25 Қараша, 2016

Тарихи тағдырдың табиғи тағылымдары

176 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
tarikhi-tagdyrdyn-tabigi-tagylymdaryЕліміз Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қай кітабын алсаңыз да халқымыздың тарихи тағдырындағы танымдық тағылымдар тайға таңба басқандай нақтыланып, бар ақыл-ойыңды ұлттық ұлан-ғайыр қасиеттер мен өсиеттерге аударып отырады. «Ұлы Дала ұлағаттары» соның айқын бір дәлелі. Бұл еңбегінде Президент ұлтты оның болашағының ұшар биігіне тілі алып шығатынын ескертеді. Бұл жалпы, исі қазақтың ой-санасында жаңғырып тұратын, ар-намысына айналып, абыройын асқақтата берудің алғышарты. Өткен 25 жылда осы бағытта аз жұмыс жасалды ма. Қызыл өкіметтің озбыр саясатының салқыны тиген саңлақ тіліміз аяусыз бүлінді. Ойлау жүйеміз де, сөйлеу мәнеріміз де орысшаға ойысып, келер күндерімізге кем-кетік тілмен кетіп бара жаттық. Енді осыны денемізден ысырып тастау оңай болмады. Қызыл саясаттың бәріне көнген, бәрін мойындаған соның алдында құлдыраңдап, құлдық ұру психологиясынан арылу анау айтқандай, оңай емес, әрине. Соған қарамастан, тәуелсіздік жылдары қыруар жұмыс атқарылды, бұрын-соңды болмаған қаншама қазақ мектебі, қазақ балабақшасы ашылды. Бұл тірлік одан әрі баянын табуда. Іс-қағаздарын қазақша жазуға, қазақша сауалымызға, қазақша жауап алатын жағдайға жеттік. Айғайға аттан қоспай. Біз сияқты унитарлы мемлекетте, тұтас елдік процесте апыл-ғұпыл асығыстық, төске өрлеп, басқа шауып кете беру жақсылыққа жеткізе қоймайды. Сол себепті де Елбасымыз сабырлы, салиқалы саясат ұстанды. Ақырын жүріп, анық басты. Айналаға абай болды. Мемлекеттің, халықтың қандай да арман-мақсатын көңіл-күйдің емес, ақылмен алып жүру ақыр соңында ұлттық қазынамыз – тіліміздің көсегесін көгертумен келеді. Осыны біз қаншалықты бағамдап, бағаладық. Тіл мәселесінде ауызды қу шөппен сүртіп, оның жалғыз жоқтаушысы болып көрінетін қайраткерлік технологияны игеріп алған «абыздарды» көрдік. Қаржысы барлардың үлкен бөлігі ана тілін дамытуға қызмет ететін үлкенді-кішілі объектілер орнына әкелері атындағы мешіт салумен жарысқа түсіп жүр. Тіл атымен не болса, соны ойлап тауып, ақша тапқысы келгендер де кездесті. Теледидар экранынан «Шешендікті үйрететін курс ашылды» деген хабарды естігенде таңғалдық. Ақылы курс. О заман да, бұ заман шешен сөйлеуді қалай үйретуге болады. Ол туа бітетін қабілет-қасиет қой. Осындай жағдайлар әр адамға ой салуы керек . Тіл – адамның, тұтастай халықтың жүрегіндегі тереңдік пен қуаттың, отаншылдық пен күрескерліктің Рухы. Оның мәртебесі әлгі қасиеттермен асқақтайды. Біздің Президентіміз «Дін мен дәстүр» жайында әңгіме болғанда, кемеңгер Абайдың «Құдайшылдық – жүректе. Қалпыңды сақта» деген сөзін ерекше еске салумен келеді. Ең әуелі адам тұр. Оның ақыл-ойы, пайым-парасаты, ниеті мен пейілі, талғамы мен танымы тұр. Осының барлығына ие ұлттың ислам дінінен іздейтіні қандай негіздер? Әрине, Елбасымыз айтпақшы, оның өзінің де қалауы – халықшылдық, мемлекетшілдік. Мұндай жағдайда, жалаң ұран жарамайды. Жалаң ұранды жаба тоқып жүре берсек, діни сезімнің қазіргі балаңдық күйінен шыға алмай қаламыз. Біздің ата-бабамыз шариғаттың біраз шарттарына адал болғанымен, ислам дінінің көптеген ғылыми танымдық концепцияларын білген де жоқ. Қазіргі өзіміз де сондаймыз. Ата-бабалар қатыгез, қара ниет, опасыз, жаман