Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздануға қатысты ұсыныстары әлем жұртшылығының назарын аударып келеді.
Оның бір себебі, жетекші мемлекеттер арасындағы қарама-қайшылықтар олардың арасындағы жаңа ұзақ мерзімді қарсы тұрушылыққа ұласып кетпей ме деген алаңдаушылықтың негізсіз еместігі. Меніңше, адамзаттық ауқымдағы маңызды мәселелер талқыланғанда, олардың түйінін тарқатуға бел шеше қатысудың орнына, шет қалу ешқандай ақылға сыймасы анық. Ресми биліктер арасындағы осындай «салқын сызаттар» халықаралық ынтымақтастыққа селкеу түсірері сөзсіз. Сол себепті Президентіміздің «соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті. Бұл міндет әлемдік көшбасшылар тарапынан, жаһандық күн тәртібінен өзге проблемалардың аясында абсолютті басымдық ретінде қарастырылуы тиіс», деуінде үлкен мән-мағына жатқанын аңғару қиын емес.
Өзара текетірестерге соқтыратын оқшаулану ешқандай жақсылыққа апармайды. Жер бетіндегі тыныштықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы жаппай қырып-жоятын жойқын қарулардан бас тарту екенін мәлімдей отырып, Н.Назарбаев «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қабылдау қажеттігіне ерекше екпін түсірді. Бұл ретте үш қағидатты алға тарта отырып, ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың барлық келесі буындары аксиома ретінде түсінулерін атап көрсетті.
Бұл жерде де бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауапкершілік, өзара құрмет, ішкі іске араласпау қағидаттары жекелеген тұлғаларға жүктелген. Мәліметтерге сүйенсек, соңғы 20 жыл бедерінде терроризмге қатысты 400-ден астам оқиға тіркелген. Әлемде 15700-17000 ядролық оқтұмсық болса, олардың көбі санаулы елдер иелігінде. Бұл ретте жаһандық антиядролық қозғалыс құру өте маңызды. Қазақстан осыдан ширек ғасыр бұрын әлемде бірінші болып Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Мұндай шешім қабылдауға Елбасымыздың ерік-жігері жетті. Қазақстанның осы бастамашылдығы өзгелерге үлгі болса игі. Сондықтан, мен өзге саясаттанушылардың «қазіргі тәуелсіз мемлекеттердің шекаралары бұзылмайды», деп БҰҰ қарарында жазылуы керек» деген ойларын құптаймын. Бұл мәселе 1944 жылы Вестфаль келісімінде көтеріліп, тиянақталғанымен, өзгенің жеріне көз алартқан сепаратистік пиғылдағы топтарға қолдау тыйылмай отыр. Оған Таяу Шығыс елдерінде болып жатқан шиеленістер дәлел.
Қазақстанның жаһандық бастамалары Ислам ынтымақтастығы ұйымы ХІІІ саммиті аясында да кең қолдау тауып, қорытынды коммюнике жобасына енгізілді. Саммитке қатысушылар Қазақстан және Түркия басшыларының Ислам әлеміндегі татуластық үдерісі жөніндегі бірлескен декларациясын құптап, қақтығыстар мен даулы жайларды сабырмен, ақылмен шешуге шақырды. Бірқатар жетекші мұсылман елдері арасындағы шиеленістердің күшейіп келе жатқанына алаңдаушылық білдірілді. Бір сөзбен айтқанда, «Әділеттілік пен бейбітшілік, бірлік пен ынтымақтастық үшін» тақырыбында өткен алқалы басқосуда Президентіміз ядролық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жаһандық саммитте көтерілген бастамаларын тағы бір дәйектеп, жанталаса қарулану еш абырой әпермесін мәлімдеді.
Алтай ҚОЖАХМЕТОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты, профессор
Петропавл