Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күнін мерекелеу аясында кеше Көкшетау қаласының жұртшылығы сегіз бірдей нысанның ашылу салтанатына куә болды.
Бұлардың барлығы экономикалық, әлеуметтік жағынан қарағанда да аса маңызды еді. Әсіресе, қалаға қарасты Красный Яр кентіндегі 9 гигакалориялық блоктық-модульдік бу қазандығы пайдалануға беріліп, 23 көпқабатты тұрғын үй мен 7 әлеуметтік-мәдени нысанды арзан жылумен қамтамасыз ете бастады. Сөйтіп, көпшілікті қуанышқа бөлеуде. Салтанатты рәсімдегі құттықтауында облыс әкімі Сергей Кулагин инженерлік желілердің іске қосылуымен орталықтан жылытылатын үйлердің саны арта түсетінін атап көрсетті. Бу қазандығының құрылысына «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 870 миллион теңге қаржы бөлінген.
Облыс биыл тұрғын үй құрылысы жөнінен республикалық деңгейде алдыңғы сапқа көтерілді. Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап мемлекеттілігімізді қазақстандықтардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ететін үлкен үй тұрғызу туралы ақ тілегінің орындалып отырғанын айғақтайды. Соның бір дәлелі ретінде «Сарыарқа» шағын ауданындағы 9 қабатты, 45 пәтерлі тұрғын үй иелерінің қоныс тойын айтуға болады. Ғимаратты «Конкурс» ЖШС құрылысшылары қысқа мерзімде әрі сапалы салып шыққан.
Жалпы, «Сарыарқа» бой көтерген үш жылда 58 309 шаршы метрлік көпқабатты 20 тұрғын үй пайдалануға берілгенін Тәуелсіздік тартуы деп қабылдауымыз керек. Мұнда 755 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Сондай-ақ, шағын ауданда «Арай» балалар бақшасы, өрт сөндіру депосы жұмыс істеп тұрса, 900 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Биылғы мерекелі жылы Қазақстан-Беларусь «Вираж-Холдинг» ЖШС құрамына енетін Көкшетаудағы «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» серіктестігі кәсіпорнының жұмысқа қосылуы қала өміріндегі айтулы оқиға саналады. Көкшеліктер «КАИК» деген қысқа ат қойған кәсіпорын «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Беларусь индустриялық-технологиялық паркі» инвестициялық жобасын табысты жалғастыруда. Бұл нысан Ақмола облысының кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Демек, серіктестіктің болашағы зор деп айта аламыз.
Жаңадан ашылған алкогольді өнімдер шығаратын «GrandRoyalBottlers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 70 адамға жұмыс орнын беріп отыр. Зауыт құрылысына 1 миллиард 300 миллион теңге инвестиция құйылып, бір жылдың ішінде қатарға қосылғанын білдік. Мұнда Италияның озық жабдықтары орнатылыпты.
Аты республикамыздан тысқары жерлерге де кеңінен мәлім «Көкшетау минералды сулары» АҚ минералды суларды шығарудың кластерлік жүйесі инвестициялық жобасының таныстырылымын өткізді. Жобаның құны 3,7 миллиард теңгені құрайды. Жаңа цехта 40 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Республикамызға «Нәтиже» брендімен танымал кәсіпорынның Көкшетаудағы жаңа зауыты өңір тұрғындарымен қатар, Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге қызмет ететін болады. Мұнда сүт өнімдерінің 20-дан астам түрі қайта өңделеді. Өңірдің рейтингтік деңгейін нығайтуға екпін қосатын жобаны жүзеге асыруға 500 миллион теңге қаржы жұмсалса, мұның 110 миллион теңгесі «Даму» қоры арқылы бөлініпті.
Айтулы мерекелер қарсаңында Застационный кентінің бүлдіршіндері айрықша қуанышқа бөленді. Мұнда барлық қолайлылықтар қарастырылған 240 орындық «Мирас» балалар бақшасы есігін ашты. Облыстық бюджет қаржысына салынған бөбектер ордасында қазақ тілінде тәрбие алатын – 7, орыс тілінде 4 және санаторийлік топ жұмысқа кіріскен. Бөбектер құтты болсын айта келген қонақтарға шағын концерт қойды.
Кешкісін қаланың көркін аша түскен жаңа «GREENWhichHotel» қонақ үй кешенінің самаладай шамы жарқырай жанды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы