Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2016

Бұрғылауда рекорд жасаған қазақ инженерімен сұхбат

428 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жаркешов Санжар – Ресейдің Сахалин аралында ұзындығы 13 000 метр ұңғы бұрғылап әлемдік рекорд жасаған командаға жетекшілік еткен мұнайшы-инженер. Қазан айында ол Ұлыбританияда кәсіби инженер лицензиясын алып, Англияның Инженерлер кеңесі және Инженер-механиктер институтына мүше болып сайланды. Біз осы және басқа да жетістіктері, жоспарлары туралы толық мағлұмат алу үшін жас маманның өзімен сұхбаттасқан едік.

Бұрғылауда рекорд жасаған қазақ инженерімен сұхбат

- Санжар Серікбайұлы, Инженерлер кеңесі, Инженер-механиктер институты деген қандай ұйымдар? Немен айналысады?

- Біріншісі - Ұлыбританияның инженерлік кеңесі. Инженерлік кеңес деген Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы сияқты реттеуші орган. Оны Ұлыбританияның үкіметі бақылайды. Яғни, ол барлық инженерлік мамандықтарды тексереді. Олардың басты мақсаттары – инженерлердің білім және кәсіби деңгейлерін қадағалау, талап қою. Олар Chartered Engineer, яғни, “Кәсіби Инженер” деген лицензия береді. Екіншісі – Инженер-механиктер институты. Бұл - үкіметтік емес ұйым. Оған инженер-механиктердің жұмыс істеу салаларын қамтитын барлық индустриялар кіреді. Инженер-механиктер институты сол мұнай-газ саласын қамтиды. Бұл институт әртүрлі бағдарламалармен, ғылыми-зерттеу жобаларымен айналысады. Мұнай саласында үлкен тренингтер өткізеді. Компаниялардың бастарын қосып, индустриядағы проблемаларды шешуге тырысады.

- Оған мүше болу үшін қандай талаптар қойылады?

- Бұл лицензияны алу үшін мен бес жыл дайындалдым десем болады. Оның талаптары бойынша өндірісте, кен орнында істеген 5 жыл тәжірибе керек. Қысқаша айтсам, бес түрлі талабы бар. Біріншісі – білім. Екіншісі – халықаралық тәжірибе. Үшіншісі – көшбасшылық қабілет. Төртінші – коммуникативтік. Бесіншісі – этика. Осының барлығын тексеріп, талаптар қанағаттандырылды дегенде ғана осы лицензия беріледі. Ол үшін мен арнайы техникалық сұхбаттан өтіп, емтихан тапсырдым, эссе жаздым. Барлық тәжірибелерімнің, жетістіктерімнің құжаттарын көрсеттім. chartered-engineer-cert-sanzhar-zharkeshov

- Лицензияны алған соң сіздерді әрі қарай қадағалай ма?

- Иә. Мүше болғаннан кейін кәсіби тұрғыда дамымасаң, тартып алуы мүмкін. Бұл әлемдік деңгейдегі инженерлік кеңестердің бірі. Сондықтан қатал талаптары бар. Өз-өзіңді кәсіби тұрғыда дамытып отыру міндеттеледі.

- Бұл ұйымдарға бұрын-соңды Қазақстаннан мүше болғандар бар ма?

- Маған құттықтау келгенде, менің өзімді де осы сұрақ қызықтырды. Олардан  «Бұрын Қазақстаннан мүше болғандар бар ма?», - деп сұрап едім, «Сіз Қазақстаннан мүше болып отырған бірінші азаматсыз! Құттықтаймыз» деп жауап берді. Өзім тексермедім, бірақ өздерінің айтуы бойынша солай сияқты.

Сіздің Oilfield Technology журналында мақалаңыз шыққан еді. Бұл да үлкен жетістік қой.  Шетелдік ғалымдар тарапынан мақалаңыз жөнінде пікірлер айтылды ма?

- Бұл журнал әлемдегі ең беделді салалық журналдардың бірі. Әсіресе, Ұлыбританияда. Сіз дұрыс айттыңыз, онда мақала жариялау үлкен жетістік болып саналады. Өйткені талаптары өте жоғары. Оған қиын, өте қызықты әрі өзекті мәселені ғана талқылап жазу керек. Менің жазғаным мұнай ұңғысын бұрғылағанда қолданылатын сұйықтықтың гидродинамикалық қысым эквиваленті туралы. Толығырақ айтсам, оқырманға түсініксіз болар. Ол мамандар үшін ғана қажет тақырып. Мысалы, қазіргі таңда Ұлыбритания ғана емес,  әртүрлі мемлекеттерден клиенттер біздің компанияға келіп, туындаған қиындықтарын шешіп беруімізді сұрап жатады. Бізде ондай жағдайлардың талай қызықты шешімдері бар. Мен бүкіл мұнай саласымен сол білімімді бөліскім келді. Мақалам жарияланғаннан кейін компаниямызға біраз хаттар келіп, әртүрлі мамандар ойларымен бөлісті. Кейбіреуі келіспейді, кейбіреулері келіседі. Кейбіреуі қызығып, көбірек айтыңызшы деп хабарласып жатты. Соған жауап беріп, әрі қарай талқылап, түсіністік деп ойлаймын.

- Қазір қандай компанияда жұмыс істейсіз?

  - Ұлыбританияның «Merlin ERD – Extended Reach Drilling» атты инженерлік консалтинг компаниясында жетекші инженермін. Бұл компания әлемдегі ең қиын ұңғыларды бұрғылаудың танымал эксперті болып саналады. Компания қызметке шақырғанда, жасқа емес, халықаралық тәжірибеге және жетістіктерге қарайды. Компанияда ең жасы мен екенмін. Қалғандарының бәрі 20-25 жылдық тәжірибесі бар инженерлер. Солардың арасында жүріп мен әрі қарай білімімді арттырып жатырмын деп айта аламын.

Қазақстанда жұмыс істедіңіз бе?

  - Мен оқу оқып жүргенде ҚазМұнайГаз бен Теңізшевройл компанияларының кен орындарында тәжірибе алдым. Содан кейін «Exxon Mobil» (Эксон Мобил) компаниясы Хьюстон қаласына практикаға алды. Оқуды бітірген соң елде қызмет еттім. «Қашаған» кен орнында істедім, кейін Эксон-Мобил компаниясы кәсіби деңгейімді шыңдау үшін бас инженер қылып Америкаға, Ирак пен Ресейге жұмысқа жіберді. Олар жас мамандарды дайындауға қатты көңіл бөледі. 2015 жылы мұнай бағасы түсіп кеткендіктен, Эксон-Мобил Қазақстанға қайтарып, мені бұрғылау саласынан ауыстырып, Қашаған жобасының «Болашақ» деген мұнай өңдеуші зауытына инженер қызметіне жіберді. Ол Қашағанның мұнайын өңдеп, шетелге экспортқа жібереді. Онда жарты жылдай жұмыс істедім. Ол бірақ мамандығыма келмеді. Себебі мен бұрғылаушымын.

Оқуды бітіргеннен бері біраз жетістіктерге жетіп, тәжірибем көбейіп қалған еді, енді қайтадан басқа бағытта барлығын басынан бастағым келмеді. Әрі бұрғылау өте шапшаң және лидерлік қабілетті қажет ететін қызықты жұмыс. Оған әлі де кәсіби көп тәжірибе алу керек. Шетелдерде қазір мұнайды бұрынғыдай 5-7 емес, 11-15 мың метр тереңдіктен бұрғылап шығара бастады. Ол Қазақстанда да көтеріліп тұрған мәселе. Ондай жоба бар. Қазақстанда өте терең бұрғылау жұмыстары басталғанда, менің тәжірибем қажет болатыны сөзсіз. Қуана істер едім. Әзірше шетелдік мол тәжірибе алу ел болашағы үшін қажет. Ал оның әлі де меңгеретін қиындықтары көп. Сол себепті, шақырған соң Ұлыбританияға жұмысқа уақытша барып келуді шештім.

 real_life_stories_exxon_clip_image002

- Сіз Сахалинде әлемдік бұрғылау рекордын жасаған екенсіз. Сол туралы айтып берсеңіз.

- Иә, Ресейдің Сахалин аралында әлемдік рекорд жасадым. Әлемдегі ең үлкен, ең қиын ұңғыларды бұрғылап, біраз тәжірибе жинағанмын. Әлемдегі ең ұзын ұңғы 13 000 метр болды. Ол  Z-40  деген ұңғы. Онда бас бұрғылау инженері болып, командамдағы 4 инженерді басқарып, үлкен ауқымды жұмыс атқардым. Соңғы бұрғылау программасына, барлық инженерлік модельдер мен есептерге мен өзім жауапты болдым. Процесстер оп-оңай өтті десем, өтірік болар еді, өндірісте әртүрлі жағдайлар болып жатады. Ең үлкен қиындық бұрғының 13 000 метр қашықтыққа шыдауының техникалық шегінен асып кететіні болды. Барлығы 200-ге жуық адам қатысты. Бұл жалғыз менің еңбегім емес, әлемдегі ең ұзын ұңғыны бұрғылау оңай емес, оны тек білікті мамандардан құралған мықты команда жасай алады.

- Бұл рекордты қандай ұйым тіркейді? Кім есеп жүргізеді?

- Бритиш Петролеум (BP) компаниясы әлемнің ең ұзын ұңғыларының тізімін жаңартып отырады. Жаңа рекордты ұңғы бұрғыланғанда олар өздерінің жүйесіне кіргізеді. Сондықтан осы Z-40 ұңғысын олар сол жүйеде тіркеген.

- Мұнай саласы бойынша қай жерде білім алдыңыз?

- Мен мұнай-газ саласы инженері мамандығын таңдап, 2006 жылы Шотландияның Абердин университетіне бардым. Бірақ мұнай саласында тереңірек білім алғым келді. Бұл университетте бакалаврды терең оқытпады. Сондықтан Америкаға, Техас Университетіне (Остин қаласы) ауыстым. Бұл университет мұнай саласын оқытуда әлем бойынша бірінші орында тұр. Соған түсуді армандап, емтихандардан сәтті өттім. Шетелге елімізден атынан барып, білім алдық. Бұл үлкен жауапкершілік болғандықтан, барған жастар үздік оқып, әртүрлі стипендиялар ұтып, қоғамдық жұмыс арқылы өзімізді көрсетіп, сенімді ақтауға тырыстық. Университет қабырғасында мұнайгаз саласының «PetroBowl» (Петробол) атты әлемдік олимпиадасын ұтып алдым. Университет командасын өзім құрып, команда капитаны, әрі дайындаушы жетекшісі болдым. Олимпиадаға ағылшын тілді 16 мемлекеттің ең мықты университеттері қатысты. Финалда Миссури университетімен тең болып, жарыс тағдырын капитандар сайысы шешетін болды. Соны ұтып, Луизиана штатының Нью-Орлеанс қаласында 2009 жылдың әлем чемпионы атандық. Бір айта кетерлігі, оған дейін университет тарихында бұл олимпиададан жеңістері болмапты. Осы жетістікке байланысты Эксон Мобил компаниясы мені назарға алды, бітірген соң жұмысқа шақырды. Техас университетінде мен екі жыл бойы ғылыми жұмыспен айналыстым. Профессор Уын және профессор Поп деген әлемге әйгілі екі профессормен жұмыс істедім. Олармен бірге химиялық технологиялар арқылы мұнайды қалай көбірек шығарамыз деген мәселеде ғылыми жұмыспен айналыстым. Сахалинде инновация үшін халықаралық жүлде ұтып алған едім. Ал Астананың атынан 2014 жылы Амстердамда мұнай газ саласы өндірісі қауымдастығының «Әлемдік Президенттің Ерекше Жетістіктер» атты жүлдесін иелендім.  Петр (Шотландия) қаласының мэрі Лиза Грант пен Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ өкілі бригадир Мельвиль Джэйсмонмен
Петр (Шотландия) қаласының мэрі Лиза Грант пен Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ өкілі бригадир Мельвиль Джэйсмонмен

 - 2013 жылы Астанада мұнай газ саласы өндірісі қауымдастығының (Society of Petroleum Engineers (SPE)) филиалын аштыңыздар. Бұл қандай ұйым?

- Бұл ұйым бүкіләлемдік мұнай газ инженерлерінің қоғамы. Әлемдегі ең үлкен кәсіби қауымдастық. Қазір 160 мың мүшесі бар. Орталығы Даллас қаласында.

- Олармен қалай келіссөздер жүргіздіңіздер?

- Бұл ұйымның мұнай-газ саласын оқытатын университеттерде студенттік бөлімдері болады. Мен Техас университетінде жақсы оқығаным үшін ол оқу орнының академиялық стипендияларын ұтып алдым. Бұл мұнай саласының мамандарына өте қажетті оқу орны деп ойлаймын. Себебі бұл жай теориялық емес, практикалық ұйым. Мен Техас университетінде жүріп, сол қоғаммен байланыса бастадым. Мүше болдым. Астанадағы филиалды құру үшін Лондондағы осы қоғамның офисімен жұмыс істеп, солардың шетелдік компанияларымен келіссөздер жүргіздім. Солардың қолдауын алып, сол филиалды аштық.

- Яғни, Қазақстандағы ұйымды ашуға мұрындық болдыңыз ғой?

- Астанада осы ұйымның іргетасын қалап, төрағасы болып, екі жылда бір болатын халықаралық конференциясын ұйымдастырып (Жыл сайын өтетін Каспий конференциясы мен SPE көрмесі),  жақсы команда құрдым. Бәрі ұйымшыл болды, қызу еңбек етті. Жиындарымызға Астанадағы «КазЭнерджи» ассоциациясы, шетел және қазақстандық мұнай компаниялары басшылары қызу қатысып отырды, қолдау көрсетті. Сахалинде сол жердегі кәсіби филиалының төрағасы болдым.

- Қазақстанға қайту ойыңызда бар ма?

- Әрине. Алған ілім-білімім мен тәжірибемді елімізде еңбек етуге жұмсағым келеді. Басты мәселе біздің елімізге қайтып еңбек етіп, пайдамызды тигізуіміз ғой деп ойлаймын. Ал шетелде тек тәжірибе жинау мақсатында жүрмін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

 «Егемен Қазақстан»