Алдағы күндері «АЛМЭКС» холдингтік тобы еуропалық «Staay Food Group» (Голландия) компаниясымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласына маманданған «Astana Fresh» атты ортақ кәсіпорын ашады. Осылайша голландиялықтар Қазақстанның агроөнеркәсіп кешендеріне инвестиция құюға шешім қабылдады. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
«АЛМЭКС» акционерлік қоғамы – еліміздегі ірі қаржылық холдинг. «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы бұл топ ұжымдық және жеке клиенттерге Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Грузия сияқты елдерде банк қызметін, ал өз елімізде сақтандыру қызметін ұсынып жүр.
Қазіргі күндері «АЛМЭКС» холдингі мен голландиялық «Staay Food Group» компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ендігі жерде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені мен тамақ өнеркәсібіндегі жобаларды дамытуға күш салады.
Алғашқы кезеңде екі тарап бірігіп, Қазақстан мен жақын көршілерімізден жеміс-жидек пен көкөніс тасымалдайтын жүйе құру арқылы отандық фермерлермен арадағы ынтымақтастықты нығайтпақ. Бұл бастаманың жылыжай мен ашық топырақта жеміс-жидек және көкөніс өсіретін отандық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге көмегі көп болады деп күтілуде.
Екі тарап та «Astana Fresh» компаниясы фермерлер мен ауылшаруашылық өнімдерін тұтынатын ірі компаниялардың арасын жалғайтынына сенеді.
пен «Staay Food Group» компаниялары нарықты зерттей келе, келешекте ортақ жылыжай кешендерін, көтерме-бөлшек сауда орталықтарын салуды, «Staay Food Group» тәжірибесіне, білімі мен жаңа технологиясына сүйене отырып жаңа піскен жеміс пен көкөністі өңдейтін кәсіпорындар ашуды көздеуде.
Екі тараптың да қазақстандық жоғары білім беру мекемелерімен әріптестік орнатуға талпынысы байқалады, олар ауылшаруашылық өнімдері мен тамақ өнімдерін өндіру салалары бойынша білікті мамандар даярлап, отандық білім ордаларының ғылыми-зерттеу әлеуетін тәжірибе жүзінде пайдалануға пейіл танытып отыр.
«АЛМЭКС» пен «Staay Food Group» компаниясы қазақстандық фермерлермен қойын-қолтық жұмыс істесе іс нәтижелі болады деп есептейді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