30 Қараша, 2016

«Біз ядролық қарусыз әлемді қалаймыз!»

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Семей орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «25 жұлдызды күн» шарасы аясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Біз – ядролық қарусыз әлем үшін» атты экология сағаты өтті. «Авиценна» колледжінің сту­денттері қатысқан шара барысында кітапхана қызметкерлері биыл Қазақстанның Тәуелсіздік ал­ғанына 25 жыл толуымен бірге, Семей ядролық сынақ по­ли­го­нының жабылғанына да ширек ға­сыр болғанын атап өтті. Семей по­лигонының әлемдік деңгейдегі ұлт­тық қасірет екенін әңгімелеген кітапханашылар қауымы ажал ара­ны­ның алғашқы құрылу тарихынан бас­тап, оның ауыр салдары мен зарда­бы жөнінде баяндады. Ядролық сынақ алаңы кешегі Абай мен Мұхтардай алыптардың жасыл жазиралы туған жері болған бүтіндей Семей аймағына ұзақ уақытқа созылатын радиациялық сәулесімен өшпес қасірет алып келгенін айтқан кітапхана қызметкерлері осынау 40 жылға созылған қасірет қақпанынан құтқарған 1991 жылғы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей по­лигонын жабу жөніндегі Жар­лығы болғанын атап өтті. Сондай-ақ, «Невада-Семей» антиядролық қоз­ғалысының да елеулі үлес қосқанын же­ткізді. Экологиялық сағат барысында оқушылар жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан бас тартып қана қой­май, оны әлем елдері арасында насихаттауымен антиядролық қоз­ғалыстың көшбасшысына айналған қазақстандық бастамалардың авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілікке үндеген саясаты жөнінде ой-пікір алмасты. Шара соңында оқушылар «Біз – ядролық қарусыз әлемді қалаймыз!» тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалады. Бұған дейін Абай атындағы кі­тапхана қызметкерлері қалалық ішкі істер басқармасында «Елбасымен нұрлы болашаққа» атты көрме мен слайд-дәріс өткізген болатын. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» СЕМЕЙ