01 Желтоқсан, 2016

Жас ғалымдарға шынайы қолдау

482 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде оқуда үлгерімі жоғары, ғылыми-зерттеу жұмы­сымен белсене шұғылданатын және қоғамдық шараларға барынша атсалысатын магистранттарға Қазақстан Республикасы Президенті шәкіртақысының куәліктері тапсырылды. Салтанатты рәсімге Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қатысып, болашағынан үміт күттіретін жас ғалымдарға ізгі тілегін жеткізді, сондай-ақ, қазіргі таңда жастардың білім алуына, ғылыммен айналысуына мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық тұрғысында әңгімелеп берді. Құрамында Білім және ғылым министрлігінің, Кәсіптік білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен профессорлары, мәдениет қайраткерлері, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының және Қазақстан жастар конгресінің атқарушы хатшылары кіретін Конкурстық комиссияға биыл 43 магистранттың құжаттары ұсынылыпты. Аталған комиссияның шешімімен бұлардың арасынан 10 үміткер іріктеліп, Қазақстан Республикасы Президенті шәкіртақысын алуға лайықты деп танылды. Олар: Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының магистрі Мария Абадиева, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистрі Гауһар Асқарова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистрі Ирина Гавриленко, Қазақ ұлттық өнер университетінің магистрі Әйгерім Дәуітбаева, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің магистрі Наурызхан Ділдәбеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистрлері Райхан Жанболатова мен Лия Омарова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистрі Майра Нұрке, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің магистрі Аяулым Нұрымбай, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің магистрі Эмиль Рахимбаев. Шара барысында аталған шәкіртақы иелері өздерінің еңбектері ескеріліп, ерекше көңіл бөлінгеніне разы екендерін жеткізді. Сондай-ақ, олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында жастарға барлық жағдай жасалынып жатқанын сөз етті. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»