Ел Үкіметінің 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – ауруды басқару бағдарламасы болып табылады. 2013 жылдан бастап еліміздің екі аймағында қанатқақты режімде бастау алған бұл бағдарламаның ерекшелігі неде? Бұл туралы біз бағдарламаның ұлттық үйлестірушісі Арман Исинамен әңгімелескен едік.
– Арман Мұратқызы, ауруды басқару бағдарламасы қазақстандықтарға кеңінен танымал деп айта алмаймыз. Сондықтан оның мәнісі, енгізілу себебіне тоқталып өтсеңіз.
– Ауруды басқару бағдарламасы әлемнің көптеген елдерінде өзінің тиімділігін дәлелдеген. Оның шамамен жартығасырлық тарихы бар. Бірінші кезекте инфекциялық емес, созылмалы дерттермен күресуге, олардың алдын-алуға бағытталған. Бүгінгі таңда әлем бойынша сусамыр, жүрек, қан-тамыр аурулары өлім-жітімнің басым бөлігін құрап отыр. Бұл сырқаттардың пайда болуы негізінен адамның өмір салтына, дұрыс тамақтануына, денешынықтырумен айналысуына тәуелді. Мәселен, 40 жастан кейін адамдар кем дегенде бір созылмалы ауруға душар болады. Бүгінде Қазақстанда 3 миллионға тарта адам диспансерлік есепте тұрады екен. Олардың 40 пайыздан астамы жоғарыда айтылған дерттерге шалдыққан. Ауруды басқару бағдарламасы әлемнің 40 елінде енгізіліп, өз нәтижесін беруде. Мәселен, Канадада осы бағдарламаның енгізілуі өлім-жітімді 10 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Финляндияны алсақ, 1971 жылы осы елдің Солтүстік Карелия провинциясында ерлердің арасында жүрек ақауынан өлім көрсеткіші өте жоғары болған. Азаматтарға саламатты өмір салтының артықшылықтарын түсіндіру арқылы бұл ел де біртіндеп жағдайын жақсартты. Біз де осындай көрсеткіштерге ұмтылуымыз керек.
– Қанатқақты жоба ретінде бұл бағдарлама еліміздің екі өңірінде енгізілгені мәлім. Ол қандай нәтиже берді?
– Бағдарлама 2013 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы 7 емханада қолға алынды. Оған қатысуға ниет білдірген 2013 сырқат адаммен арнайы келісімшарт жасалып, емдеуші мен емделушінің міндеттері белгіленді. Бағдарлама бойынша созылмалы ауруы бар науқастармен мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді. Оның құрамына терапевтпен қатар профильді дәрігер, мейірбике, психолог, саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы, әлеуметтік қызметкер кіреді. Мамандар науқаспен жүйелі қарым-қатынас орнатып, өз саласы бойынша кеңес береді, оның жағдайын бақылап отырады. Әрі науқасқа оның ауруы туралы, қандай салдары болуы мүмкін екенін түсіндіреді. Жағдайын асқындырмаудың амалдарын үйретеді. Осылайша, өз ауруы туралы толық мәлімет алған науқас өзін өзі қадағалап, оны арнайы күнделікке жазып отырады, әрі дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті тексерулерден өтіп тұрады. Бұл адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады. Әзірге біз бағдарламаны үш нозология бойынша енгізіп отырмыз. Ол – созылмалы жүрек жетіспеушілігі, қант диабеті және артериалды гипертензия аурулары.
– Қанатқақты жобаға қатысқан сырқат адамдар мен дәрігерлер бұл бағдарламаны қалай қабылдады?
