Таяуда Астрахань қаласында (Ресей Федерациясы) санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайларға ден қою мәселелері бойынша Қазақстан мен Ресейдің санитариялық-эпидемиологиялық қызметтерінің дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жиында ҚР ДСМ Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж.Бекшин мен РФ Тұтынушылардың құқықтарын және адамның саламаттылығын қорғау саласын қадағалау жөніндегі федералдық қызметінің басшысы, РФ Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Г.Онищенко сөз сөйледі. Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары, обаға қарсы күрес қызметтері және ғылыми орталықтарының жетекшілері қатысты.
Тараптар инфекциялық аурулардың пайда болуының, әкелінуінің және таралуының алдын алу бойынша шекарааралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Талқылау барысында санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық, әсіресе, шекарааралық сипаттағы қауіптің алдын алу мен таратпау бойынша бірлескен шаралар ұсынылды. Тараптардың ұсыныстары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша одан әрі бірлескен іс-қимылдар жоспарын әзірлеу үшін негіз болады.
Қазақстан мен Ресейдің санитариялық-эпидемиологиялық қызметтерінің басшылары Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының тиімділігін, ұтымдылығын, тұрақтылығын және нәтижелілігін атап көрсетті. Қорытындысында тараптар Қазақстанның Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті мен Ресей Тұтынушыларын қадағалау қызметі арасында инфекциялық ауруларға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Егемен-ақпарат».