30 Қараша, 2016

Көкшетауда – мерекелік көңіл-күй

107 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
dsc_6880Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күнін мерекелеу аясында кеше Көкшетау қаласының жұртшылығы сегіз бірдей нысанның ашылу салтанатына куә болды. Бұлардың барлығы эко­но­ми­калық, әлеуметтік жағынан қара­ғанда да аса маңызды еді. Әсі­ресе, қалаға қарасты Красный Яр кентіндегі 9 гигакалориялық блок­тық-модульдік бу қазандығы пай­далануға беріліп, 23 көпқабатты тұрғын үй мен 7 әлеуметтік-мә­дени нысанды арзан жылумен қамтамасыз ете бастады. Сөй­тіп, көпшілікті қуанышқа бөлеу­де. Салтанатты рәсімдегі құттық­тауында облыс әкімі Сергей Кула­гин инженерлік желілердің іске қосылуымен орталықтан жылытылатын үйлердің саны арта түсетінін атап көрсетті. Бу қазандығының құ­ры­лысына «Нұрлы жол» мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында 870 миллион теңге қаржы бөлінген. Облыс биыл тұрғын үй құ­ры­лысы жөнінен республикалық дең­гейде алдыңғы сапқа көтерілді. Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бас­тап мемлекеттілігімізді қазақ­стандықтардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ететін үлкен үй тұрғызу туралы ақ тілегінің орындалып отырғанын айғақтайды. Соның бір дәлелі ретінде «Са­ры­арқа» шағын ауданындағы 9 қабатты, 45 пәтерлі тұрғын үй иелерінің қоныс тойын айтуға болады. Ғимаратты «Конкурс» ЖШС құрылысшылары қысқа мерзімде әрі сапалы салып шыққан. Жалпы, «Сарыарқа» бой кө­тер­ген үш жылда 58 309 шаршы метр­лік көпқабатты 20 тұрғын үй пай­далануға берілгенін Тәуелсіздік тартуы деп қабылдауымыз керек. Мұнда 755 отбасы жаңа пәтер­лер­дің кілтін алды. Сондай-ақ, шағын ауданда «Арай» балалар бақшасы, өрт сөндіру депосы жұмыс істеп тұрса, 900 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биылғы мерекелі жылы Қазақстан-Беларусь «Вираж-Хол­динг» ЖШС құрамына енетін Көкшетаудағы «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» серіктестігі кәсіпорнының жұмысқа қосылуы қала өмі­рін­дегі айтулы оқиға саналады. Көкшеліктер «КАИК» деген қыс­қа ат қойған кәсіпорын «Ауыл шаруашылығы және комму­налдық техникаларының Қазақ­стан-Беларусь индустриялық-тех­­нологиялық паркі» инвести­циялық жобасын табысты жалғас­ты­руда. Бұл нысан Ақмола облы­сының кәсіпкерлікті қолдау кар­тасына енгізілген. Демек, серіктестіктің болашағы зор деп айта аламыз. Жаңадан ашылған алкоголь­ді өнімдер шығаратын «Grand­RoyalBottlers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 70 адамға жұмыс орнын беріп отыр. Зауыт құрылысына 1 миллиард 300 мил­лион теңге инвестиция құйы­лып, бір жылдың ішінде қатарға қосыл­ғанын білдік. Мұнда Италия­ның озық жабдықтары орнатылыпты. Аты республикамыздан тыс­қары жерлерге де кеңінен мәлім «Көкшетау минералды сулары» АҚ минералды суларды шыға­рудың кластерлік жүйесі инвес­тициялық жобасының таныс­тырылымын өткізді. Жобаның құны 3,7 миллиард теңгені құрай­ды. Жаңа цехта 40 адам жұмыспен қамтылып отыр. Республикамызға «Нәтиже» брендімен танымал кәсіпорынның Көкшетаудағы жаңа зауыты өңір тұрғындарымен қатар, Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге қызмет ететін болады. Мұнда сүт өнімдерінің 20-дан астам түрі қайта өңделеді. Өңірдің рейтингтік деңгейін нығайтуға екпін қосатын жобаны жүзеге асыруға 500 миллион теңге қаржы жұмсалса, мұның 110 миллион теңгесі «Даму» қоры арқылы бөлініпті. Айтулы мерекелер қар­саң­ында Застационный кентінің бүл­діршіндері айрықша қуанышқа бөленді. Мұнда барлық қолай­лылықтар қарастырылған 240 орындық «Мирас» балалар бақ­шасы есігін ашты. Облыстық бюджет қаржысына салынған бөбектер ордасында қазақ тілінде тәрбие алатын – 7, орыс тілінде 4 және санаторийлік топ жұмысқа кіріскен. Бөбектер құтты болсын айта келген қонақтарға шағын концерт қойды. Кешкісін қаланың көркін аша түскен жаңа «GREENWhichHotel» қонақ үй кешенінің самаладай шамы жарқырай жанды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы