29 Қараша, 2016

Тәуелсіздік декларациясы – тағылым алар тарихымыз

403 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

00044-1Егемендіктің жемісі, Елбасының жеңісі

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларация мазмұны жағынан теңдессіз толыққанды құжат болып шыққан. Онда еліміздің жүріп өткен кезеңдері айқын көрініс тапқан. Оқығаныңды көңілге тоқығанда, бойыңды бір мақтаныш сезімі билейді. Осының барлығы Елбасы Н. Назарбаевтың салиқалы да салмақты саясатының нәтижесі десек артық айтқандық бола қоймас. Қазір ширек­ғасырлық жолды артқа тастап, ертеңгі күнге батыл қадамдар жасап отырған Қазақ­станның болашағы бұдан да еңселі боларына сенім мол. Қазақстан өз билігі өз қолына тиген бойда-ақ, адамзатқа ажал аранын ашқан ядролық қарудан бас тартты. Халқының қасіретіне айналған Семей ядролық сынақ алаңын жапты. Мұның бәрі Елбасына оңай түсті деп ешкім де айта алмайды. Бейбітқатар өмір сүруге ұмтылған елінің мүддесін ойлаған Нұрсұлтан Әбішұлы осылай болуы қажет екенін бек түсінді. Нәтиже айтарлықтай, Қазақстанды бейбітшіліксүйгіш ел ретінде әлем таныды. Одан кейін татулық пен ортақ келісімде өмір сүруге бағытталған талай әлемдік және халықаралық деңгейдегі бастамалардың дүниеге келуінің бастауында біздің елдің тұруында да Нұрсұлтан Әбішұлының ұлық ұстанымы жатқаны белгілі. Жалпы, Декларацияны оқып отырғанда, Елбасының сара саясатының сабақтастығы көз алдыңа келе қалады. Экономикалық даму жолдары да жыл өткен сайын ілгерілеудің ілкімді ізденістерімен толыға түседі. Бұл дегенің Елбасының әр қадамды алдын ала аңғарып басатын, әр істі «жеті өлшеп, бір пішетін» көрегендігінің белгісі болса керек. Экономикада 50 елдің қатарына енеміз деп едік, ол мақсат орындалды. Енді отыздыққа енудің еншілес ізденістері жасалуда. Декларацияда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сөздің емес, істің адамы екені жүйелене баяндалған. Бұдан бұрын бірде-бір елдің батылы бармаған ауқымды шаруалар тындырылды. Тәуелсіздік жылдары мыңдаған шақырым темір жол салынды. Ғасыр жобасы аталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі пайдалануға берілді. Қазақстан көптеген тың істердің іргесін бекітті, ілгері күндерге өзіндік жолмен барудың бағыттарын айқындады. Бұған Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты және «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары нақты дәлел. Бұл тарихи бағдарламалар бізді бұрынғыдан гөрі биік белестерге көтерері сөзсіз. Декларацияда Қазақстанның саясаттағы сәтті қадам­дары баяндалған. Еліміздің ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ға табысты төрағалық етуі, ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК Қазақстанның жалпы әлемдік және аймақтық мәселелерді шешудегі маңызды үлесі болып табылатынына ешкімнің таласы болмауы тиіс. Тіпті, әріге бармай-ақ, алдағы жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өзі Қазақстанды әлем мойындағанының нақты мысалы дер едім. Бізде осы тәуелсіздік жылдары алыс-жақын шетелдерге абыржымай көрсетуге тұрарлық дүниелер қазірдің өзінде жетерлік. Арқаның төсінде Астананы тұрғызған Елбасының қай ісін алсаң да, халқымыздың болашағына қызмет етудің өнегесін көресің. Тәуелсіздіктің 25 жылы толағай табыстарға толы болды. Мыңдаған жаңа мектептер мен ауруханалар бой көтерді. Қазір қазақстандықтардың тұрмысы адам танымастай өзгерді. Алыс ауылдарға да қатты жамылғылы жолдар мен газ құбырлары жеткізілуде. Қазақстандықтардың орташа өмір жасы 72 жасқа жетті, еңбекақы мен зейнетақы, шәкіртақы жыл сайын көтерілуде. Мәдениет пен білім саласындағы ілгерілеу өз алдына. Тарихымызды түгендеудің жарқын жолына түстік. Міне, осының барлығы Тәуелсіздіктің жемісі, Елбасының жеңісі деу орынды болмақ. Дәулет ӘБЕНОВ, Қазақ-орыс халықаралық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ақтөбе  

