25 Қараша, 2016

Халықаралық байқауда қазақ қызы жеңімпаз атанды

186 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
251116-konkurs Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледж студенті Өзбекстан астанасынан үлкен жеңіспен оралды. Барлығы 405 адам қатысқан өнер додасында Қорқыттың қобызын сарнатқан қазақ қызының еңбегі, ұстазының үміті ақталды, деп хабарлады BNews.kz. Биылғы өнер сайысына 9 елден барлығы 405 өнерпаз қатысты. Олар 12-15 және 16-19 жас аралығында екі топқа, әр топ бойынша үрмелі, ысқыштар, ұрмалы және ішекті аспаптар номинациясы бойынша бөлінді. Алматыдан осы байқауға арнайы барған П.Чайковский атындағы музыка колледжінің 4 курс студенті Индира Жандашова ысқыштар номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. «Бұл жалпы үлкен конкурс. Біздің номинация бойынша Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзербайжаннан өнерпаздар қатысты. Қайсысы болмасын өнерлі, талантты музыканттарын алып келген. Біз де осы байқауға тиянақты дайындалдық. Шәкіртім Индира ысқыш аспаптардың ішінде қобызбен шығып, тамаша өнер көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Еңбегіміз жанды. Менің үкілеген үмітім ақталды. Қуанышымызда шек жоқ», – деді жеңімпаздың ұстазы Гүлайым Қожамқұлова. «Туған елдің әуені» халықаралық байқауы 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Аталған байқау қарапайым өнерпаздардың конкурсы емес, кәсіби музыкалық білім беретін арнайы және жоғары оқу орындарының түлектері мен ұстаздары қатысатын дода.