30 Қараша, 2016

Тәрбие бастауы – балабақша

659 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
_mgm9681Адам баласының жаратылысы әртүрлі деге­німізбен, баланың жақсы болмағы өскен ортасы мен көрген тәрбиесіне байланысты. Дана халқымыз «Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі», – деп тайға таңба басқандай көрсеткен. «Бесік» ұғы­мын «тәрбие» ұғымымен тең қарастыруында үлкен мән жатыр. Баланың жас кезінде көрген тәрбиесі оның үлкен өмірге жолдамасы іспетті. Ақиқатында баланы үлкен өмірге әзірлеу ісінде әуелі үйдегі ата-ананың, содан соң балабақшаның алар орны ерекше. Егемен болып – ес жиып, Тәуелсіз болып – тәубе деп жүр­ген тарихи тұстағы Қазақстанның ұлттық идеологиясы да бала­бақ­шамен, осындағы тәрбие мәселесімен тікелей байла­нысты екенін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та жиі қайталап жүр. Президентіміз бір сөзінде: «Менің тапсырмам бойынша барлық жерде мектепке дейінгі балалар мекемелерін құру жөнін­дегі жұмыс жүріп жатыр» деген де болатын. Әрине, ешбір ата-ана өз бала­сының жаман болғанын қаламайды. Оған теріс тәрбие бергісі де келмейді. Бірақ, бірін­шіден, кейбірінің өз баласын өркениет көшіне лайықты түрде тәрбиелеуге өресі жетпесе, кейбірінің әдісі осал соғып жатуы ғажап емес. Екіншіден, Мемлекет болған соң, онда идеологиялық бірізділік болғаны жөн. Бұл орайда балабақшаның атқарар рөлі маңызды. Тәуелсіз елдің балабақшасы қандай болуға тиіс деген сұраққа келсек, әлемнің екінші ұстазы, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» десе, қазақ­тың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлы: «Менің үш қорқынышым бар: біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын» деген екен. Қос тұлғаның алғашқысы адам­заттық деңгейде ақыл айтса, екіншісі бала тәрбие­сінде қазақтың төл рухани құнды­лығының рөлі қанша­лықты маңызды деген сұраққа жауап жолдап тұрғандай. Біздің ұрпақ тәрбиесіндегі ұстанар ұстанымымыз да осы екі тұл­ғаның сөзінен арқау тартып жатуға тиіс. Роза ЖАЛПЕТЕКОВА, Астана қаласы №57 «Салтанат» балабақшасының меңгерушісі