«ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамы еліміздің мұнай-газ саласындағы жетекші компания болып табылады. Компанияның өзіндік өндірістік және еңбек дәстүрі бар. Соңғы жылдары мұнда өндірісті жаңаша ұйымдастыруға, нарықтық қатынастарды дамытуға және адам ресурсын тиімді пайдалануға бағытталған сәтті қадамдар жасалуда. Соның бірі компания келешегі жастарға сенім арту, олардың жастық жігері мен ғылыми ізденістерін өндірісте тиімді пайдалануға серпін беру екені сөзсіз.
Ақтөбеде өткен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жастарының III слетінде осы және басқа мәселелер талқыланды. Слеттің «Өзгерісті өзіңнен баста» деп аталуында да үлкен мән бар. Бұл – компанияда жұмыс істейтін әр жасты уақыт талабына қарай икемделе еңбек етуге ұмтылдырудың бір жолы. Форум іс жүзінде ҚМГ компаниялар тобындағы 45 серіктес және тәуелді кәсіпорын жастарының ашық әңгіме алаңына айналды. Жастар слетінің негізгі мақсаты – жас жұмысшылар мен компания басшылығы арасында өзара түсіністікті қалыптастыру, өндірісті дамытудағы жастардың рөлін күшейту бағытында жұмыс істеу, жастар бастамаларын жүзеге асыруға ықпал ету және қолдау көрсету.
Алқалы жиынға Ақтөбе өңіріндегі бірқатар мұнай-газ компанияларының жас мамандары шақырылды. Жастар жиынын жүргізіп отырған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жастар кеңесінің төрағасы Саят Қайгелдинов мұндай кездесулерді ұйымдастыру дәстүрге айналғанын жеткізді. Слетте сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Серік Әбденов трансформациялау бағдарламасы, оның аясында енгізіліп жатқан жаңалықтар, сондай-ақ, адам ресурстарын басқару бағытындағы жоспарлар туралы тарата баяндады.
– Қазір ҚМГ компаниялар тобында НR трансформациялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл қайта құруды әрбір қызметкерге жеткізу өте маңызды болмақ. Сондықтан компания басшылығы жобаны жүзеге асырушы ретінде оның мән-маңызын түсіндіру үшін қандай да бір әңгіме алаңын тиімді пайдалануға мүдделі. 2014 жылы 6 қазанда Елбасы Н.Назарбаев ҚМГ-нің негізгі акционері «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында трансформация бағдарламасы басталғаны туралы мәлімдеді. Оны жүзеге асырудың басты мақсаты компанияның қаржы жағдайын жақсартуға бағытталған, – деді ол.
Баяндамашы корпоративтік басқарудың тиімділігін арттыруға, өндірісті басқарудың жаңа жолдарына, компания жұмысының маңызды бағыттарына, активтер бағасына тоқталды. Ол, сондай-ақ трансформациялау бағдарламасының негізгі
буыны ең алдымен адамдар екенін атап өтті.
Серік Әбденовтің айтуынша, ҚМГ компаниялар тобында 90 мың адам еңбек етеді. Олар жылына еліміз бойынша өндірілетін мұнайдың 22 миллион тоннасын қамтамасыз етеді, мұнай мен газдың 60 пайызын магистральды құбырмен және басқа жолдармен тасымалдайды. Мұнайды өңдеу – толықтай осы акционерлік қоғамның еншісінде. Компанияның мұнай сервистік кәсіпорындары бар. Олар жаңа кен орындарының жұмысын қамтамасыз етеді, бұрғылау үшін жаңа ұңғымаларды құрады, барлау жұмыстарын жүргізеді. Өткен жылы компания бюджетке 840 миллиард теңге аударды, Ұлттық қорға да тиісінше төлемдер жасады.