– Бастапқы кезде, әрине, дәрігерлер тарапынан да, науқастар тарапынан да күмән болғаны рас. Дегенмен, бұл жұмысқа біз жаңалықтан қашпайтын, қиындықтан қорықпайтын мамандарды жұмылдыруға тырыстық. Науқастардың белсенділігі де бірқалыпты болады деп айта алмаймыз. Ұсынысқа селқос қарағандары да болды, керісінше, жобаны қуанышпен қабылдап, өз денсаулығын түзеуге белсенді атсалысқандары да болды. Дегенмен, жоба қорытындысы бойынша жүргізілген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, оған қатысқандардың 95 пайызы өз дәрігеріне деген сенімі артқанын мәлімдеген. Яғни, ауруды асқындыратын темекі тарту, ішімдік ішу, тамақты бей-берекет жеу сияқты зиянды әдеттерден арылып, саламатты өмір салтына бет бұрып, дұрыс тамақтану, денешынықтырумен айналыса бастаған. Жобамен қамтылған емханаларда «Денсаулық мектептері» ашылып, мамандар науқастарға өз денсаулығын қалай бақылау керек екенін, қалайша күтім жасау керек екенін үйретеді. Осының арқасында қанатқақты жобаға қатысқан науқастардың 75 пайызының қан қысымы реттелгенін, созылмалы жүрек ауруы бар науқастардың арасында шұғыл госпитализациялау оқиғалары 2 есе азайғанын, қант диабетіне шалдыққандардың 65 пайызының жағдайы жақсарғанын байқадық. Яғни, бағдарлама өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр деуге толық негіз бар.
– Жобаны жүзеге асыруға кететін қаржылық шығын мәселесі қалай шешілген?
– Жобаны тәжірибеге енгізу үшін айтарлықтай қаржылық шығын қажет емес. Бұл жерде тек емханада жұмыс істейтін мамандар тобын бір мақсатқа жұмылдырып, олардың жұмысын жаңа негізде құру арқылы басты мақсатқа қол жеткізуге болады. Ал мамандарды даярлау жұмысына биылға шамамен 27 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаржы негізінен өңірлерде дайындық семинарларын ұйымдастыруға жұмсалады.
– Бағдарламаның басты тиімділігі неде?
– Бірінші кезекте науқастың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артады. Ол өз жағдайын бақылау арқылы бойындағы аурудың асқынуына жол бермеуді үйренеді. Мультидисциплинарлық командадағы мамандармен жүйелі байланыс орнатып, олардың ақыл-кеңесіне құлақ аса отырып, ахуалын жақсарта алады. Бұл жоба бастапқы медициналық көмек жүйесіне, жедел жәрдемге, ауруханаларға түсетін жүктемені азайтуға ықпал етеді. Ең бастысы – науқастың өмір сапасын арттыруға, өмір-жасын ұзартуға мүмкіндік береді. Созылмалы ауруы бар науқас үшін күтімнің маңызы ерекше. Өз денсаулығын күтіп, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстау арқылы, дұрыс тамақтану, мүмкіндігінше дене қимылымен айналысу, психологиялық күйзелістерден сақтану арқылы адамдар ауруын асқындырмауға қол жеткізетіні медициналық тұрғыда дәлелденген. Біздің мақсатымыз – осыны сырқат адамдардың санасына жеткізіп, олардың өз өміріне деген көзқарасын өзгерту.
– Бағдарлама бұдан әрі қалай жалғасады?
– Биылдан бастап ауруларды басқару бағдарламасы еліміздің тағы бес аймағындағы 10 емханада іске қосылды. Қазіргі таңда оған жоғарыда атап өткен үш ауру түрімен науқастанатын 3 200 адам қатысуда. Бұл Астана, Алматы қалалары, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары. Келесі жылдан бастап жоба еліміздің барлық өңірлерін қамтымақ. Бүгінде біздің шетелде дайындықтан өткен жаттықтырушы-мамандарымыз жергілікті жерлерде жобаны жүргізетін мультидисциплинарлық команда өкілдерін жаңа жұмыс әдісімен таныстыруда. Олар өз кезегінде басқа да әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, бағдарламаны еліміз бойынша жаппай енгізуге мұрындық болады деп ойлаймыз. 2017 жылы бағдарлама еліміздің барлық өңірлерінде енгізіліп, 2018 жылдан толыққанды жұмыс істеуі керек.
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»