Арқа төсіндегі кен өндірісінің алыбы саналатын Жезқазған аймағына Елбасы Н.Ә.Назарбаев сан мәрте ат басын бұрды. Қоңсылас жатқан Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы халықтың әл-ауқатын, өндірісті шаһарлардың өсіп-өркендеу жолындағы игілікті істерін көзбен көріп, оң істерге сәттілік тілегенін қалың жұртшылық жақсы біледі.
Әр сапарында Елбасы ел игілігіне қажетті, маңызды әлеуметтік нысандар мен ірі жобалардың тұсауын кесіп, жан бітірді. Мұндай істе еліміздің Тұңғыш Президентінің қолтаңбасы қалғанын қос қаланың азаматтары мақтана да, мадақтай да айта алады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің қасиетті мекенге табан тіреген сапарларында кеншілер қаласын да назардан тыс қалдырған емес. Әлемдік деңгейде алпауыт компания атанған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің мұрындық болуымен бой көтеріп, қайта жөндеуден өткен әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатында құрметті қонақ болды.
Қарап отырсақ, Президенттің шағын шаһарда болуының өзі тарихи оқиғаларға толы. Жоғарыда атап өткендей, «Қазақмыс» корпорациясының қаржыландыруымен қайта жанданған, не болмаса еңсесін тіктеген ғимараттар Сәтбаев қаласына сән беріп, халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Осындай нысанның бірі де бірегейі ретінде компанияның көмегімен тамырына қан жүгірген қалалық орталық аурухананы айтуға болады.
Кеншілер қаласына деген компанияның мұндай сыйына Елбасы өзі куә болған еді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауына тап келген қаладағы жалғыз емхананың алдағы тағдырына алаңдаған компания басшылары да, Елбасы да оның халыққа қолайлы жағдайда жұмыс жасауына көп көңіл бөлді. Емхананың күрделі жөндеуден кейін қайта жанданған сәтіне халықпен бірге қуанып, мұндағы білікті мамандардың ісіне сәттілік тіледі.
Бұл 2003 жылдың жиырма бесінші қазаны болатын. Содан бері арада он үш жыл өтті. Осы тарихи оқиғаның бірден-бір куәгері ретінде кеңінен сөз қозғай алатын қалалық орталық аурухананың бас дәрігері Жомарт Ахановтың айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы емхананы ашу салтанатына қатысқанда талай адамның тағдырына тікелей әсерін қалдырған...
Иә, дәл солай. Кеншілер қаласындағы жалғыз орталық аурухананың ашылу салтанатына келгенде Президент халықтың «Енді бұл емхананың алдағы тағдыры не болады екен?» деген алаңдаушылығын бір сейілтсе, Президенттің осы сапарымен тұспа-тұс өмірге келген сәбилерге де аталық ақ батасын берді. Мен сөз еткелі отырған сол сәби бүгінде ат жалын тартып мініп, құрбы-құрдас, дос-жарандарының арасында білімпаздығымен, өнерімен дараланып жүр. Ол қаламыздағы алдыңғы қатарлы білім ошағы саналатын, сұңғыла жырдың дарабозы Сәкен Сейфуллиннің атын еншілеген гимназияның 8 сынып оқушысы Нұрсұлтан Нұржігіт. Онымен жүздесуге арнайы білім ошағына іздеп бардым. Бір көргеннен көпшіл, үлкенді сыйлап, кішіге ізет білдіретін пайым-парасаттылығымен көзіме оттай басылған Нұрсұлтан зеректігін байқатты.
– Дүние есігін ашып жатқан миллиондаған сәбидің ішінен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың маған өз есімін қойып, куәлігіме «Бақытты бол!» деп ақ пейіл тілеулестігін білдіруі мен үшін үлкен абырой әрі үлкен жауапкершілік. Оң-солымды енді танып жатқанда анам маған «Сенің есіміңді тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті қойған. Балам, сондықтан осы атаққа лайықты азамат бол», деп үнемі айтып отыратын. Әрине, мұның мәнісін енді түсініп, бұл есімнің қадір-қасиетін ұғынғандаймын.
Нұрсұлтан атаның қазақ еліне жасаған игі істерін, еліміздегі татулық пен біртұтастық идеясын қалыптастырудағы өзіндік сара жолын газет-журналдар мен телеарналардан үнемі бақылап, өзімді-өзім анам айтқандай абыройлы азамат болып ержетуге шыңдаймын. Елбасына еліктеп, үнемі білімге, білуге құмартамын. Ол кісінің өмір жолы жайлы деректерді оқып, киноларды көргенде бала жасынан оқуға, білуге құштар болғанын байқадым. Менің өмірдегі жолыма жарық сәуле сыйлаған Нұр атаның «Бақытты бол!» деген сөзі сәл мұңайған сәтімде сейілтіп, серпін береді.
Елбасының бұл сөзі маған «Мәңгілік қазақ елінің, айбынды да айбарлы еліңнің қамқор азаматы бол, сонда сенің бақытты жұлдызың жанады» деп рух беретіндей. Ал жауапкершілігіне келер болсақ, менен көп ізденуді, оқып, білім алып, келешекте елімнің еңселі азаматы болып өсуге тәрбиелейтіндей,– дейді бала Нұрсұлтан.
Ұстаздарының айтуынша, Нұрсұлтан өте алғыр. Ол, әсіресе, математика пәнін құмарта оқиды. Бос уақытын спорт залында, кітапханада өткізетін дарынды баланың сабақ үлгерімі өте жақсы.
– Мектебімізде мұндай баланың тәлім мен тәрбие алып, білімге сусындауы біз үшін де мақтаныш. Адам кімге еліктеп, кімді үлгі тұтса сол адамның жолын өзіне сара жол етіп таңдап алады ғой. Нұрсұлтан Елбасы жолын таңдап, еліне етене ұл болып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? – дейді гимназия директоры Гүлбану Сүйінжанова.
Тәуелсіздік – бізге теңдік пен бостандық таңын сыйлаған аса киелі ұғым. Сан ғасырлар бойы ата-баба аңсаған азат күннің Қазақ елінің көгінде көтеріліп, көк Туымыздың желбіреуі ұлттар мен ұлыстар үшін баға жетпес байлық. Ширек ғасыр ішінде шежірелі тарихын қалыптастырып, еңсесін тіктеген еліміз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында әлем елдерінің қатарынан ойып тұрып орын алды.
Қазақтың бағына біткен мұндай тұлғаның тағылымы – еліміздің келешегі деп сенім артқан жастарға үлгі.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ,
журналист
Қарағанды облысы,
Сәтбаев қаласы