26 Қараша, 2016

Алаштың Әлиханы

1090 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
bokeykhanov-koyylymЖақында Алаш ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына орай Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ғылым Ордасының» кітапханасы конференц-залында «Алаштың Әлиханы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында салтанатты кеш өтті. Әлихан Бөкейханов қазақтың көне жыр-дастандарын, ел аузындағы аңыз-әңгімелерді жи­нақтады. Оның қазақ ұлты ал­дындағы өлшеусіз, өшпес ең­бегінің бірі – Санкт-Петер­бургте 1909 жылы жарық көрген Абайдың тұңғыш шығармалар жинағы еді. Әлихан Бөкейхан қазақты біртұтас халық ретінде көргісі келді. Осы орайда ол ұсынған Алаш атауы ұлтты ұйыстыруға мұрындық болатын тамаша идея болып шықты. Бұл идея­ны Әлихан Бөкейхан Алаш қозғалысы пайда болғанға дейін-ақ әрдайым айтып жүрген еді. Сонау 1910 жылдың өзінде-ақ «Қазақтар» деп аталатын тарихи очеркінде қазақтардың соғыс ұраны «Алаш деген мифтік тұлға» екенін атап өткен болатын. 1917 жылы қараша айында өткен Құрылтай жиналысының сайлауында қазақтардың басым көпшілігі «Алаш» партиясын қол­дады, сөйтіп, «Алаш» партия­сы 43 депутаттық мандатты ие­ленді. «Алаш» партиясы Қа­зан төңкерісінің қарсаңында Ре­сей­дегі елуге жуық партияның ішін­де сегізінші орында тұрған еді. Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір сүрді. Ол тұтқынға алынып, 1937 жылы атылып кеткенде, қызы Елизавета мен немересі Ескендірге Мәскеудің коммуналдық пәтерінен бір бөлме мен кітаптар, фотоальбом, бірқатар қолжазбалар ғана қалды. НКВД-ның тергеуінде Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы әрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Бөкейханов ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін» – деп мәлімдеді. Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды. Қошке Кемеңгерұлы «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деп жазды. Тіршілігінде қазақтың азат­тығын арман қылған асыл текті, арда туған Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын бүгінде Тәуелсіз Қазақ елі кең көлемде атап өтуде. Түркі әлеміндегі ұлы қайраткерлердің бірі, қилы заманда туылып, өмірін тәуелсіздік жолындағы күреске арнаған ғазиз жанның атын ардақтап, аруағын ұлықтауға арналған шара Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында да өтті. Аталған шараға қатысқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ұсынысымен Тәуелсіздік идея­сының негізін салушы Әлихан Бөкейхановтың мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтіп жатқанын айта келе, елім деген ердің есімі тарихта мәңгі қаларын жеткізді. «Әлихан Бөкейханов халық­тың көкірегіне ғасырлар бойы шер болып қатқан азаттық туралы аңсарды, егемен ел болу жайлы ұлы идеяны жаңғыртушы, Абылай мен Кенесары хандардың істерін лайықты жалғастырушы болды. Сұлтанмахмұтша айтсақ, «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» көзсіз батыр, заманынан озып туған білімді де білікті биік өре иесі еді», – деді Б.Байбек. Салтанатты кеште Әлихан Бөкейхановқа арналған өмір­баян­дық деректі фильм көр­сетілді. Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