Мақсат-міндеттері қандай?
Бағдарламаның әлеуметтік маңызды рөлі – табысты фермерлердің санын арттыру, сол арқылы нарыққа қажетті бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету. Ауыл халқын жұмыспен қамти отырып, олардың табыс деңгейін арттыруға басты назар болмақ. Әзірленіп жатқан бағдарламаның негізгі міндеттері көп. Санамаласақ, мал шаруашылығының тиімділігін 40 пайызға және өсімдік шаруашылығының тиімділігін 30 пайызға арттыру, тауарлы өндіріске 500 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құру үшін ауқымды ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту, АШТӨ-ні барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету, мақсатқа бағытталған экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнімнің қазақстандық брендін жылжыту, 600 мың гектардан астам суармалы жерді айналымға тарту, АӨК-ті мемлекеттік реттеуді жетілдіру, тағы басқадай жоспарлы міндеттері бар.Кооперативтерге кірудің артықшылығы неде?
Мемлекеттік бағдарлама негізінде еліміздің әрбір фермері ауылшаруашылық кооперативі арқылы мемлекеттік қолдау таба алады. Кооперативтерді техникалық жағынан жабдықтау «КазАгро» ҰБХ арқылы жүзеге асырылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың ветеринарлық, агрохимиялық, қаржылық және өнімді өткізуге кеткен шығындары кооперативтерді субсидиялау арқылы өтеледі. Ауылшаруашылық кооперативін дамыту арқылы 500 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құра аламыз және шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың үлесі 1,3 есеге артады. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту барысында ауыл тұрғындарының кірісін жыл сайын 300 млрд теңгеге дейін арттыру және сауданың үстеме бағасын 15-20 пайызға төмендету көзделіп отыр. Ойлап қарасақ, жыл сайын 300 млрд теңге ауылдарға қосымша кіріс ретінде кіріп отырса, бұл көрсеткіш бөлінген субсидия көлемінен екі есеге артық болмақ. Сонымен қатар, кооперативтер өздерінің үлескерлеріне, яғни қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарына ветеринарлық, агрохимиялық, техникалық қызмет көрсету және жем-шөп дайындау бойынша бірнеше қызметтер көрсете алады. Кооперацияның тағы бір артықшылығы – агроөндірістік мақсатта және ауыл шаруашылығына қатысты емес бизнес түрлерін (монша, шаштараз және т.б) ашуға несие беру қарастырылған. Сонымен қатар, кооператив арқылы күнделікті тұтынатын несие алуға да болады. Ауыл тұрғындарына несие алу үшін банкке немесе аудан орталығы мен облыстарға барып жүрудің қажеті болмайды.Қанша қаражат жұмсалады?
АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы «Агробизнес-2020» мен «Су ресурстарын басқару» туралы екі бағдарламаның негізінде жүзеге асырылады. «Агробизнес-2020» мен «Су ресурстарын басқару» бағдарламаларының бюджеті АӨК-ті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны қаржылай қамтамасыз етуге толықтай жетеді. Іске асырылып жатқан екі бағдарламаға 2851 млрд теңге бөлінсе, жаңа бағдарламаға болжам бойынша 2830 млрд теңге кетеді. 2015 жылы 1 бюджетті қаржыландыру үшін 0,34 теңге жеке инвестиция керек болды, ал жаңа бағдарлама аясында бұл көрсеткішті көтеру жоспарланып отыр. 2017 жылы 1 бюджет ақшасы 0,72 жеке инвестицияға теңелсе, 2021 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,1 теңгеге жеткізіледі.Күтілетін нәтиже қандай?
Қазақстан халқы үшін ауылшаруашылық саласы негізгі кіріс көзіне айналады. 2021 жылға қарай ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы жиынын 30 пайызға – 1 трлн теңгеге немесе қазіргі 3,3 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар, еңбек өнімділігін 50 пайызға – 1,2 млн теңгеден 1,9 млн теңгеге дейін арттыру, экспортты 17 пайызға – 2,1 млрд-тан 2,5 млрд АҚШ долларына дейін және импорт көлемін 17 пайызға – 3,4 млрд-тан 2,8 млрд АҚШ долларына дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар, суармалы жерлердің үлесін 40 пайызға, яғни 1,4 млн гектардан 2 млн гектарға дейін арттыру қарастырылған, осының нәтижесінде кіріс 30 есеге дейін көбейеді. Негізгі басымдық фермерлерге беріледі. Оның ішінде мемлекеттік қолдау 7 есеге, яғни 67 мыңнан 500 мың АШТӨ көбейеді.Жаңа бағдарлама жаңа жылда іске қосылуы керек
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет мүшелеріне бұл бағдарлама бойынша әзірлік жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Осы ретте Үкімет басшысы бағдарлама жобасы түрлі алаңдарда, соның ішінде аймақтарда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқасы аясында және Мәжілісте талқыланғанын атап өтті. Дегенмен, жыл соңына дейін оны мүдделі тараптармен тағы да талқылап, бекітуге уақыт бар. «Айтылған ескертулер мен ұсыныстарды назарға ала отырып, бағдарлама жобасын мақұлдауды және жыл соңына дейін мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, бизнес-қоғамдастықтармен келісілген соң бекітуге шығаруды ұсынамын. Келесі жылы жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істеуді бастауымыз керек», деді Б.Сағынтаев.Нәтижелі жұмыспен қамту деген не?