Вице-президент бұдан әрі ҚМГ-нің операциялық шығындарына, жалпы шаруашылық қызметіне тереңірек тоқталды. Бұл бағытта еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік үрдістерді, еңбек және тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағыт ұсталатынын жеткізді. Ол үшін өндірісті жетілдіру, дамуды қамтамасыз ету қажет. Бұған компанияның мүмкіндігі мол жетеді.
Серік Әбденов трансформациялау бағдарламасының мәнін аша келіп, жүргізіліп жатқан қайта құрудың компанияның алға қойған стратегиялық міндеттерінен бастап кадрларды даярлау және іріктеп алуға дейінгі барлық буынын қамтитынын атап өтті. Бұл бағдарламада тек өндірістік жағдайлар ғана емес, ұжымдағы тұрақтылық пен ұйымшылдыққа негізделген әлеуметтік мәселелерді шешу қарастырылған.
Жалпы трансформациялау бағдарламасында таяу және ұзақ мерзімді даму стратегиясы, бизнестің басым бағыттары, үрдістік және операциялық модельдер, ұйымдастыру құрылымы, қызметкерлерге қойылатын талаптар ойластырылған. Оларды жүзеге асыру еңбек өнімділігін арттыруға, жаңа технологияларды игеруге, сыртқы нарыққа бұрынғыдан гөрі кең көлемде шығуға алғышарт жасайды. Серік Әбденов трансформациялау бағдарламасының компания жұмысын жаңа деңгейге көтеруге серпін беретінін, бұл бағытта резервтердің әлі де мол екенін тілге тиек ете келіп, компанияның қазіргі жағдайын шетелдік әріптестерінің деңгейімен салыстыра әңгімелеуі тартымды шықты. Қазір ҚМГ жаңа кен орындарын барлау, мұнай өндіру, тасымалдау және өңдеу бойынша әлемдегі жетекші 50 компанияның қатарына кіреді. Мұнда болашақта жұмыс тиімділігін арттыра отырып, отыздыққа ену көзделуде.
Бүгінгі таңда компанияның ел аумағында 73 өндірістік активі бар. Сондай-ақ, шетелдік әріптестерімен бірлесіп басқаратын активтері де жетерлік. Материалдық-техникалық базасы жақсы, 15 өндіру кәсіпорыны, 20 кен барлау орны, 8 мұнай сервистік компаниясы, 11 мұнай тасымалдау, 9 газ тасымалдау, 3 мұнай өңдеу зауыты, автокөлікке май құю стансалары және басқа бөлімшелері бар. Сондықтан, таңдап алынған бес бағыт – мұнай және газ өндіру, өңдеу маркетингі, мұнай-газ тасымалдау, мұнай сервистік қызмет бойынша даму көзделуде. Серік Әбденов бизнестің әркімнен нені талап ететінін, компания алдына қандай басымдықтар қойып отырғанын алға тартты.
Одан кейін сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жастар кеңесінің төрағасы Саят Қайгелдинов кеңес жұмысын баяндай келіп, алда тұрған міндеттерді айтты, жастардың кәсіби өсуі, инновациялық бастамалар, әлеуметтік қолдауға тоқталды. Жастар кеңесінің мәртебесін көтеріп, оның үміткерлерді жұмысқа алу, кадрлық резервті анықтау бойынша іріктеу конкурстарына қатысуы туралы ойларын ортаға салды. Ол Өнертапқыштар клубы туралы айта келіп, ҚМГ-де құрылған өнертапқыштық ұсыныстардың идеялар банкі жастар бастамаларына серпін беріп қана қоймай, олардың инновациялық қызметін кеңейте түсетінін атап өтті.
Слетте «Пікірталас клубы», «Брейнг-ринг» зияткерлік ойыны» және «English club» жобаларының тұсаукесері болды.
– Біздің кәсіпорында белсенді жастар күшімен 2013 жылдан бері «Бабалар жүрген ізбенен» жобасы жүзеге асырылуда. Жыл сайын арнаулы экспедиция жасақталып, туған еліміздің табиғи-тарихи орындарында болады. Экспедиция «Ақсу – Кендірлі», «Қараған босаға» және басқа тарихи-табиғи орындарда болып қайтты. Бұл жобаның танымдық-тағылымдық өнегесі мол, – дейді «Өзенмұнайгаз» АҚ жастар кеңесінің төрағасы Бәйімбет Бауыржан.
Мұнайшы жастардың алқалы жиынында кәсіби өзін-өзі дамыту, қызмет бабында өсуді жоспарлау мәселелері сөз болды. Панельдік сессиялардың бірінде ҚМГ компаниялар тобында кәсіптік білім берудің
дуальды жүйесін енгізу жолымен жастарды даярлау мәселелері талқыланды. Тікелей жұмыс орнында оқыту бағдарламасы алдыңғы қатарлы, тиімді және әлемдік тәжірибеде дәлелденген бағдарлама болып табылады. «Ембімұнайгаз» АҚ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС және Челябі құбыр прокат зауыты мамандары оқытудың осы жүйесін енгізу және оқу сынақ алаңын құру туралы тәжірибелерімен ой бөлісті.
«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-де оқытудың дуальды жүйесі 2013 жылдан бері енгізілген. Осы кезеңде онда 83 студент білім алып, оның 53-і жұмысқа орналасқан. Қазір 50 адам өндіріс және оқу жүйесі бойынша оқып жүр. Ал, «Ембімұнайгаз» АҚ дуальды оқыту жүйесін былтырдан бері пайдалануда. Бастапқы кезеңде Атырау мұнай және газ институты мен «APEK Petrotechnic»-тің 39 үшінші және төртінші курс студенті қатысқан.
Слет аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Неміс қолөнершілер палатасы ұсынған өндіріс шеберлері мен тәлімгерлерін оқыту жобасы бойынша жұмыстар талқыланды. 2016 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-тың 6 маманы тәлімгерлер үшін «Кәсіби және еңбек педагогикасы» тақырыбында үш модульді оқудан өткен. Жастар жиы-
нында оларға «Тәлімгер» мәртебесін беру туралы сертификаттар тапсырылды.
Слет аясында жастардың облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесуі өте қызғылықты өтті. Өңір басшысымен жас мұнайшылар ашық әңгіме-дүкен құрды. Жастармен ашық әңгімеде Бердібек Машбекұлы ел экономикасы үшін мұнай-газ саласының маңызы зор екенін, мұнай өнімінің бағасы төмен екеніне қарамастан, Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміз экономикалық қиындықтан шыға білгенін айтты.
– Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы жастар саясатына ерекше назар аударды. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты жастар мәселесін шешу, олардың әлеуетін көтеруге бағытталды. Халықаралық стандарттарға сай білім алу үшін барлық жағдай жасалды. Мемлекет басшысының бастамасымен жиырма жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасы қолға алынып, оны оқып келген жастар қазір ел экономикасын көтеруге атсалысып жүр. Сіздер қуатты, ақылды, талантты жастарсыздар. Қазір сіздердің қай салада болсын тың идеяларды іске асыруға мол мүмкіндіктеріңіз бар. Мемлекет қашанда жастардың бастамасын қолдайды, – деді өңір басшысы.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Серік Әбденов форумды қорытындылай келе, жастарды компанияның дамуына, өндірістік көрсеткіштерді көтеруге, инновациялар мен жаңа технологияларды енгізуге қатысуға шақырды. Жиын барысында белсенді жастар облыс әкімдігі мен компанияның Алғыс хаттарымен марапатталды.
Слеттің екінші күні жастар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта ағаш көшетте-
рін отырғызды, осында ұйымдастырылған флеш-мобқа қатысты. Мұнайшы жастардың екі күнге созылған алқалы жиыны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы жас қызметкерлерінің күшімен ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен аяқталды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