25 Қараша, 2016

СІМ-де көрме ашылды

217 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
bal_0932 Бүгін Сыртқы істер министрлігінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында «Тәуелсіздік Туы астында» тарихи-деректі көрме ашылды. Оның өтуіне аталған ведомство мен Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты ұйытқы болды. Іс-шараның ашылуынан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифингте сөз алған Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ширек ғасыр ішінде Қазақстанның мемлекет ретіндегі қалыптасу кезеңдерін, қол жеткізген жетістіктерін айқындайтын құнды құжаттар мен фотосуреттер қойылған көрменің маңызы айрықша екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол: «Бұл ретте, мен ең алдымен, Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының директоры Борис Жапаровқа, Мұрағат қызметкерлеріне осындай игі шараны өткізу үшін үлкен ниеттестік танытқаны, жұрт назарына ұсынылған құжаттар төңірегінде үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізгені үшін ризашылығымды білдіргім келеді», – деді. bal_0916 Борис Жапаров Тәуелсіздік жылдары мемлекет алдында үлкен міндеттер қойылғанын, ол міндеттерді шешу, экономиканы тұрақтандыру, алға қарай дамыту нақты демократия мен нарықтық қатынастарға негізделуімен ерекшеленгенін жеткізді. «Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, халықаралық ұйымдарға өз еркімен мүше болу мүмкіндігін алды. 1992 жылдың 30 қаңтарында Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүшелікке өтті. Ал 1992 жылдың 2 наурызында  еліміз БҰҰ-ның толық мүшесі болды. 1993 жылдың қазан айында Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүшелікке кірсе, 1994 жылдың 24 мамырында арнайы құжатқа қол қоя отырып, еліміз НАТО-ның «Бейбітшілік жөніндегі әріптестігі» ұйымының 19-шы мүшесі болды. Жалпы, XX-шы ғасырдың соңындағы тарихи кезеңде Қазақстан адамзаттың, жалпы дүниенің қасіретіне айналған Семей ядролық сынақ алаңдарын жабу, Кеңес Одағының еншісінен өткен ядролық қарулар  мен оның жеткізу құралдарынан өз еркімен бас тарту арқылы әлемге бейбітсүйгіш мемлекет ретінде танылды», – деді Борис Жапаров. bal_1062 Сонымен қатар, ол  еліміздің дербес мемлекет ретінде қалыптасуы мен халықаралық қауымдастықта жеткен жетістерінің тарихы Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының қорларында сақталған құжаттарда толықтай көрсетілгенін айтты. «Онда ресми-хроникалық құжаттармен қатар, саяси және қоғамдық ұйымдардың материалдары, Тәуелсіздік кезеңінің мерзімді басылымдары да бар. Сіздердің назарларыңызға «Тәуелсіздік Туы астында» деген тақырыппен ұсынылып отырған көрмеде Тәуелсіздік алған жылдардан бастау алатын мемлекеттіліктің қалыптасу тарихын толық ашып көрсететін құжаттар орналастырылды», – деді ол өз сөзінде. Көрме 5 бөліктен тұрады. Оларда Қазақстанның Мемлекеттік нышандары, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, ел Парламенті, Үкіметі, Ұлттық валютаның айналымға енуі, Қазақстан халқы Ассамблеясының, сыртқы саяси ведомствоның құрылуы, дипломатиялық байланыстардың орнауы, Қазақстанның БҰҰ-ға қабылдануы, сондай-ақ, еліміздің шет мемлекеттермен саяси-экономикалық байланыс орнатуы туралы құнды материалдар, Қазақстан Президентінің түрлі шетелдік әріптестерімен сұхбаттары және халықаралық жиындарда жасаған баяндамалары, Президент Жарлықтары, шет мемлекет басшыларының елімізді Тәуелсіз мемлекет ретінде тануы туралы хаттары қойылған. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Орынбай Балмұрат