01 Желтоқсан, 2016

Татулықтың терең тамыры

165 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
muzey-fotoКеше Ұлттық музей ұжымының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент күніне және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Елбасы – ел тірегі» атты мәдени-танымдық кеш өтті. Ұлттық музейдің «Тарихи тұлғалар» атты ағартушылық-танымдық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр­ған кеш барысында Елба­сы­ның ел дамуындағы орны, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өр­кен­деуіне қосқан үлесі, мемле-кеттің ішкі-сыртқы саяса­тын­дағы ұстанымдары туралы сөз қозғалып, Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталған шетел­дердегі көшелер, мекемелер мен ескерткіштер туралы бейнесюжет көрсетілді. Бейнесюжетті әзірлеуге Қазақстандағы Түр­кия, Украина, Иорданияның Хо­ши­мит Корольдігі елшіліктері, Татарстанның Қазақстандағы өкілдігі, «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігі көмек­тескен. Айта кету керек, қазіргі таңда Түркияның Невшехир, Қыршехир, Гебзе, Адан қалала­рында, Иорданияның астанасы Амманда, Шешенстанның астанасы Грозный қаласында, Ингушетия астанасы Магаста және Татарстан астанасы Қазан қаласында Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың атымен аталған көшелер бар. Сол сияқты, әлем­нің бірнеше елінде Елбасына арналған ескерткіштер ашылған. Ең алғашқы ескерткіштің бірі Мемлекет басшысы білім алған Украинаның Днепродзержинск қала­сында бой көтерген. Сондай-ақ, Түркия астанасы Анка­рада, Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында, Гагаузия астанасы Комрат қаласында Қазақстан Пре­зидентінің ескерткіш-бюсті бар. «Біз осы күндері Республика болып Тәуелсіздіктің 25 жылды­ғын атап өтуге дайындық үстін­деміз. Бабалардың қаны мен аналардың жасымен жеткен еркіндікті ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылып тойламасақ елдігімізге сын емес пе? Сондық­тан да осы ретте бір­неше іс-шара­лар жоспарланып отыр. Елбасымыз бір сұхбатында «Тәуелсіздіктің үш жетістігі бар, біріншісі, біз Тәуелсіз мемлекет болдық, екіншісі, Астанамызды салдық, үшіншісі, көрші, шетелдермен ынтымақтастығымыз артты» деген еді. Шынын айтқанда, осының барлығының авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев деуге толықтай негіз бар. Ендігі мақсат – маңдай термен келген еркіндіктің еңсесін төмен түсір­меу. Татулығымыздың тамырын кеңге жаю», деді Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай. Кеш барысында Ұлттық өнер университетінің студенттері Елбасының сөзіне жазылған ән­дерді орындап, қонақтардың ыстық ықыласына бөленді. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»