30 Қараша, 2016

Шетелдік сарапшы: алдағы жылы Қазақстанда ЖІӨ өседі

158 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

unnamed-1

Алдағы жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі өседі. Бұл туралы Астанада өткен «Қазақстан: жаңа инвестициялық мүмкіндіктер» атты конференция Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы бөлімшесінің жетекшісі Джанет Хекман айтты.

«Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстанда барлық салаларды қаржыландырып жатыр. Сол себепті басқа xалықаралық ұйымдар мен донорлық компанияларға қарағанда, біз осы елдегі жағдайды жақсы білеміз. Бүгінде біз баспасөз беттерінде сан алуан болжамдарды оқып жүрміз. Дегенмен, біздің экономистер болашаққа оптимистік көзқараспен қарап отыр. Біздіңше, бүгінде Қазақстан мұнай-газ саласындағы экономикалық құлдырау кезеңінен өтті. Мемлекет аталған сынақты сәтті еңсере білді. Сондықтан биыл ішкі жалпы өнім шамамен 0,7 пайызға өседі деген болжам бар. Ал келесі жылы ол көрсеткіш 2,4 пайызға көтеріледі. Біздің есебімізге сәйкес, қазіргі кезде инфляция өзінің шарықтау шегіне жетті. Енді, ағымдағы жылдың аяғына дейін, сосын келесі айда ақша мен активтердің айналымы қалыпты деңгейге оралады», деді Джанет Хекман.

unnamed-2

Айтқандай,«Қазақстан: жаңа инвестициялық мүмкіндіктер» атты конференция Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өтті. Шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Конференция жұмысына 100 қазақстандық және агроөндірістік кешен, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік, тау-металлургия кешені, қуат, мұнай-газ және банк секторлары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инновация, көлік және логистика, тағам өндірісі, химиялық сала, машина құрастыру, кеме жасау, медицина және туризм саласындағы қазақстандық және шетелдік компаниялардан 300-ге жуық адам қатысты.

Мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің, шетелдік бизнес-ассоциациялардың басшылары конференцияға үлкен қызығушылық танытты. Сонымен қатар шара аясында Қазақстанның индустриясына, инвестициялық қызметтің кеңеюі мен жоғары технологиялық өндірістің дамуына қосқан үлестері үшін шетелдік инвесторларды жыл сайынғы марапаттау рәсімі де өтті.

unnamed

Динара Бітікова,

"Егемен Қазақстан".