Үкімет отырысында талқыланған тағы бір маңызды мәселе – Қазақстанда жұмыссыз азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тетіктерін қарастыру жайы. Бұл ретте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова бұл бағдарламаның негізгі мақсаты өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және өзге де біліктілігі жоқ адамдарды өнімді жұмысқа тарту екенін атап өтті. Оған қоса, жаппай оқыту және сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіпкерлік негіздері бойынша дағдыландыру, жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, еңбекпен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ұтқырлығын қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту қарастырылуда. «Жаңа бағдарлама 15 пен 45 жас аралығындағы айына 60 мың теңгеден төмен табыс табатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жұмыссыздарға және кәсіптік біліктілігі жоқ тұлғаларға жұмыс табуға немесе жаңа мамандықты меңгеруге көмектеседі. Қолдау шараларымен 550 мыңға жуық адам қамтылады деп күтілуде, олардың 84 пайызы ауыл тұрғындары», деді Т.Дүйсенова. Мамандардың айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамту, бұл – еңбеккерлерге табыс әкелетін шынайы, лайықты өмір сүруді қамтамасыз ететін жұмыс түрі.Ауылға несие не үшін беріледі?
Т.Дүйсенованың айтуынша, ауылдағы кәсіпкерлік қызметтің көкжиегі ендігі кезде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінен айтарлықтай ұлғаятын болады. Өйткені, ауыл тұрғындары үшін несиелер сомасын өтеу мерзімін 7 жылға дейін және несиенің жылдық мөлшерлемесін 6 пайыз деңгейінде сақтай отырып, 16 млн теңгеге дейін арттыру қарастырылуда. Несиелердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған тағы бір жаңа шара – 1,5 млн теңгеге дейінгі сомадағы несиені кепілсіз беру болып отыр. Қазіргі таңда түрлі бағдарламаларда қолданылып жүрген шағын несиелендірудің барлық түрлері мен құралдарын біріктіру, ауылдарда да, қалаларда да шағын несие беру мәселелері қарастырылуда. Ауылдағы негізгі міндет өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтар үшін шағын несиелендірудің қолжетімділігін арттыру. Бұл жеке кәсіпті ашуға немесе кеңейтуге, кооперативтер құруға не болмаса кәсіпкерлікке қажетті инфрақұрылымды жетілдіруге мүмкіндік береді.Қарызды қайдан алуға болады?
Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қалаларда кәсіпкерлік қызметті шағын несиелендіруді енгізу, сонымен қатар, мемлекет тарапынан қалаларда жобаларын жоспарлаған немесе іске асырып жатқан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтар үшін шағын несиелендіруді кепілдендіру қарастырылған. Жыл сайын кем дегенде 20 пайыз стартап жобаларды жүзеге асыруға 2 500-ден астам несие беру көзделген. Шағын несиелер жаңа шағын кәсіпорындарды ашуға және қолданыстағы бизнесті кеңейтуге берілетін болады. Операторы «Даму» КДҚ» АҚ болмақ. Шағын несиелерді тікелей беру екінші деңгейлі банктер немесе шағын қаржы ұйымдары арқылы жүргізілетін болады.Тұрақты жұмысқа көңіл бөлінеді
Бұл мәселені талқылауды қорытындылаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев әзірленген бағдарлама аясында енді жұмыссыз азаматтармен жұмыс істеу сипаты өзгеретінін атап өтті. «Егер біз бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша уақытша жұмыс орындарына көңіл бөлсек, енді оқыту арқылы тек қана тұрақты жұмыс орындарына көңіл бөлінеді. Ең бастысы, адамдарға өз істерін ашуға және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік береміз. Жауапты органдар анықталды, өкілеттіліктер берілді, олардың арасында жергілікті атқарушы органдар бар», деді Б.Сағынтаев. Премьер-Министр осы бағдарлама бойынша барлық әзірлік жұмыстарын аяқтап, оны 15 желтоқсанға дейін Үкіметке бекітуге ұсынуды тапсырды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»