28 Қараша, 2016

Еуропалық Даму Банкi биыл елімізге 703 млн. еуро бөлді

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
6_2 Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiнің (ЕҚҚДБ) Қазақстандағы директоры Джанет Хэкманмен кездесті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Басқосуда тараптар екі жақты бірлескен жобалар жайын талқылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Алғы сөзді бастаған аймақ басшысы, ең алдымен, мәртебелі мейманды өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырып, аталған банк өкілдігімен ауыл шаруашылығы, коммуналды шаруашылық, инфрақұрылым, автожолдар салу мен әуежай құрылысын жүргізу салаларында бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді. Үш миллионға жуық халқы бар өңірдегі туу көрсеткішінің жоғары екенін, сәйкесінше, бұл ретте инфрақұрылымдық, әлеуметтік, коммуникациялық мәселелер жайы туындайтыны заңды екеніне тоқталған әкім, атап айтқанда, сумен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау мәселесінде қаржы бөлу қажеттігін айтты. «Жалпы, ҚР Үкіметінен түрлі салалар бойынша көптеген қаржы бөлінуде. Десе де, мұндай халықаралық ұйымдардың қаржысы біз үшін артықтық етпейді. Аталған банкпен бірге біздің тарап Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларының инфрақұрылымдарын дамыту бойынша жұмыстар жүргізуге әзір. Бұл қаржы институтымен бірлесе жұмыс істеудің бірінші тиімді тұсы, теңге айналымын жүргізуге мүмкіндігіміз бар. Екіншіден, пайыздық ставкасы басқа банктермен салыстырғанда өте төмен», - деді Ж.Түймебаев. Өз кезегінде, ЕҚҚДБ-нің Қазақстандағы директоры Джанет Хэкман айтылған ұсыныстар бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта нақты ұсыныстар негізінде жұмыс істеуге уағдаласты. Айта кетейік, Еуропа қайта құру және даму банкі 1992 жылдан бері Қазақстанмен байланыс орнатып, түрлі салалар негізінде жұмыс істеп келе жатыр. Биылдың өзінде еліміздегі әртүрлі 28 жобаға 703 млн. еуро көлемінде қаржы салған.