25 Қараша, 2016

Үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы берілмек

164 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
2017 жылдан бастап Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы беріледі. Бұл туралы Астанада өткен VII Азаматтық форум барысында баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов айтты.  Сыйақы ұйымдардың жарғылық мақсаттарына, институционалды дамуына, қызметкерлердің біліктілігін көтеруге, бірлестіктің материалдық базасын нығайтуға жұмсалады. Үкіметтің атынан берілетін сыйақы қоғамдық ұсыныстар мен олардың қызметін бағалауды ескере отырып, әлеуметтік жобаны сәтті жүзеге асырған ұйымдарға беріледі. Үміткерлерді іріктеу құзыретті орган жанындағы ҮЕҰ-мен іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінде жүргізіледі. Сыйақы алуға өтінім жолдаған әрбір ұйым кеңес мүшелері мен тәуелсіз сарапшылардан құралған сараптау комиссиясының бағалауынан өтеді. 2015 жылы ҮЕҰ туралы заңның қабылдануымен «ҮЕҰ үшін грант» түсінігі енгізілген болатын. Гранттарды беруді гранттық қаржыландыру операторы – «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жүзеге асырады. Айта кетейік, 2016 жылы ҮЕҰ грант беру үшін 208 млн теңге қаржы бөлінді. Тамыз айында Оператор 11 жоба бойынша байқау өткізіп, жеңімпаздар қазіргі уақытта жобаларын жүзеге асыруда.  Жолдыбай БАЗАР, "Егемен Қазақстан".