26 Қараша, 2016

Жаһандық бастамалар галереясы

133 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ, ықпалдастықты күшейтуге бағытталған идеялары мен бітімгершілігі арқау болған «Жаһандық бастамалар» галереясы ашылды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойына орай 25 тақырыптық іс-шара белгіленгендігін Елбасы кі­тап­­ханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев ерекше атады. Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың 21-ші қарашасынан басталатын шаралар келесі айдың 15-іне дейін күнбе-күн өткізіліп тұрады. Бұл күндері әрбір тақырып бойынша фото, бейне және мұрағаттық құжаттар келушілер назарына ұсынылады. Кешегі күннің тақырыбы Елбасының жаһандық бастамаларына арналса, онымен танысу үшін Алматы және Астана қалаларынан оқушылар шақыртылғаны белгілі болды. Елімізде орын алған маңызды оқиғаларға арналған 40-қа тарта кітап сөреге қойылып, оқырманға ұсынылып отыр. Кітапхана жұмысы бөлімінің жетекші сарапшысы Айдынкөл Көшкенова сол кітаптардың бірқатарымен таныстырып та өтті. Атап айтқанда, сөреге К.Бозтаевтың Семей жерінде алғашқы атом бомбасының жарылуына 50 жыл толуына және Е.Якубовскаяның сынақ полигонына 60 жыл толуына орай жазылған дүниелері қойылған. Сонымен қатар, мұнда Ю.Куйдиннің Қазақстанның ядролық қасіреті фотоальбомы 40 жылдан астам уақытқа созылған ядролық жарылыстың қасіретін ашып көрсетеді. Бұдан басқа, сөреге Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезіне арналған кітап та бар. Жинақта құжаттар, сөйлеген сөздер мен құттықтаулар көрініс тапқан. Және Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастығын саралауға арналған монография да қалың оқырманға ұсынылыпты. Жалпы, кітаптар арасында жаңа стратегиялық көкжиектерге жол ашқан Елбасының бейбіт өмірге үндейтін «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі, Еуразиялық экономикалық одақты, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру идеяларын ашып көрсететін туындылар да қойылған. Сондай-ақ, келу­ші­лер­ге үлкен экран арқылы мұрағат материалдары мен Елбасы бастамалары туралы фильм ұсынылды. Тағы бір айта кетерлігі, Елбасы кітапханасында «Бастама және әріптестік» интерактивті үстелі арқылы келушілер өздеріне қажетті ақпараттарды ала алды. Осындай әрбір үстелде тақырыптық мәліметтер молынан орналастырылған. Директор орынбасары Ж.Қуанышев реті келгенде бұл жинақталған мәлімет­тер­дің барлығы 25 жылда еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық, қоғамдық-саяси жетістіктердің жоғары дең­гейде және оның халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып отырғандығының бір айғағы екендігін алға тартты. «Елбасының жаһандық бастамалары бейбіт әлем орнату. Адамзат өз-өзін сақтағысы келсе, барлық мәселелерді бейбіт жолмен шеше білуі керек. Ядролық қарудан бас тартқан абзал. Сондықтан да Елбасы саясаты дүние жүзінде өзінің қолдауын тауып жатыр. Осы жиырма бес жылдың ішінде атқарылған істердің ғасырға тұратындай ауқымдық көрінісі», деді ол өз сөзінде. Жалпы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай сегіз көрме ұйымдастырылып отыр. Оған жеке куәлігі бар кез келген адам кіріп, тамашалауына мүмкіндігі бар. Тіпті, бұл үшін үстіміздегі жылдың 28 қарашасы мен 23 желтоқсаны аралығында ашық есік күндері деп жарияланып отыр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»