Тәуелсіздіктің бір тартуы – «Нұрлы жол»

Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін жаңа экономикалық қарым-қатынастарды орнықтыру қажеттілігі туындады. Бұл үшін бірінші кезекте осын­дай бағыттағы ұмтылыстарға жан бітіретін, әрі оны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бағдар­лама­ларды жүзеге асыру керектігі айқын көрінді. Көп кешікпей тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарынан өркениетті елдер көшіне ілесуге жағдай жасайтын мемлекеттік бағ­дар­ламалар қабылданып, оны іске асыру тетігі пайдаланыла бастады. Осы арқылы егемен елдің үйлесімді түрде дамуына сеп­ті­гін тигізетін көптеген маңызды инфра­құры­­лым­дық жүйелер жасақталды. Әрі бұл жобалар тек жоба күйінде қалып қоймай, қазақстандықтардың сапалы өмір сүру деңгейі көтерілуіне жол ашты. Солардың бірі әрі бірегейі – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы. Міне, мемлекетке де, ел-жұртқа да өте қажет бағдарлама – тәуелсіздік жыл­дары­ның бір жеңісі екені Декларацияда көрсетіліпті. Енді осыған қатысты екі-үш ауыз пікірімді ортаға сала кеткен­ді жөн көремін. Өркениеттіліктің ең басты өлшемдерінің бірі – тақ­тайдай тегіс, ені мен арнасы кең, сәнді де сәулетті авто­мобиль жол­дары болып табылады. Сондықтан да егемендік жылдары кезінде стратегиялық жобалардың қатарынан орын алатын осы іс жоғарыда аталған «Нұрлы жол» бағдарламасы арқы­лы жүзеге аса бастады. Сөйтіп, еліміздің экономикалық әлеуе­тін көтеруге тағы бір қадам жасалды. Сөзім жалаң әрі құрғақ болмауы үшін жоғарыда айтылған ой-тұжырымдарыма Ақжайық аймағынан бірер мысал келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. Егер шегініс жасар болсақ, тәуел­сіздік таңы атқан кезде республи­камыз­дағы жол инфрақұрылы­мы ең артта қалып қойған өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысы десем, қате­леспейтін шығармын. Тіпті мұнда өтпелі кезең мен тәуелсіздіктің бұдан кейін­гі жыл­дарында да автомобиль жолдары сала­сында ұзақ уақыттан бері қор­даланып қалған проблемалар сеңі сөгіл­мей тіресіп жатты. Қазіргі күнге дейін облыс­та жергілікті және республикалық ма­ңызы бар жолдардың тек 26 пайызы ғана қанаға­ттанар­лық жағдайда екені осы пікірімнің басты бір дәлелі. Осы ең төмен көрсеткішті көтеруге мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының шапағаты тигенін қалайша айтпай тұра аламыз. Ал тәуелсіздіктің 25 жылдық торқалы тойы аталып өтетін биылғы мерекелі жылы өңірде автожолдарға күрделі жөндеулер жүргізу мен оны пайдалану ісіне 16 миллиард тенгеден астам қаражат жұмсалыпты. Еліміздің батыстағы қақпасы Орал Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетінін бұған дейін айтып та, жазып та жүрміз. Шекаралас өңірлер өздерінің геоэкономикалық саясатын ойластырған кезде таяу шетелдермен түйісетін тұстарындағы автомобиль жолдарының жай-күйін жақсартуға көңіл аудармаса, мұның өзі елдігіміз үшін де, егемендігіміз үшін де үлкен сын. Өтпелі кезеңде мұны реттеудің мүмкіндігі бола бермегенін де жасырып қалғымыз келмейді. Дегенмен, кейінгі кезеңде мұндай мерейлі сәттің келгені тәуелсіздіктің соңғы он жылындағы қаржылық әлеуетіміздің молая бастағанын көрсетеді. Соның нәтижесінде Ресейдің Саратов, Волгоград, Самара және Астрахань губернияларымен шектесетін автомобиль жолдарын жөндеуге мүмкіндік туды. Бұл іске де «Нұрлы жол» бағдарламасының үлкен көмегі тигенін баса айту парыз. Бүгінгі күні тәуелсіздіктің әкелген тартулары мен жемістері аз емес екендігіне барша қазақстандықтар куә. Соның ішінде еліміздегі автомобиль жолдары саласын­да еңбек етіп жүрген азаматтар үшін «Нұрлы жол» бағдар­ла­масының орны бөлек деп білеміз. Оның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларациясынан ойып тұрып орын алғаны да осы тұжырымның басты айғағы. Марат ҚУАНШАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  басқармасының басшысы Батыс Қазақстан облысы  

