Үйі өртеніп, далада қалған үлкен әулеттің әкесі Сейіл ақсақал мейірімді жандарға ризашылығын осылай білдірді.
Қостанайда алтын күздің күреңге ауысқан шағы еді. Күздің мұздай жаңбыры бір жауса төпелеп, күннің қабағы ашылмайды. Суық тиіп ауырған кішкентай қызының ыстығы көтерілген соң, Ырғызбаевтардың ортаншы келіні Айгүл ғана ояу еді. Бес отбасына арнап салынған үлкен үйдегі жанның барлығы түнгі сағат үште тым-тырыс қалың ұйқыда болатын. Үйдің мансардасындағы бөлмеде ұйықтап жатқан ағайын жігіттің «тұрыңдар, үй өртенді!» деген ащы айқайы естілді. Айгүл 3 жасар ауырған қызы мен 11 айлық бөпесін көрпесімен алып үлгерді. Сыртқа шығысымен көрші есіктерді қағып, айғайлап, қалғандарын оятты. Шошып оянған қайнағалары мен абысындары ұйықтап жатқан балалары мен қолына ілінгенін алып, далаға жүгіріп шықты. Барлығы да киініп үлгермеген, ішкі киіммен күздің қытымыр түнінде дірілдеп тұр. Абырой болғанда, бес үйлі жанның барлығы да тілсіз жаудың тырнағына ілінбей, далаға шығып үлгеріпті. Сейіл қария мен Қапиза әжей немерелерін түгендей бастады. Әйтеуір балаларының амандығына іштей шүкірлік еткенмен, ертеңгі күніміз не болады деген ауыр ойдан аңтарылып тұрып қалды. Бес үйлі жан далаға шығамыз дегенше, жаңбырдың тамшысынан ылғалданып, тұйықталған электр сымынан кеткен өрт күш алып кетті, қызыл жалын сумаңдап, жаңбыр жауған сайын өршелене түсетіндей. Мына үйдің жалыны жақын салынған үйлерге ауыспасын деп, балалардың біреуі көршіні оятты. Түнгі дауыс алысқа кететіні рас, дабырдан өзге көршілері де ояныпты. Қысылтаяңда уақыттың құм емес, судай ағып кететіні-ай десейші. Өрт сөндірушілер келмей жатқандай, кешіккендей көрініп кетті бәріне де. Оттың екпіні сондай, жалынға оранған үйге ешқайсысы да қайтып кіре алмады.
– Біз үйден жүгіріп шығамыз дегенше төбе жалпылдап түсіп жатты, – дейді Айгүл Ырғызбаева. Көз алдарында құжаттан бастап, киімі, жиған-терген дүние-мүлік қызыл оттың құрбаны болып кете барды.
Сейіл мен Қапиза Ырғызбаевтар 7 ұл, 3 қыз өсірді. Барлығы да еңбекте, үйлі-баранды. Меңдіқара ауданында тұрғанда Ырғызбаевтарды ауылдастары үлгі тұтатын. 90-шы жылдары ауылдың берекесі кеткенде, олар да күнкөріспен қалаға жақындауды ойластырды. Бірақ үлкен бір әулет қайда сыяды? Сейіл ағай балаларымен ақылдасып, ауылдағы керексіз болып қалған үлкен клубты сатып алды да, бұзып, қалаға алып келді. Қостанайдың шеткері тұрғын ауданынан жер телімін алып, бес отбасыға арналған зәулім үй салды. Ескі клубты борап салған шпалдар үлкен үйге де жетті. Үйдің әр пәтерінде Ырғызбаев әулетінің бір шаңырағы тұрады, немерелер аулада ойнағанда өздері бір балабақша секілді еді. Аллаға мың шүкірлік ететін. Жанған отқа қараған әке-шеше мен балаларының, келіндердің көз алдынан барлығы бір үйден өрген үлкен әулеттің бақытты күндері өтіп жатқандай еді. Оттың жалыны қара түнді тілгілеп жатыр, әркімнің арқасын күздің суығы, жүрегін уайым мұздатқан. Төтеннен болған жағдай ештеңеге шама келтірмей, аяқ-қолын ұйытқандай, дәрменсіз күйге түсірген.
– Оттың қызуы да түрлі болады екен ғой. Бүкіл үйдің күлін көкке ұшырған оттың жалынына қараған сайын тоңып дірілдедік, бетімізді түтін, жалын шарпып жатса да ол күздің суығынан жылыта алған жоқ. Бізді сол сәтте-ақ көршілердің келіп құшақтап, «Өздерің амансыңдар ма, түгелсіңдер ме? Уайымдамаңдар, амандыққа ешнәрсе жетпейді» деген бір ауыз сөзі жылытты, – дейді Қапиза апай. Көршілері далада қалған отыз шақты жанды бөліп алып кетті, балаларды төсек салып ұйықтатты, үсті-басы малмандай су, түтін иісі мүңкіген ересектерге өздерінің киімдерін кигізді. Өрт сөндірушілер отты күндізгі сағат 9.00-де ғана толық сөндіріп бітті.
