30 Қараша, 2016

Өскеменде 20 актер баспаналы болды

117 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
unnamed Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының 20 актері баспаналы болды. Естеріңізде болса, былтыр облыс орталығында жаңадан салынған театр ғимаратының тұсауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кесіп, шығармашылық ұжымға сәттілік тілеген болатын. Енді актерлер қауымының қуанышын Өскемен қаласының Аблакетка ықшамауданынан берілген жаңа баспана еселей түсті. 20 пәтер кілтінің табысталуы – облыстық драма театрының қазақ, орыс және жастар труппаларының әртістері үшін Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі қарсаңындағы ең үлкен тарту болды. Театр директоры Дінмұхамед Ұябай облыс әкімі Даниал Ахметовтің соңғы екі жылға жуық уақытта жаңа заманауи ғимаратта жұмыс істеуге мүмкіндік алған шығармашылық ұжымның әлеуетін көтеруге үлкен қолдау көрсетіп отырғанын, соның бастысы осы о баста уәде етілген 20 пәтер болып отырғанын жеткізді. Өйткені, театрдың шығармашылық әлеуетін көтеру үшін талантты актерлер құрамын жасақтау қажет. Осы үдеден шығу мақсатында Астанадағы "Шабыт" Қазақ ұлттық өнер университеті мен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған жас актерлер Өскемен қаласына шақырту алған еді. Олардың арасында алғашқы шығармашылық еңбек жолын Шығыс өңірінде бастағандар да, осыған дейін Алматы, Семей, Павлодар қалаларындағы театрларда тәжірибе жинап үлгерген жас актерлер де бар. Олар Шығыс Қазақстанда шығармашылық қауымға қажетті қолдау бар екенін айтады. – "Өз үйім – өлең төсегім" дегендей, өзімізге тиесілі шаңыраққа қол жеткізгеніміз үшін қуаныштымыз. Әсіресе, балалардың өз үйіңде алаңсыз ойнағанын көру де бақыт екен, дейді екі бөлмелі пәтерге қол жеткізген жас актерлердің бірі Елдос Мәсәлім. Ал актердің жары Рысгүл жаңа пәтердің кең, жарық әрі жылы болғанына қуанып жүр. Театр басшысы Дінмұхамед Ұябайдың айтуынша, облыстық театрға жаңа спектакль қою үшін декорация мен киім даярлауға және музыкамен әрлеуге 25 миллион теңге бөлінген екен. Қазір шығармашылық құрам Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне арналған жаңа қойылымға қызу әзірлік үстінде. unnamed-1 Думан АНАШ, "Егемен Қазақстан" ӨСКЕМЕН.