Жасампаз жылдар жетістігіне көңіл толады

Парламенттің қос пала­та­сының бірлескен отыры­сында қабылданған Деклара­ция Тәуелсіз елімізде санау­лы уақытта атқарылған ұшан-теңіз жұмыстарды айшық­тай­тын тарихи құжат ретінде баршаның ризашылық сезімін туғызды деп ойлаймын. Ғасырлар бойына аңсаған, ұлттың ұлы тұлғалары мұрат еткен Тәуелсіздік біздің қолы­мызға қонып, азат ел ретінде әлемге танылғанымызға ши­рек ғасыр толды. Кеңес Одағы­нан бөлініп шық­қан жас мемлекет осы ара­лық­та Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лығымен аса зор жетістіктерге жетті. Халық қашанда тату­лықты, бейбіт заманды мұрат еткен Елбасы маңына топтасты. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген қағиданы тұтынды. Ал Елбасы ел сенімін алға сүйреп, мемлекетті дамыту ісінде еш аянып қалмады. Егемендігін енді алып, шаңырағын жаңа көтерген Қазақстанның адамзатты жаппай қырғынға ұшырататын атом қаруынан өз еркімен бас тартуы дүние жүзін селт еткізген соны жаңалық еді. Елбасымыздың пәрменімен жабылған Семей ядролық полигоны миллиондаған жанның кеудесіне үміт отын жақты. Біздің елімізде «Қоғамның басты бай­лығы – адам» деген бұлжымас қағида қалып­тасты. Соның негізінде қабылданған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жемісін беруде. Жан жадырататын көріністерді республикамыздың түкпір-түкпірінен, соның ішінде Сыр өңірінен де көптеп кездестіресіз. Сүйсінер­лігі сол – мұндай игілік­ті қадамдар тек ірі қала, об­лыс орталықтарында ғана емес, алыс аудандар, шалғай ауыл­­дарда да жүзеге асуда. Бұл тұрғыда ел-жұртының ж­о­ғын жоқтап, барын пайым­­да­ған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңір­ген еңбегі өлшеусіз екені даусыз. Егемен еліміздің елдігін көрсететін маңызды құжатта жас мемлекетіміздің қалып­тасу және қол жеткізген жетіс­тік­тері толық қамтылған. Әрине, бұл кезең­дерде Елба­сы­ның сындарлы сая­саты арқа­сында Қазақ­стан экономикасы қар­қынды дамы­ған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалып­тасты. Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар айрықша институт – Қазақ­стан халқы Ассамблеясын құрды. Ел­іміз­де бейбітшілік пен келісім барша жұртшы­лықтың адамгершілік және әдеп нормасына айналды десек болады. Сонымен қатар, «Мәңгілік Ел» құнды­лықтары қазақстандықтардың Тәуелсіздікті нығайтуға ортақ мақсатын, ортақ мүдделері мен болашағын біріктірді. Бұл құжат біздің жарқын болашақ жолында бірлігіміз мен ынтымағымызды көрсеткен тағы бір маңыз­ды оқиға болды. Әлима ӘБДІХАЛЫҚОВА, Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің директоры   АЛМАТЫ