Сол түні Ырғызбаевтар көршілерінің барлығы да ұйқы көрген жоқ, үлкен отбасымен бірдей жүгірді. Іргелес тұратын Шаповскийлер отбасы таңертең «қажеттеріңе жарата тұрыңдар» деп 220 мың теңге әкеліп берді. Сол үйдің келіні Ксения әлеуметтік желілерге көп балалы үлкен отбасы тұратын үйдің өртенгенін, балалар да, ересектері де киімсіз, азық-түліксіз қалғанын таң ата жазып жіберіпті. Ертеңіне түс болмай-ақ Ырғызбаевтар отбасына киім-кешек, тамақ, азық-түлік, дәрі-дәрмек алып жеткен жұртта есеп жоқ. «Адамдар әкелген киімдердің барлығы да таза болуы тиіс, бұл уақытша қиындық қой, жиіркенбей кие беріңіздер. Күн суық, ауырып қалмау керек», деп Ксения жұбату сөзін де айтып кетті.
– Неге жиіркенейік? Адамдардың пейілін айтсайшы. Бір кішкентай орыстың қызы анасынан қалмай еріп келіпті. Қолында ойыншығы бар. Соны немерелеріме беріп жатыр, жанған үйдің орнына қарап өксіп жыласын. Әлгіге мен қосылып жыладым, бетінен сүйіп, «ботам-ау өміріңде қиындық, төтен бәле көрме, бақытты бол», деп жатырмын. Көз алдымнан кетпейтін әлгі періштенің атын өзім есірік адамдай болып жүргенде сұрамаппын, – дейді Қапиза апай.
– Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, елдің бірлігін аузынан тастамайды ғой. Елбасы айтқан бірліктің қадірін басына іс түскен адам бірден біледі. Ассамблеям айналамда екен! Еліме, жұртыма рахмет. Мен үй жанып жатқанда балаларыма жігер берейін, мен босасам олар не болады деп көзіме жас алған жоқпын, қатып қалдым. Адамдардың осынша бірлігін, мейірімін көргеннен кейін толқыдым, – дейді Сейіл ағай. Қара күзде осындай қиын жағдайға тап болған үлкен әулетке Ырғызбаевтардың балалары жұмыс істейтін кәсіпорындар да қарап қалған жоқ, қол ұшын созды. Жанған үйдің орнындағы күл-қоқысты шығаруға техника бөлді, үш отбасы үйін қайта салып алғанша, тұратын төрт бөлмелі үйді жалға алып берді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тапсыруымен жасы сексенді алқымдаған қариялар тұруы үшін Ырғызбаевтар отбасына жаңа үйден екі бөлмелі пәтер ұзақ уақытқа жалға төлеу құқымен берілді. Архимед Бегежанұлының өзі Ырғызбаевтар отбасына кіріп, жағдайларын сұрап, атаулы көмек пен демеушілерден жиналған 600 мың теңгені табыс етті.
– Намазымның соңынан ылғи еліме қан ерте көрме, иман бер, бірлік бер, басшыма таупық бер деп тілейтін едім. Алла тілегімді қабыл етсін. Ел аман болса, сен аман екенсің, – дейді Қапиза әжей. Ырғызбаевтардың балалары алдағы көктемнен бастап жанған үйін қайта тұрғызуды ойлап отыр. Салынғанына он жылдай болған жаңа үйдің өртенгені бір әулетке оңай болған жоқ. Бірақ, бұл өрт адамдар мейірімінің, елдіктің, ынтымақтың жоғалмағанын көрсеткендей болды. Бұл Ырғызбаевтар отбасына рух берді. Өрттен үйдің іргетасы аман қалды. Адамдардың мейірімі мен ынтымағы да елдің іргетасы секілді екен. «Мың өліп, мың тірілген» халықтың аман келе жатқаны да іргенің мықтылығынан болса керек-ау.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ
Суретті түсірген
Сергей МИРОНОВ

Тұлға • Кеше
Ауа райы • Кеше
Иран Ормұз бұғазын қайта жапты
Әлем • Кеше
Иран әуе кеңістігін ішінара ашты
Әлем • Кеше
Әл-Фараби даңғылында жол ережесін өрескел бұзғандар ұсталды
Аймақтар • Кеше
Жерде магниттік дауыл басталды
Оқиға • Кеше