26 Қараша, 2016

Аққыз есімін ардақтайық

982 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
akkyz-1немесе «Арқалы аққыз» мақаласына үн қосу Қазақтың ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі күй орындаушы Жанғали Жүзбайдың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Арқалы Аққыз» атты зерттеу әрі жанайқай мақаласы оқушы қауымға дер кезінде жетті деп білемін («Егемен Қазақстан» газеті, 23.07.2016). Оның зерттеу болатыны – Аққыздың жүрген ортасы арқылы сол заманның қым-қуыт ерекшеліктерін аша отырып, дүлдүл композитор ретінде, күйшілік мұрасын әдемілеп, айшықтап жеткізген. Кең байтақ Сарыарқа даласының өнер көкжиегіндегі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан күйшілік дәстүрге, күйшілер мұрасына ден қойған. Аққыздың өмір қиыншылығын бүгінгі ұрпаққа ерекше суреттеп берген. Жанайқай болатын себебі, өнерімен халық сүйіспеншілігіне бөленген, күйлері мен әндері ел ішіне тарап, өшпес мұра қалдырған, Сарыарқаның сайын даласындағы әйгілі күйшілер мектебін қалыптастырушылардың бірі болған күйші-композитордың есімін есте қалдыру жөніндегі шаралар әлі күнге қалтарыста қалып келе жатқандығы жайлы жақсы пікірлер айтқан. Мен Аққызды көзіммен көріп, қолын алып, жанында отырып, күйлерін тыңдап, батасын алған адаммын. Қарағанды музыкалық училищесінде оқып жүрген студент кезімде 1967 жылы Аққыз апамыздың ауылына іздеп барып, ұзағынан әңгіме-дүкен құрғанбыз. Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйін өзінен үй­рен­дім. Қоштасарда Аққыз апа маң­дайымнан сипап, болашағыма ақ тілек айтып, оң батасын берді. Осылар жайлы сол кездің өзінде мер­зімді баспасөзде «Күйші Ақ­қыз» деген мақаламды жазып, жа­­риялап жібергемін. («Орталық Қазақстан» газеті. 1967 жыл. 24 қыр­күйек) Байқап қарасам, менен бұ­рын Аққыз жайлы газет бетіне ма­қала жазған адам болмаған екен. Жиырма жасымда Аққыз апа­ның алдын көріп, күй үйренуім, алғаш қалам тартып мақала жазуым мені жігерлендірді, шабыттандырды. Қазақта әйел затынан шыққан небір өнерпаздар өткен ғой. Әуелі сол асыл аналарымыздың қа­тарында Аққыз апаның есімі не­ге айтылмай жүр деген сұрақ туын­даған. Мәселен, Ақкүміс, Ұлбике, Сара, Қуандық тәрізді май­талман айтыскер ақындар, қо­лына домбыра ұстаған Дина Нұрпейісова, Әпике Әбенова, Бақыт Қарабалина тәрізді небір бал бармақты күйшілер өткені белгілі. Аққыз Ахметова қазақ сахнасына әйгілі күйші-композитор Дина Нұрпейісовамен қатарлас шыққан замандасы. Екеуінің күйші ретінде танылу, халыққа көріну заманы бір, үзеңгілес қанат қаққан. Дина болса Алматының, Мәскеудің, Тәшкеннің үлкен сахналарында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Өз жанынан шығарған күйлерін халқына танытты. Ал Аққыз болса халқына та­ны­л­­­ған беттен-ақ, аяғына тұ­сау са­лынғандай көрінбей кеткен. Оны кейінгі зерттеулерден, жа­зылған мақалалардан ұқтық. Осының бас­ты себебін Ақселеу Сейдімбеков жазды: «Ахметқызы Аққыздың өнер­ге алаңсыз беріліп, мұңсыз-қам­сыз кешкен ғұмыры мейлінше кел­те болған», дей келе, ол он жетінші жылғы төңкерістің зардабын, коллективтендіру, тәр­кілеу барысында дәулетті бай Ахметтің бес жүз байдың бірі ретінде тәркіленіп репрессияға ұшы­рағанын айтады. «Қыз ғұ­мы­рында көрген қы­зығы алдамшы түстей ғана болып, ата жұртта аһ ұрып қала бе­реді... Есіл бұла дарын осылайша жан­бай жатып сөнгендей, өнбей жа­тып солғандай күй кешеді. Қай­ран домбыраға қол созуға қо­рыққан жылдарды бастан өт­кер­ді», дейді Ақселеу. Сол тұста Әбди Рысбекұлының, Айдостың Се­мбегінің күй тартқаны үшін ға­на атылып кеткенін де атай отырып, Аққыз домбырасын елуінші жыл­дардың басында ғана қолына қай­та ала бастағанын жазады. Иә, Ақселеу жазғандай, Аққыз Ах­ме­тованың есімі ендігі жерде 50-ші жыл­дардан бастап таныла бастады. Аққыздың бастан өткен қи­ын­­шылығы жайлы Жанғали Әлім­ханұлы Жүзбай да ерекше толықтай суреттеген. Жалпы, ке­зін­де қазақ музыкасын зерттеу­дің академигі, әйгілі Ахмет Жұба­нов­­­тың қаламына Аққыздың күй­шілік өнері жайлы ілікпей қалуы оның бастан өткізген осындай қиыншылықтарына байланысты болса керек. Ол кезде Аққыз туралы дәлелді құжаттардың болмауынан деп айтуға негіз бар. Ахмет Жұбановтың Тәттімбеттен басқа Арқа күйші-композиторлары ерек­шеліктерін зерттеуге үлгерме­ге­нін әртүрлі себептермен бай­ла­ныстыруға болады, әрине. Бас­ты себебі ол кездері Арқа күй­шілері жайлы ол кісінің зерттеу үшін жинаған дүниелерінің аз­дығы болды. Ахмет Жұбановтан соң бой танытқан Б.Ерзакович, Б.Ғизатов, Б.Аманов, З.Қоспақов, Қ.Жүзбасов, Т.Бекхожина тәріз­ді музыка зерт­теушілерінің еңбек­терінен де Аққыз Ахметова жайлы жазған деректерді таба алмаймыз. Қазақ музыкасын зерт­теу­шілері арасынан менен соң Аққыз жайлы зерттеген адам Уәли Бекенов пен Ақселеу Сейдім­беков ағаларымыз. 1970 жылдары Құрманғазы атындағы консерва­то­рияда алғаш рет шертпе күй класын ашып, шертпе күй дегеннің не еке­нін алғаш халыққа түсіндірген адам – Уәли Бекенов болды. Ол 1975 жылы баспасөз бетінде Аққыз жайлы жақсы пі­кірлер жазып қалдырды. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, арада жарты ғасыр өткенде Қазақ музыка өнерінің ерекше жана­шыры, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің профессоры, Қа­зақ­­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері, әйгілі күй орындаушы Жан­ғали Жүзбай Аққыз (Мүгілсін) Ах­метқызының күйшілік және ән­шілік шығармашылығына ден қойып, күйлері мен әндерін но­таға түсіру, кітабын шығару жұ­мыстарында айтарлықтай еңбек жа­сап жүргені ғанибет. Осы орайда өз басым Жанғалидың жазған «Арқалы Аққыз» мақаласын жо­ға­ры бағалаймын және ол айт­қан жос­парлы мақсаттарды қол­дай­тын­дығымды білдіремін. 2016 жылдың 14-15 мамыр ара­лығында Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына орай, Аққыз (Мүгілсін) Ахметқызы атын­дағы «Облыстық шертпе күйшілер сайысы байқауы» өт­ті. Бұл байқауды ұйым­дас­ты­руда Қарағандыдағы маманд­ан­ды­рылған музыка мектеп – интер­натының әкімшілігін және Аққыз­дың күйлерін орындап жүр­ген оның туған немересі Болат Тә­кішевтің ұйытқы болғанын ерекше атап өтуді парыз санаймын. Сары­арқаның сайын даласында, әйгілі әншілер мен күйшілер елін­де шертпе күйдің туын тіккен өнер саңлақтарының бірі Аққыз Ахмет­қызы атындағы облыстық байқау болашақтағы үлкен-үлкен ша­ра­лардың бастамасы болары анық. Байқаудың жалғасы бо­лашақта республикалық деңгейге дей­ін көтерілетініне сенімім мол. Келер 2017 жылы туғанына 120 жыл толуына орай, күйші-ком­по­зитор, замана саңлағы Аққыз Ах­метқызының есімін мәңгі есте қал­дыру орайында: Астана және Алматы қала­ла­рында, сондай-ақ Қарағанды қа­ла­сында Аққыз Ахметқызының аты­на көше берілсе; Қарағандыдағы маман­дан­ды­рыл­ған музыка мектеп-интернатына Аққыз Ахметқызының есімі бе­рілсе және мектеп алдына Аққыз Ах­метқызының кеуде мүсіні орна­тылса; Аққыз (Мүгілсін) Ахметқызы атындағы «Республикалық шертпе күйшілер сайысы байқауы» дәстүрлі түрде ұйымдастырылса деген өз ұсыныстарымды ортаға саламын. Сөзімді түйіндей келе, ХХ ға­сыр­дағы Қазақ музыка өнерінің көк­­жиегінен көрінген, асқар биігіне шық­қан, әйгілі Дина Нұ­р­пейісова сияқты, орындаушы ре­тінде де, күйші ретінде де өшпес мұра қал­дырған әрі күйші, әрі әнші, әрі ақын, замана саңлағы Аққыз Ах­метқызының есімін мәңгі есте қал­дыру жөнінде жазған Жанғали Жүз­байдың ұсыныс пікірлерін мен де қолдай отырып, осылай өз үнімді қос­пай қала алмадым. Жарқын ШӘКӘРІМ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері