«Тіл жоқ жерде ұлт жоқ!» Өйткені тіл – ұлттың жан дүниесі. Мұны айтқан Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов! Бірақ, қазақ тілі ХХ ғасырда қандай күйге түсіп, солақай саясаттың салдарынан дәрменсіз халге ұшырағанын аға ұрпақ та, басқалар да жақсы біледі. Тек ел тәуелсіздігінің арқасында ғана қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып, саясат сахнасында, қоғамдық орнында өз тұғырына қона бастады.
Елбасы әлемде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өмір сүретін, қызмет ететін бір ғана ел бар, ол – Қазақстан, ал Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатының дұрыс жүргізілуі, ол елдігіміздің, ұлттық дамуымыздың, болашағымыздың аса маңызды мәселесі екенін шегелеп айтып, барша қазақстандықтардың саяси ерік-жігеріне зор күш берді, мемлекеттік бағдарламалардың мәртебесін көтерді. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тіліміз – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы!» деп айтқан әрбір сөзі қазақ тілінің бағын ашып, байтақ елдің мәңгі тілі екенін көрсетті.
Ел тәуелсіздігімен бірге ел мерейі ғасырға бергісіз биікке көтерілсе, соның бірі – мемлекетіміздің мәртебелі тілі де төрге шықты. Ал Қазақстанның тұтастай қабырғалы мемлекет болуы үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Жаһандану заманында Қазақ елін осыншама өркениет биігіне жеткізген Елбасына әрбір қазақстандықтар шексіз алғысын білдіреді.
Бір ғана мәселені айта кетейік. Н.Назарбаевтың жаһандық бастамалары, мәселен, ядролық қарудан бас тарту жөніндегі бастамасы – әлемдік қауіпсіздікке қосқан зор үлесі. Қазір өздеріңіз қараңыздаршы, Қазақстан өркениетаралық диалогтың маңызды орталығына айналды. Бұл не деген сөз! Бұл – халықаралық абырой-бедел, зор сенім мен құрмет дегенді білдіреді. Мұндай дүниежүзілік деңгей бізде қашан болып еді?
Жақында Тараз қаласында «Жаһандану заманындағы тіл және ономастикалық үрдістер» деген тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Бұл алқалы жиынға елімізге кеңінен танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, ел қамын, ұрпақ болашағын ойлаған даналар бұл мәселеге айрықша мән бергені, сол жолда күрескені айтылды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл екенін тағы бір мәрте еске түсірді. «Біздің еліміз тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі де, бірегейі де – қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуы. Осы бір құнды игілікті сақтау – әрбір азаматтың асыл борышы» деген тоқтам жасады. Бұл – мемлекеттік тіл саясатының алтын діңгегі.
Қай заманда болмасын, туған Отанымыз үшін баға жеткізгісіз құндылықтарды тарихи ұлы тұлғалар ғана жасай алатынына өзіміз куәміз. Сондықтан, Ел мерейін бағалай білуіміз керек.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты
ТАРАЗ