«Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалы кеңесінің бір топ ардагерлері менің өңірге сапарым кезінде өзекті мәселелерді шешуді талап етті.
Тәуелсіздік алғанымызға биыл – 20 жыл. Құдайға шүкір, ата-бабаларымыздың бізге бағыштаған ақ тілеуі орындалды. Ұлттық мемлекет құрдық, енді Қазақ елі кемелдікке ерен ұмтылысымен бет алды.
Осынау аңсаған еркіндікке жеткізген, кешегі сұрапыл соғыста қан кешкен ардагерлерімізді лайықты дәріптеп, құрметтеп жүрміз бе? Кім болсаң да, мейлі шаруа, мейлі әкім, шопан немесе қолбасы, ұлы азамат немесе қарапайым пенде болсаң да санамызда, қанымызда аса биік қасиет – ұлы борышты сезіну бар емес пе.
«Досыңнан дұшпан күшті. Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған. Бұл не деген заманға ісім түсті», – деп Абай мұңайғандай, ардагерлеріміздің ісі заманымызға түсіп тұр.
Елге барғанда «Ардагерлер туралы» заң қабылдау, онда соғысқа қатысушыларды коммуналдық төлемдерден босату, қоғамдық көлікте тегін жүру, тегін медициналық жәрдем алу сияқты сандаған мәселелер туралы сұрақтар аса көп қойылады. Кейде не деп жауап береріңді білмей қиналасың. Осы заң жобасы бізде жатқанына 3-4 жыл болды. 2010 жылы 37 млрд.теңге игерілмей қалса да, Үкімет қаражат жоқ деп осы «Ардагерлер туралы» заңға қолбайлау болып отыр.
Жамбыл облысы бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны осы жылдары екі есеге азайған. 2008 жылы 1214 соғыс ардагері болса, қазіргі күні 596 адам қалған. Оның ішінде соғыс мүгедектері 2008 жылы 442 адам болса, қазіргі қалғаны 190 адам ғана. Бүгінде олардың жасы 80-нің жуан ортасынан асқан. Көбісі өздігінен жүре алмайды. Мешітке, қасиетті Ораза айында ауызашарға жетуі қиындаған. Жақында Тараз қаласында пәтер кезегінде 1298-ші болып тұрған, кезінде осы мәселе бойынша менің атыма арызданған соғыс ардагері пәтеріне қолы жетпей, баласының қолында қайтыс болды. Біз ардагерлерімізді осылай құрметтейміз бе? Не деген шарасызбыз.
Зейнетақы төлемдері бойынша да кемшіліктер орын алуда. Зейнетақыны үзіліссіз төлеуді қамтамасыз ету проблемасын шешудің балама жолы ретінде зейнетақы жүйесіне реформа жүргізу қолға алынған-ды. Міне, содан бергі он жылдан аса уақыт ішінде қазақстандық тәжірибе өзінің кемшіліктерін көрсетіп берді. Базалық зейнетақының енгізіліп, соңғы жылдары оның тиісінше көбейтілуінің арқасында ғана зейнеткерлердің зейнетақысы қайта қаралды, дегенмен, 1998 жылға дейін және одан бері де зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлердің зейнетақысын есептеудегі және қайта есептеудегі әлеуметтік әділетсіздік көзге шыққан сүйелдей бадырайып тұр. Осыған байланысты есептелген зейнетақының сол кезде алған жалақы мен атқарған еңбекке сәйкес еместігіне қатысты реніштер көп айтылуда. Реніш білдірушілер 30 жылдан 45 жылға дейін еңбек өтілі және зейнеткерлікке шыққан кезде жоғары жалақысы бола тұрып, бүгін не себепті төменгі көлемде зейнетақы тағайындалғанын түсінбейді. Бұл туралы мәжілісмендер бірнеше мәрте сауал жолдап, шахтерлердің зейнетақысы мен басқадай жәрдемақысына байланысты проблеманы көп рет көтеріп, мұғалімдердің мәселесі, зейнетақының есептелуіндегі әлеуметтік әділетсіздік мәселесі бойынша қаншама хат жолдады.
40 жыл еңбек өтілі болғанымен, 15700 теңге зейнетақы тағайындалған Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер Тәжіхан Смайыловтың мұңын мен қазіргі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықоваға жеткізген едім. Бірақ министрлік Үкіметтен аса алмай отыр.
Осыған қоса, 2008 жылы зейнетақының шекті көлемі де 15 айлық есептік көрсеткіштен 25 айлық есептік көрсеткішке көтерілуге тиіс болған-ды. Бірақ кейбіреулерінің зейнетақысы бүгінгі талапқа сай болмай шығып, Президент қойған міндетті жүзеге асырғанмен, олар зейнетақының уәде еткен көлемін ала алмауда. Оның үстіне, зейнетақыны орташа жалақы бойынша салалық негізде есептеу, тіпті де, әділеттілік емес. Яғни, министр де, қағазбен жұмыс жасап отырған жәй маман да бірдей болмақ. Зейнетақы мөлшері өскен кезде, зейнетақысы болар-болмас қана көтерілгендер өздерінің реніштерін білдірумен келеді. Әдістеме қашан өзгереді? Қырық жыл жұмыс өтілі барларға еңбегіне қарай зейнетақы қашан тағайындалады? Бұл сұрақтарға әлі де анық жауап жоқ.
Осыған орай, қазір жүргізіліп жатқан әл-ауқаты төмендер – мүгедектерді, зейнеткерлер мен ардагерлерді лайықты өмір сүру жағдайларымен және қаржылық төлемдермен толық қамтамасыз ету саясаты түбегейлі өзгертілуі тиіс. Кезінде депутаттардың бастамасымен көтерілген «Ардагерлер туралы» заң жобасын қайтадан қолға алып, оны аяқтау керек. Онда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге, Чернобыль, тыл ардагерлеріне, 1939-1945 жылдар аралығында туған зейнетақы алушыларға арналған арнайы жәрдемақылар мен зейнетақылар қайтадан қаралуы қажет деп санаймын.
Сөйтіп, Үкімет ардагерлер мәселесін оң шешкен жағдайда, жүзеге асырып отырған әлеуметтік саясаттағы нәтижелі жұмысты жалғастырумен қатар, қоғам алдында зор мәртебеге ие болып, еліміздің тарихынан лайықты орнын алар еді. Үкімет депутаттармен 4 жыл бірлесе жұмыс істеген уақытында еліміздің экономикасын көтеруде айтарлықтай жетістіктерге жеткені еш күмән туғызбайды. Ал егер «Ардагерлер туралы» заң қабылданған жағдайда Үкіметтің жұмысына баға жетпес еді.
Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты.