26 Қараша, 2016

Мүшелік аясындағы жұмыстарға дайындық қыза түсті

116 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2017 жылдың 1 қаңтарында басталатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі жұмыс бағдарламасының мазмұнды бөлігіне дайындықты жалғастыруда, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Мәлімделген басымдықтар қатарын­­да ядролық қарусыздану және таратпау, терроризммен және экстре­мизм­мен күрес, бітімгершілік пен бей­біт құрылыс мәселелерімен қатар, қауіп­сіздік пен Орталық Азия өңірін дамыту мәселелері бар. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болған Орталық Азия­дағы алғашқы ел екені белгілі. Осы ретте бүкіл өңірдің мүддесін қор­ғау­ға да дайын. Сондықтан Қазақ­стан, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұ­мы­сы тұр­ғысынан алғанда, өңірлік пробле­ма­ларды шешуге қай жағынан ықпал ете алған болар еді деген мәселе маңызды. Осыған орай, Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер ми­нистрі Ерлан Ыдырысов жыл соңы­на дейін Орталық Азия мен Ауған­стан мемлекеттеріне арнайы сапар­мен барып, БҰҰ-ның басты саяси ор­га­ны­ның алаңында өңірлік тақырыптарды ілгерілету бойынша үйлестіру тұрғы­сы­нан келіссөздер жүргізетін болады. Белгіленген мақсат шеңберінде 24-25 қараша күндері Сыртқы істер министрі Кабул мен Душанбе қалаларында болды. Е.Ыдырысовты екі ел астанасында да мемлекеттер бас­шы­лары – Ауғанстан Президенті Мо­хам­мад Ашраф Ғани мен Тәжікстан Пре­зи­­денті Эмомали Рахмон қабыл­да­ды. Қазақстан Сыртқы саясат ве­домст­во­сының басшысы аталған ел­дер­­дің пре­зиденттеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жол­дауын табыс етті. Онда 2017-2018 жыл­дары Қазақ­станның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сін­дегі жұмысы аясында ортақ міндет­тер­ді шешу үшін өзара іс-қимыл­дың тиім­ді арналарын табу бойынша әре­кет­тес­тікті жолға қою туралы айты­лады. Мохаммад Ашраф Ғанимен кездесуі кезінде қазақстандық министр еліміз­дің өңірлік қауіпсіздік мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстар аясын­да Ауған­стандағы жағдайды тұрақ­тан­дыру перспективаларына байланыс­ты мәселелерге баса маңыз беретінін атап көрсетті. Өзі тарапынан Ауған­стан Пре­зи­денті Қазақстанды БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесінің тұрақты емес мүшелі­гіне сайлануымен құттықтады. Қазақ­стан­ның 2009 жылдан бастап Ауған­стан жастарын елімізде оқытып жат­қан білім берудің мемлекеттік бағдарламасына өзінің ризашылығын білдірді. Нәтижесінде 1 мыңның шама­сында ауғанстандық студент Қазақ­станның жоғары және орта техникалық оқу орындарында оқып, тиісті білім алатын болады. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдағы тұрақты емес мүше­лігі кезінде атқаратын жұмыстары, осы аяда екі ел арасындағы сауда-эконо­микалық, инвестициялық, білім беру және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері Ерлан Ыдырысовтың Ауғанстан Атқару­шы билігінің басшысы Абдулла Абдул­ламен және оның орынбасары Мохаммад Мохаккекпен, Ауғанстан Пре­зи­­дентінің Ұлттық қауіпсіздік мәсе­­лелері жөніндегі кеңесшісі Ханиф Ат­мар­­мен және Ауғанстан сыртқы іс­тер министрі Салахуддин Раббанимен кез­­десу­лері кезінде талқыланды. Кеше Қазақстан Сыртқы саясат ведомствосы басшысының Орталық Азия елдеріне турнесі Душанбеде жал­ғасып, оны Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қабылдады. Мазмұнды әңгіме барысында Е.Ыдырысов көр­­ші ел мемлекетінің басшысына Қазақ­­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық сәлемін жолдап, екі ел мем­лекеттік органдарының Қазақ­­стан Президентінің 2015 жылдың қыр­­күйегінде Душанбеге жасаған рес­­ми сапарының қорытындылары нә­ти­­же­сінде қол жеткізілген уағда­лас­тықтарды орындау жайымен таныстырды. Е.Ыдырысов Тәжікстан басшысына Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қол­да­ғаны үшін ризашылығын білдір­ді. Министр Қазақстанның алдағы миссияның жауапкершілігі жоғары екенін жақсы түсінетінін және оны атал­ған алаңда Орталық Азия мемле­кет­­терінің ортақ мүддесін көтеру мүм­кін­дігі ретінде қарастыратынын атап көрсетті. Осы орайда Е.Ыдырысов Тәжік­стан Президентіне өзінің Кабул­дағы келіссөздерінің нәтижелері туралы айтып берді. Өз кезегінде Э.Рахмон Қазақстан­мен екіжақты қызығушылық таныты­латын салалардағы өзара тиімді ынты­мақтас­­тықты әрі қарай нығайтуға Душан­бе­нің әрқашан дайын екенін білдірді. Е.Ыдырысов, сондай-ақ, Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Асловпен келіссөз жүргізсе, онда екі­жақ­ты негіздегі ынтымақтастық пен халық­ара­лық ұйымдар шеңберіндегі әрекеттес­тік мәселелері талқыланды. Тәжік­стан­дық министр Қазақстанның өңірден БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшелігіне алғашқы болып өкілдік ететін фактісін жоғары бағалады. Душанбедегі кездесулерде, соны­мен қатар, Орталық Азиядағы су-энер­гетикалық кешеннің проблематикасы бойынша пікір алмасу­лар болды. Бар­лық мүдделі тараптардың тала­бын қана­ғаттандыруға қабілетті жалпы­өңір­лік шешімдерді іздестіруде оң үрдіс байқалып отырғаны да назардан тыс қалған жоқ. Екі сапардың да ашық және ізгі үнқатысу ауанында өткенін атап өткен орынды.