30 Қараша, 2016

Нұрлан Әлімжанов: Өзім сомдаған барлық рөлдерді жақсы көремін

466 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Тәуелсіздіктің ширек ғасырында отандық киноиндустриямыз да үлкен жетістікке жетті. Ауыз толтырып айтатын небір мықты фильмдер түсірілді. Соның ішінде Тұңғыш Президент Н.Назарбаев жайлы киноэпопеялық фильмдердің орны бір төбе. Біз Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасы туралы түсірілген фильмдердің төрт бөлімінде басты рөлді сомдаған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, әнші, композитор Нұрлан Әлімжановпен әңгімелескен болатынбыз. – Нұрлан, әңгімені «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмінде сізге қандай жауапкершілік жүктелгенінен бастасақ. Өз кейіпкеріңізді болашақ президент ретінде сезіну, болашақ президентті сомдаудың жауапкершілігі болды ма? – Мен Елбасымыздың бозбала шағы мен жастық кезіндегі бейнесін тура қайталай алмайтынымды саналы түрде білдім. Бірақ рөл тапсырылған сәттен бастап барынша көп ізденуге тырыстым. Ол кісінің өзі жазған кітаптарын оқыдым, ол туралы түсірілген деректі фильмдерді көріп, газет-журналдар мен кітаптарды оқып шықтым. Үлкен экранға шықпастан бұрын фильмді Елбасының өзі көретінін қаперде ұстадым. Болашақ президентті сомдаудың жауапкершілігі осы шығар. Ал болашақ президент ретінде сезіну деген мәселеге келсек, «Балалық шағымның аспаны фильмінде» басты кейіпкер тағдыр оған қандай сый дайындап тұрғаны белгісіз, ауылдан шыққан қарапайым ғана жігіт. Сондықтан, дәл осы фильмде болашақ президентті емес, білімге деген ұмтылысы, алға қойған мақсаты бар ауыл баласының бейнесін мүсіндеуге ұмтылдым. Бұл үшін көп тер төгуге тура келді. Камера алдында уыздай бозбала рөліне ену үшін спортзалдан шықпай 12 келіге дейін арықтадым. Қимыл-қозғалысымды, мінез-құлқымды барынша президенттің бозбала шағына ұқсатуға тырыстым. Тіпті, «Елбасы жолы» фильмдер циклының екінші, үшінші бөлімінде де кейіпкер сатылап өсіп отырады. Егер актер өзін іштей «президенттікке дайындап» қойса, бейне сәтті шықпас еді деп ойлаймын. – Осы «Отты өзен» және «Теміртау» фильмдеріне де сіз түстіңіз. Сізді Елбасыға сырт келбетіңіздің ұқсастығы үшін таңдады ма? – Жеке басым сырт келбетім Елбасыға қатты ұқсайды деп айта алмаймын. Мүмкін бет пішімімізде, маңдайымызда ұқсастықтар бар шығар. Осының өзі де әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, алғашқы фильмде Елбасының бозбала шағының бейнесін сәтті шығарды деп таңдауы да ғажап емес. Бірақ осы фильмдердің бәрінде бір адамды ғана сомдағаныммен, оның өмір жолының түрлі кезеңдері қамтылды. Бір фильмде бозбала, ал екінші, үшінші фильмдерде жігіт, азамат жасқа келген, ғашықтық ғаламатын бастан өткерген, қоғамдық жұмысқа араласқан Нұрсұлтанның рөлін шығаруым керек болды. Теміртау қаласында түсірілген осы екінші, үшінші фильмдер менің актерлік өмірімдегі өзгеше бір жаңалық десем, артық айтқандық емес. Өз көзіммен металлургтердің қарекетін көрдім. Елбасымыз неше жыл бойы темір балқытатын пештің, яғни, домна пешінің жанында тұрып жұмыс істеген ғой. Бұл пештердегі температура 2 мың градусқа дейін жетеді. Оның жанында тұрған адамның әрбір қадамы, қимыл-қозғалысы өте қырағы, сақ болуы қажет. Мүлт кетуге жол жоқ. 50-60-шы жылдарда бәрі қолмен жасалды емес пе? Сондықтан, мүлт кету өз өміріңе балта шабумен бірдей. Қазір металлургтердің жұмысы автоматтандырылған. Дегенмен, кәсіп бұдан қауіпсіз бола қоймаған екен. Домна пешінің жанында тұрып осыны өз көзіммен көрдім. Түсірілім біткен соң мен металлург жігіттердің барлығымен қимай, құшақтасып қоштастым. Олар рөлге енуім үшін көп көмектесті. – «Елбасы жолы» циклының төртінші бөлімі «Тығырықтан жол тапқан» фильмі туралы не айтасыз? – Бұл фильмде Мемлекет басшысының 1971-1977 жылдар аралығындағы өмір кезеңі бейнеледі. Саясатқа енді қадам басқан азаматты сомдадым. Әрине, бұл фильмнің де өзіне тән ерекшеліктері бар. Ұзақ дайындықпен түсірілді. Кино саласының жетекші мамандары жұмылдырылды. Ұзақ уақытқа дейін көпшіліктің есінде қалатын шығар деген ойдамын. – Ал осы фильмнің әрбір бөлімі түсіріліп біткен соң Президенттің тамашалайтыны, бағасын беретіні белгілі. Осы орайда адам ретінде Елбасының қандай жақсы қырларын байқай алдыңыз? – Нұрсұлтан Әбішұлы киноның әр бөлімін ерекше ықыласпен көрді деп айта аламын. Оң бағасын берді. Ол кісінің қарапайымдығын, аса еңбекқорлығын жеке өз басым үлгі тұттым. Киноның әр бөлімі аяқталған соң фильмге түскен әрбірімізбен емен-жарқын әңгімелесіп, дидарласып отырды. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген сөздің растығын әр кездескен сайын түйсіндім десем артық айтпаймын. Жалпы, киноларға түсе жүріп, Елбасының рөлін сомдайды екем деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бұл да бір Алланың берген бағы шығар. Сондай-ақ, бұл басқа рөлдерімді маңызсыз санаймын деген де сөз емес. Өйткені, мен актермін. Өзім сомдаған барлық рөлдерді жақсы көремін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»