес көршілермен де, сондай-ақ, АҚШ, Еуропалық одақ сияқты дүние жайын бақылап та, реттеп те оты­ратын ықпалдылармен де қарым-қатынас жасаудың көп­век­­тор­лылығы Елбасының түн ұйқ­ы­­сын төрт бөліп, тереңі­нен зер­­делей отырып атқарған қажыр­лы қызметінің, әлемдік абы­ройы және де барша қазақстан­дық­тар­дың ынтымағы мен ел бірлігінің ар­қа­сында сақталып қалды, әлі де солай! ХХI ғасырдың әлемдік сая­саты­нан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған және де табан тірей отырып жүзеге асырып та келе жатқан, енді толық мойындалып та болған еура­зиялық интеграцияны одан әрі тереңдетуге біздің Елбасындай ешбір мемле­кет­тің басшысының жаны шырыл­даған жоқ. Бұл – тарихи ақиқат! Кешегі кеңестік жүйенің бір шаңы­ра­ғының астында болған бүгінгі Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­ты­ғы елдерінің бір-бірлерімен өз­а­ра тиімді қарым-қатынас жасау мәселесіне арналып қазан айын­­да Минск қаласында ТМД мем­лекеттері басшыларының кеңесі мен Еуразиялық эконо­мика­лық қоғам­дастық мемлекет­аралық кеңе­сінің отырыстары, желтоқсан айын­да Мәскеу қаласында Ұжым­дық қауіпсіздік шарты ұйымы кеңесінің кезекті сессиясы өтіп, бұл алқалы жиындардың да тақырып арқауы Қазақстан ұсыныстары мен бастамалары болды. Қазақ елінің батысындағы Атырау қаласында қыркүйек айында көмірсутегі саласындағы инновациялық технологияларды бірлесе қол­дану туралы Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңірара­лық ынты­мақтастық форумы еуразиялық инте­грацияның жаңа бағытпен дами түсуіне өз әсерін тигізсе, Елбасының қыркүйек айын­дағы Бельгияға ресми сапары Қазақстан Респуб­ликасы мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақ­тас­тық­тың жаңа көкжиегін ашты. Қашан болсын әлемнің тыныш­тығы мен жалпы адамзат бала­сының бір-бірімен бейбітқатар өмір сүруіне өзінің бар саналы ғұмыры мен ақыл, парасатын сарп етіп келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың ушығып бара жат­қан халықаралық жағдайлар­ды сабырлы келісіммен реттеуге ара­­ағайындық жасауы тағы да біздің ел мен Елбасының дүниенің төрт құбыласын түгендеу және қантөгіссіз сақтаудағы сауапты іс болды. Елбасының ағайынды татуластыру мен басын қоса білуі парасат-пайымды жанның ғана қолынан келер іс еді. Осы ретте, Ресей мен Украина­ның шекаралас аймақтарында қарулы қақтығыстарға жол беріле басталған 2014 жылдың наурыз айынан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасын­дағы үнқатысудың қажет­тілігі жайындағы тезисті алға тарта отырып, Ресей, АҚШ, Гер­мания, Ұлыбритания сияқты және де өзге де мүдделі елдердің басшыларымен телефон ар­қылы байланыс жасап, ұдайы келіссөздер жүргізумен болған еді. Біздің Президентіміздің осы бітімгершілік саясатының оң ықпалы тиіп, 2014 жылдың соңында Ресей, Украина, Германия және Франция басшыларының қатысуымен «Норманд пішімін­дегі» келіссөздер бастау ниеті орнығып, сол жайында түбегейлі уағдаластыққа қол жеткізілген-ді. 2014 жыл! Бұл жыл қасиет­ті жер бетінде «Президент Назарбаев» қызғалдағы құлпырған құт­ты да берекелі, абыройлы жыл болды. Қазір­гі дүниенің ала­са­пыран­ды кезеңдерінде де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көптіл­ді, көпкон­фес­сиялы елдің ішкі тұрақ­тылығын сақтай отырып, «Нұр­лы жол» бағдарламасы бо­йын­­ша ілгері басып, дамып келе жат­қан Тәуелсіз Қазақстанның 2014 жыл­ғы жылнамасы да, сөз жоқ, әлем­дік көне тарихтың абы­ройлы алтын бір парағы болып жазы­лып қалғаны анық еді. Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты