20 Қаңтар, 2010

БІЗ ЕЛ БІРЛІГІ – ОРТАҚ МАҚСАТ

1292 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Шынын айтатын болсақ, Қа­зақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясын асығып та, толғанып та күткеніміз рас. Егеменді еліміздің дүние жүзіндегі алпауыт мемлекет­тер­мен терезесін тең ұстап келе жат­қаны, халықаралық қоғам­дас­тық­тың мойындап, ЕҚЫҰ-ға төр­ағалыққа сайлануы әр қазақ­стан­дықтың жүрегінде үлкен қуаныш сезімін ұялатқаны түсінікті. Қа­зақ­станда тұрып жатқан 130 этнос өкіліне ұлтына қарамай, дініне қа­рамай бірдей жағдай жасалып отыр­ғаны Елбасымыз Н.Ә.Назар­баевтың сындарлы саясатының арқасында екені бар­шамызға белгілі жәйт. Сессияда ұсынылған Қазақстанның ел бірлігі доктринасы келешегіміздің стра­те­гия­лық бағдарламасы және теңдесі жоқ құжат болатыны ешкімнің кө­ңіліне күмән келтірмес деп ойлаймын. Сессия жұмысына облысымыз­дан Ассамблея мүшелерімен қатар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатынасып қайтты. Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясынан қатысып келе жатқан, түрі басқа болса да, тілегі бір Ертіс өңірінің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген Павлодар қаласының құрметті азаматы, әзірбайжан ұлтының өкілі Д.Махмудов, украин ұлтының перзенті М.Парипса, еврей ұлтының өкілі Ф.Свечинская және басқа да әріптестерім сес­сия­ға дайындықтың жақсы жүргі­зіл­генін, оның барысында бос сөзден гөрі нақты ұсыныс көп айтылғанын атап көрсетті. Ал Доктринаны елі­міз­дегі этносаралық бірлікті қам­тамасыз етуде мемлекеттік сая­сат­тық ұзақ мерзімді стратегиялық ба­сымдығы деңгейіне көтеру бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Қазір Павлодар облысында жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ассамблея құрылар 1995 жылы үш этнос өкілі ғана өздерінің мәдени орта­лық­та­рын құрған болса, бүгінде облы­сымызда 19 этномәдени бірлестік этносаралық және конфессия­ара­лық түсіністікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді. Облыс ас­сам­блеясының алты филиалы қа­лыптасқан, олардың ішінде еліміз­дің энергетика саласының алыбы болып табылатын Екібастұз қа­ла­сында және өңіріміздің ірі ауыл шаруашылығы дамыған, көп этнос өкілдері тұратын Шарбақты, Ақ­то­ғай және Қашыр аудандарында қызмет істеуде. Сонымен қатар, әр этнос өкілдері орналасқан аудан орталықтары мен ауыл-селоларда өңі­ріміздегі этномәдени бірлестік­тер­дің 47 филиалы бар. Мәселен, Ақсу қаласында, Лебяжі ауданындағы Бесқарағай ауылында өткен Ассамблея күндері қатардағы этнос өкілдерінің еңсесін бір көтеріп тастағанын айту қажет. Осы кездесулерде әр этностың мәдениетін, салт-дәстүрін, қол-өнерін жан-жақты насихаттауға бар мүмкіндік пайдаланылды. Биылғы жылдың өзінде “Достық үйінде” неміс жастарының фестивалі, “Эль­пида достарын шақырады” атты грек ұлттық бірлестігінің он жыл­дығына орай өткен республикалық фестивалі және Польша мәде­ние­тінің күндері павлодарлықтардың ес­терінде көпке дейін қалары сөзсіз. Доктринада айқын көрсетіл­ген­дей, тіл саясаты, білім беру мен тәрбие салаларында іске асырар шара-мақсаттар көп, біз оны облыс ассамблеясы сессиясында жан-жақты талқылап, нақты-нақты шешімдер қабылдайтын боламыз. Сессияда қабылданған үндеуді талқылау шеңберінде мен Шар­бақ­ты, Успен және Ақтоғай аудан­да­рында көптеген этнос өкілдерімен кездескенімде көзімнің жеткені – әр этнос өкілдері Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.Ә.На­зарбаевтың сессияда айтылған қа­ғидаларын толықтай қолдайтыны. Ал біздің ең бір баға жетпес бай­лығымыз – бірлігіміз деп білеміз. Идият ӘБДІХАЛЫҚОВ, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары. Павлодар.