25 Қараша, 2016

Өмір бойғы арманымды жазған екен

172 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
asyly-osmanБұл еңбекті оқып шығып, мем­лекеттік тілге қатысты тарауларды қарай отырып, «Е, Елбасы менің өмір бойғы арманымды жаз­ған екен» деген ойға келдім. Елбасының тіл туралы айт­қанынан әлі асырып айтқан адам жоқ. Мемлекеттік тілдің мәселесі көтерілетін жерде «Қазақтың өнері бармақтың басында, тілдің ұшында» деген сөзді жиі қолданып жүретінмін. Сөйтсем мұны да айтқан Мемлекетіміздің басшысы екен. Бұрын да қазақ тілінің сөзі сөйленетін жерде аузымыз жеткенше шырылдап, айтудай айтып келеміз, жазуымызда да кемістік жоқ. Бірақ «Ұлы Дала ла­ғаттарында» осының бәрі сон­шалықты толғанып, тебіреніп, жетемізге жеткізіліп, күйзеліп те жазылған жолдарды оқып, жүрегім езілді. Жаным ауырды. Өйткені тіл туралы сөз − ең жанды жеріміз екенін Елбасымыз айтып келеді. Тәуелсіздіктің өзі бізге оңай­лықпен келмеген болса, тілге мемлекеттік мәртебе берілуі өлшеусіз сый екенін саналы қазақ түйсінеді. Бірақ үлкен қызмет атқарып отырса да, ана тілінің халіне жүрдім-бардым қарайтындар әлі жеткілікті екенін Елбасымыз жазып отыр. «Халықтың көз алдында жауапты қызметтерде отырған қазақтардың өздері мемлекеттік тілді менсінбейді» деген жолдарды айызым қанып оқыдым. Бірақ айналайындар-ау, мына жаһандану заманында қазақ тіліне өзіміздің жанымыз ашып, өзіміз жалаулатып, өзіміз жарқыратпасақ, кім оның сырттан келіп көсегесін көгертеді? Елбасы да осы кітапта, бәріне кінәлі ұлттық намыстың аздығы екенін айтыпты ғой. Мен Елбасын жан-дүнием­мен түсінемін, саясатын қол­дай­тынымды, парасатына бас иетінімді ешқашан жасырған емеспін. Алайда жаныма тиетіні, осы тіл мәселесіне келгенде неге бір жұдырықтай жұмылып, мемлекеттік тілде бір кісідей сөйлемейміз? Кім келіп біздің аузымызды жауып жатыр? Бұл кітапта тәуелсіздікке дейін де тіл үшін күрес пен текетірестер жүргені жазылған. Тәуелсіздіктің өне бойындағы тілді дамыту үшін жүргізілген бастамалар да, бағдарламалар да қамтылған. «Қазақтың болашағы – қазақ­тың тілінде», «Қазақ қазақпен қазақ­ша сөйлессін» дегенді де айтқан Елбасы. Бұл кітабында соның бәрін ретімен еске түсіріпті. Мұның бәрі менің жаныма өте жақын жағдаяттар болғандықтан, осы тараудағы Елбасының қасиетті тіл алдындағы жауапкершілігін, жан тебіреністерін сеземін. Содан бері не өзгерді деп сұрақ қояды автор. Ұтқанымыз, ұмытқан тұсымыз, тіпті ұтылғанымызды да ауыр да болса мойындапты. Елбасы жаһандану жағдайында жалғыз тілмен қала алмайтынымызды да біліп отыр. Енді тілді сақтайтын да дамытатын да − қазақтың шұрайлы тілі қалыптасқан орта, қазақтың өнері. Елбасы жазып отырғандай, қазақ тілінің қанық бояулары сіңген – халық әндері. Меніңше, тілді дамытуға мәдениет саласы да, өнер адамдары, мына сіз бен біз, баршамыз жауаптымыз. Ендеше ағайын, тіл мәселесіне келгенде мемлекеттік тілге тілекші болайықшы. Осы айтылғандардың кілтін тауып, қазақ тілінің ғұмырын баянды етейікші. Ана тілі әркімнің өзі үшін керек болса, мемлекеттің тілі ұйыс­тырушы негізгі фактор. Ал біз кешегі небір Алаш арыстары армандап өткендей, қазақ тілін Ата Заңмен төрге шығардық. Енді қазақ тілінің ғұмыры ғасырдан ғасырларға жетіп, тіл шаттығы тарқамасын, мұндай бақыт ортаймасын мәңгілік дейтін болсақ, онда бізге үлкен табан­дылық керек. Сондықтан да аталмыш туындыдан мен өзіме керегімді таптым, талмай айтып жүрген армандарымды оқыдым. Асылы ОСМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері   АЛМАТЫ