адамдарды «дінсіз» деп есептеді. Яғни кісінің адамгершіл, адал, қайырымды және иманды болуын діннен іздеді. Діннің осы ұстанымдары ұрпақтан ұрпаққа аманат болып қалды. Сол арқылы ұшы-қиыры жоқ даламызда Елбасымыз айтатын қонақжайлылық, меймандостық, кемтар мен кедейге қамқор қолын созушылық, бауырмалдық сияқты адамгершіл, гуманистік ұлттық ұлағатты мінез қалыптасты. Қазақ соның көрінісін аз көрсеткен жоқ. Бір ғана репрессия жылдары қаншама ұлттың өкілдеріне жарты нанының жартысын бөліп беріп, аман сақтап қалды. Тың көтеру жылдары жеріне келген 3 миллион адамды өгейсімей құшағына сыйғызды. Қазір қаншама ұлтты бауырымызға басып отырмыз. Президент ата-баба дініндегі көк Тәңіріне табынған тарихи көріністі де айналып өтпейді. Табиғатымыздағы жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелеудегі тағылым ретінде. Нұрсұлтан Назарбаев өткен 25 жылда қандай мәселеде болмасын адуын мінез танытпай, бәріне байыпты қараудың үлгісін танытып келеді ғой. Мына еңбегінде де сол парасатты қалпын алға тартқан. Діндегі қазіргі алауыздыққа тарихи, ғылыми тұрғыда дәлелді түсінік беруді қалайды. Ислам дінінің өткендегі өркениеті бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Жарық дүниенің барлығына, соның ішінде адамға деген обал-сауаптың жөні бөлек. Президенттің меңзейтіні – обал-сауапты қаперінен шығармайтын мұсылман мұсылманға, адам күллі адамзатқа жамандық жасамайды. Осы пейіл-ниеті жолында ол қыруар шаруа тындырып та жүрген тұлға. Ресей мен Түркия, тағы тағы елдердің ымыраға келуіне дәнекер болып, қанша жұртты өзара ынтымақ-берекеге шақырып жүр. Бәрі де қанындағы ата-бабамыздан қалған қасиетті ұстаным. Жаңа дәуір – адамның саналық кеңістігін жаман әрекеттерімен жаңылттырып, жаулап жатыр. Көктен түскен 4 кітаптың да айтатыны – өлтірме, өтірік айтпа, нәпсіңді тый, адамға жақсылық жаса. Ислам дінінің сан тарау сүрлемдерінің арасындағы осы төрт діңгек­тің әр­қайсысын ақылға салатын, жер басып жүрудің басты қағидасына санайтын адамдар аз ба, көп пе. Әсіресе, жастар арасында. Оларға көбейіп келе жатқан мешіттердің көмегі қанша. «Мешітке жастар көп келеді» деу аз. Көп келіп жатқан жастардың жан дүниесіне тазалықтың, ақиқаттың, ақыл-ойдың нұрын төгу мүлде бөлек әңгіме. Олардың ниет-пейілі біркелкі болсын. Елбасының еңбегіндегі біз айтып отырған тақырып – діннің тазалығы, оның табиғи өміршеңдігін ұлттық дәстүрімізден бөліп қарауға болмайтындығы. Ата-бабамыздың өмір сүру дәстүрінің ең басы – бейнет болды. Берекеге жеткізетін бейнет. Алты ай жаздың аптабы, алты ай қыстың ақпанына жалғасып жататын жанкешті тірлік. Күнкөрістің қулық-сұмдығы, ұры-қаралығы, кісі ақысын жеуі, жаман ойлары болмайтын табиғи заңдылығы. Інінің баласын аға, ағаның баласын ата-ана бауырға салып, ыстық ықылас мейіріммен өніп-өсу заманы. Жетімді жылатпаған, жесірді қаңғыртпаған рәсім. Қызға қырық жерден тыйым болған тәртіп. Осының бәрі атадан қалған аманат – алғаусыз адам болу дәстүрі. Досқа күлкі, дұшпанға таба болмаудың жолы. Елбасымыз өзінің осы еңбегінде ұлттың ұлы көшіндегі тарихи тағдырының табиғи тағылымдарына айнымас адалдыққа шақырады. Қай кезде де Қазақстанның болашағын жастардан көретін ол Тәуелсіздігімен тебіреніп, теңіздей теңселе алатын, тепсе темір үзетін текті перзенттердің сенімді ақтайтынына сенеді. Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері