Германия канцлері Ангела Меркель елдегі ең беделді қызметке өз кандидатурасын төртінші рет ұсынуға шешім қабылдады. Алғашқы сауалдамаларға қарағанда, бұл шешімді ел халқының басым көпшілігі құптап отыр.
Бұл жайында әңгіме біраздан бері айтылып келе жатқан. Әдетте, журналистер сөз қозғаса, Меркельдің өзі тіке жауаптан қашқалақтап, кезі келгенде білесіңдер ғой дер еді. Кезі келді – шешімін айтты. Адам болған соң әркімнің біреуге ұнауы-ұнамауы болады. Канцлерді біреу ұнатса, біреу ұнатпас. Бірақ ешкім де осы-ақ билікке тоймайды екен, қолынан іс келмейді деп айыптамаған болар. Ол билік тізгінін ұстағалы әлемдегі ең бақуатты елдің бірінің күш-қуаты да, беделі де артып отыр.
Мұндай іскер басшының билік тізгінін ұстағанын елдің бағы десе болар. Германияда мұндай айтулы тұлғалар бұрын да болған. Екінші дүниежүзілік соғыстан басын көтере алмастай болып шыққан ФРГ-ны 1949-1963 жылдарда Конрад Аденауэр басқарды, күйзелген елді қайтадан мықтылар қатарына қосты. Гельмут Кольды қазіргі орта буын ұрпақ жақсы біледі. Ол 1982-1998 жылдарда тізгін ұстады. Оның бітірген ең басты шаруасы – екі Германияны біріктірді. Оны тарих ұмытпайды, сол үшін неміс халқы оған төрт рет сенім білдірді.
Қазіргі канцлер бәсекеге түсетін сайлауға әлі бір жылдай уақыт бар, келесі жылы күзде. Елдегі саяси күштердің ішінде Христиан-демократиялық одақ пен Христиан-әлеуметтік одақтың блогы ерекше жағдайда. Олардың жеңісіне жұрт күмән келтіре қоймайды. Канцлер Меркельдің тағы күреске түспек ойын білген соң-ақ жұрт, сарапшылар оған болашақ ел басшысындай қарап, болжамдарын айта бастады.
Әрине, оны жақтайтын, ұсынатын блоктың беделі өз алдына, шешуші аргумент Ангела Меркельдің өз бойында. Осынау үш мерзімдік уақытта ол әлемдік оқиғалардың басында жүрді. Өзінің іс-қимылымен, салиқалы пайымымен өз елі үшін ғана емес-ау, әлемдік мәселелердің парасатты шешілуіне де сүбелі үлес қосты. Әсіресе, Еуропадағы қаржы-экономикалық дағдарысты, соңғы кездегі мигранттар, босқындар мәселесін реттеуде де Германия, оның басшысы тірекке айналды.
Қайраткердің, үлкен тұлғаның ел басқарудағы қызметі мемлекеттің жетістігімен өлшенеді. Германиядай алып ел Еуропадай ескі құрлықты мекендеген үлкенді-кішілі мемлекеттер керуенін өркениет айдынында бастап бара жатқан алып кемедей көрінеді. Соның штурвалын ұстап келе жатқан – Ангела Меркель. Бағытынан көз жазған кезі жоқтай. Бір емес, үш мерзім бойы халықтың сенімінде. Оның үлкен қайраткерлігіне қоса, қарапайымдылығы, кішіпейілділігі, тазалығы, қанағатшылдығы жайында айтылатын әңгіме-аңыз көп. Айлықпен өмір сүреді, көппен бірге көп қабатты үйде тұрады, көлігі де жұпыны, аспайды-таспайды, шалқымайды дейді жұрт.
Төртінші мерзімге сайланар болса және оны аяғына жеткізер болса, бұл да Германиядай алып елде бір қайраткердің канцлерлік қызметте ұзақ отыруының рекорды екен. Сол тұлғаны халық қаласа, қоғам мойындаса, несі айып?!
Түркия Шығысқа бет бұра ма?
Соңғы кезде осындай әңгіме айтыла бастады. Оның да жөні бар. Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Еуропаның атына біраз сын айтумен қатар, өзінің осы айдағы Азия елдеріне сапары кезінде бұл жақпен қарым-қатынасқа айрықша мән берген.
Әсіресе, Өзбекстанға сапары кезінде айтқан пікірін әлемдік ақпарат құралдары бірден іліп әкетті. «Біреулер маған сын айтар, бірақ мен өз пікірлерімді ашып айтамын. Мысал үшін, бізге «Шанхай бестігінен» неге орын алмасқа?!» – деді ол.
Соңғы кезде Түркия мен еуропалық құрылымдар арасындағы тіл табыспау жағдайлары жұртқа белгілі. Жарты ғасырдан аса уақыт бұл елдің Еуроодаққа қабылданбауы және виза мәселелеріндегі келіспеушілік, оған енді миграция мәселесінің де қосылуы Түркия мен Еуропа қарым-қатынасын айтарлықтай шиеленістірді. Осындай жағдайда біраз сарапшы Анкараның басқа балама іздеуін негізді санайтындай.
Жалпы, түрік елінің қай құрлыққа тән екендігі жайында да әңгіме көп. Оның аумағы негізінен Азияда (97 пайызы) жатқанымен, сонау Ататүрік заманынан бастап еуропалық өркениетке бағыт ұстағаны да шындық. Сөйтсе де, соңғы кезде елдің Еуропаға кірігуінде айтарлықтай проблемалар туындағанда, Анкараның Шығысқа көз тастауы да қалыпты жағдайдай көрінеді.
Президент Ердоған Өзбекстанға ғана емес, Пәкістанға да барды. Онда оны үлкен құрметпен қарсы алды. Премьер-министр Наваз Шариф қана емес, қарсы алуға шыққан халық: «Ердоған мырза, өзіңіздің екінші үйіңізге қош келдіңіз!» деп қошемет көрсетті. Осы жерде кешегі жаздағы Түркияда болған мемлекеттік төңкеріс әрекеті кезінде де шеруге шыққан халықтың «Пәкістан халқы Ердоғанмен бірге!» деген ұран көтергені де көңілге оралады.
Жалпы, пәкістандықтардың түрік еліне ықыласы бөлектеу. Олар стихиялық апаттан кейін түріктердің өздеріне қамқор қолдарын ұсынғанын жоғары бағалайды. Сонымен бірге, бірқатар сарапшының пікірінше, бұл елге түрік кинематографының ықпалы айрықша көрінеді. Мұнда жұрт түрік телесериалдарына айрықша ынта қояды екен, соған орай, бұл елге ықылас та бөлек болса керек.
Жеке мемлекеттермен байланыстың да өз орны бар, сөйтсе де одақтарға, блоктарға қосылудың жайы басқарақ. Бұл нағыз бетбұрысты аңғартады. Ердоғанды сөз еткен «Шанхай бестігі», яғни Шанхай ынтмақтастық ұйымын (ШЫҰ) Еуропалық одақпен салыстыруға келмес. ЕО-ға мемлекеттік құрылым тән. Парламенті, үкіметі, жарғысы бар дегендей, онда құрылымдық тәртіп қатаң. Ал ШЫҰ оған кірген елдердің аумағында әскери салада және әскери күштерді қысқарту мәселесінде сенімді күшейту келісіміне негізделген. Оған мүше болу тәртібі де ЕО-дағыдай қатаң емес. Алғаш рет ШЫҰ 2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстанды біріктірсе, былтырғы жылы Үндістан мен Пәкістанды қатарға қабылдау шарасы жүзеге асты, сондай-ақ Ауғанстан, Армения, Белоруссия, Иран және Моңғолияға байқаушы елдер мәртебесі берілген. Енді Түркия кіруге тілек білдірсе, сірә, ЕО-дағыдай ондаған жыл күттірмес.
Біреулер түрік президентінің Азия елдеріне сапарын, ондағы қарсы алуларды, сондай-ақ, ШЫҰ-ға кіру пікірін Еуропалық одаққа қыр көрсету деп те айтып жатқандай. Жалпы, елдер мен елдердің тіл табысып жатқаны, ынтымақты қарым-қатынасқа жол ашылып жатқаны жақсылық қой. Түркия Азияға бет бұрса, бұл да оның өз кеңістігі.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист