Белгілі тарихшы, көрнекті еуразиятанушы ғалым Лев Николаевич Гумилев өмірінің соңына қарай берген бір сұхбатында «Қазақстанды болашақта не күтіп тұр?» деген сауалға: «Қазақстанды таяу жылдарда ғаламат серпілістер кезеңі күтіп тұр, елде пассионарлық дүмпулер жүзеге асады. Көптеген алқалы басқосулар өтеді. Пассионар ірі тұлға пайда болады. Алдына адам баласының ойына келмейтін биік мақсаттар қоятын ол тұлға елді жұмылдырып, соған қол жеткізеді» деген екен.
Ғаламторда, әлеуметтік желілерде жан-жақты жазылып, зерттеліп жатқан Гумилев теориясына сүйенсек, әр ұлт эволюциялық жолмен 1500 жылға дейінгі аралықта өмір сүреді-мыс. Осы кезеңде тірі пенде сияқты ұлт та табиғи заңдылықпен дүниеге келеді, дамиды, өркендеудің шыңына жеткен соң бірте-бірте құлдырап, жойылатын көрінеді. Қазақ хандығы ХV ғасырдың ортасында құрылды десек, біз ұлттық ғұмыр жасымыздың орташа мөлшеріне енді ғана жақындағандаймыз. Жас мемлекетіміздің дәуірлеу кезеңі Лев Гумилев айтқан серпілістерге – жасампаздық жолындағы жаңару мен жаңғыру дүмпулеріне толы. Оның ХХ ғасырдың сонау тоқсаныншы жылдары айтқан сәуегейлік тұжырымдары әлем мойындаған іргелі мемлекетке айналып, Мәңгілік Елге қадам басқан Қазақ елінің бүгінгі тыныс-келбетін дөп ашып тұрғандай.
Ғалым айтқан «алқалы басқосулар» елімізде аз болмағаны, күні кешелері ғана басымыздан өткерген тарихтан белгілі: БҰҰ-ға мүшелік, тәуелсіз Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы, Қазақ елінде өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Еуразиялық медиафорум, Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі, Еуразиялық экономикалық одақтағы төрағалық, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлаудағы жеңісі, келер жылға жоспарланған әлемдік «ЭКСПО-2017», «Универсиада-2017» көрмелік, спорттық оқиғалары – тізбектей берсек, тағысын тағы бірегей жиындар жетіп-артылады.
Саясаттанушы Дмитрий Верхотуров Назарбаевты «ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басы аралығындағы дүниежүзілік тарихи оқиғалар желісіне айырықша мәнді де мазмұнды із қалдырған қайраткер» ретінде бағалайды: «Оның бір ғана әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдан бас тарту туралы ерікті шешімі ушығып тұрған халықаралық жағдайды күрт өзгертіп жіберді... Қазақстандықтар неге Назарбаевпен мақтана алмайды? КСРО «сынығын» толыққанды мемлекетке айналдыра білген бірінші Президентімен қазақстандықтардың жолы болды. Кез келген басқа лидер мұндай жетістікке жете алмас еді». Елбасы ой-орамдарының нәрі мен дәнін әр қазақ осылайша жүрекпен түсінсе екен дейсің. Бәлкім, сонда Назарбаев феноменінің қазақ жұрты үшін тағылымды даналық қыры, мән-мағынасы ашыла түсер деген ой келеді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа заманға қадам басқан алғашқы сәттерде тебірене айтқан бұл сөзі, меніңше, сол кездері барша қазақтың жігерін жанып, рухын оятты. «Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын. Менде қазақтың елдігін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудан басқа мақсат та, арман да жоқ», – деген еді Президент. Халқы оған сенді, сенім артты. Бірнеше рет өткен сайлаулар мен референдумдарда да, тұңғыш бүкілхалықтық демократиялық сайлау кезінде де ортақ таңдауын жасап, Назарбаевқа арқа сүйеді.
Халықаралық сарапшылар «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деп ұран тастап, өркениетті ортамен ел терезесін теңестірген Назарбаев феноменінің уникум жетістігі ретінде сипаттайды. Назарбаевты әлемдік саясат серкелері Шарль де Голльмен, Франклин Делано Рузвельтпен, Джавахарлал Нерумен бір қатарда атайды. Атақты қайраткер-реформаторлар, әрқайсысы өз мемлекетінің жеке даму жолының моделін қалыптастырған дара тұлғалар – түріктердің атасы Мұстафа Кемал Ататүрікпен, бүгінде «Азиялық Швейцарияға» айналған Сингапурды түлеткен Ли Куан Юмен, Малайзияны ұлттық идеология мен ұшқыр экономиканы шебер ұштастыру арқылы әйгілеген Мохамад Махатхирмен, Индонезияның негізін Сукарно қалап кеткен «Панча Күш» мемлекеттік даму философиясы арқылы құлпыртқан Сусило Бамбанг Юдойономен жиі салыстырады.
Тоқсаныншы жылдардағы Кеңес Одағы аумағындағы, оның ішінде Қазақстандағы экономиканың құлдырап, халықтың тұрмысы нашарлап кеткен кезеңді де Америкадағы ұлы дағдарыс заманына телісек болар. Осы арада тайға таңба басқандай мына бір айырмашылықты ескеру қажет: Франклин таққа жайғасқан жылдары депрессияға ұрынған Америка атақ-беделі әлемге жайылған, елді шарпыған дағдарысқа қарамастан әлі де қуатты мемлекет санатында еді. Ал Назарбаевқа бәрін жаңадан бастауға тура келді. Онсыз да орталықтың «шикізат алаңы» болған Қазақстан экономикасының барлығы дерлік одақтық орталыққа бағынышты-тұғын. Кәсіпорындардың түгелге жуығы қаңтарылып, өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығы құлдырап, жаппай жұмыссыздық белең алған заман болды ол кез. «Көп этносты Қазақстанды да соғыс өрті шарпиды, қантөгістен құтыла алмайды» деген сәуегейлер де шықты. Күйреген одақтың әбден тозығы жетіп жұлмаланған экономикасы мен әлеуметтік қайыршылыққа ұрындырған мұрасынан арылудың төтен қиындықтарын еңсеріп, жас тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалау, шекарасын бекемдеу, мемлекеттігін қалыптастыру, іштегі этносаралық ауыздықтарға жол бермей, татулық пен бірлікті сақтау оңай шаруа емес еді. Назарбаев елді өзінің стратегиялық интуициясымен, қабілет-біліктілігімен, дипломатиялық талантымен бұл тығырықтан аман алып шыққан тұлға.
Француз президенті Шарль де Голль сияқты Назарбаев та биліктің тиімді құрылымына ерекше мән берді. Екеуіне де мемлекеттіліктің ұтымды, тұрақты институттарын құрудағы көзқарас бірлігі тән. Президенттік басқару институтына басымдық берген Голль ұсынған конституция Францияның тұрақты саяси жүйесінің негізгі діңгегіне айналғалы да жарты ғасырдан асты. Ол жүргізген құрылымдық реформалар Францияны жаңа биіктерге көтерді. Әріптесі сияқты Назарбаев та институционалды құрылымды мемлекеттіліктің маңызды қадамдарының бірі деп қарастырғанын көрдік. Өтпелі жолайрық кезеңде мемлекетті басқарудың күшті билігі қажеттігін түсінген ол кеңестік кеңістікте бірінші болып президенттік лауазымды бекітті. Бір айта кетерлігі, Назарбаевтың Голль сияқты реформа жасайтындай мүмкіндігі болған жоқ, ол мемлекеттік саяси құрылымның тұңғыш негізін қалаушы ретінде өзінің тиімді басқару стилін – «Назарбаев моделін» қалыптастырды.
Түрік Республикасының негізін қалаушы Ататүрік пен тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған Назарбаевтың ұқсастығы – екеуі де Сұлтанат пен Кеңес Одағы сияқты ірі империялардың күйреуінен кейінгі мемлекеттерді тізгінге алды, сондықтан да сарапшылар екеуін жиі салыстырады. Мұстафа Кемалды ұлықтап, түріктердің атасы – «Ататүрік» деп ат қойған түріктер Назарбаевты «Түркі әлемінің ақсақалы» деп атады. Қазақ елі болса өз перзентінің мемлекет, халық алдындағы еңбегін жоғары бағалап, Назарбаевқа Елбасы мәртебесін берді.
Осы орайда сөз өнерінің наркескені, белгілі қаламгер ағамыз Шерхан Мұртазаның мына бір ойтолғамы Назарбаев феноменінің бір қырын аша түскендей: «...От оранып, жалын құшқан жанкешті жұмысқа жігерлінің жігерлісі, төзімдінің төзімдісі ғана шыдаса керек. Соған шыдас беріп, үдесіне жеткендердің бірі – Нұрсұлтан Назарбаев екен.
...Қазақстан үшін де жаңа заман туып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев бастаған республика жетекшілері Қазақстанның егемендігін жариялады. Жаңа дәуірден тың жол салу әрдайым қиынның қиыны. Осы қиын-қыстау тың жолда Қазақстанды сүріндірмей, адастырмай алып жүрер кім бар дегенде көз алдыңа Нұрсұлтан Назарбаев келеді. Оны халық таныды, дүние жүзі таныды. Оның дүниежүзілік беделі күннен-күнге артып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан күні ертең өз байлығының, берекелігінің, бейбітшілігінің, биік парасаттылығының арқасында Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып танылар күн де алыс емес. Сонда Қазақстан байрағы Жер шарының басқа елдерінің туларының қатарында еңсесін биікте ұстап желбіреп тұрмақ».
Шерағаң бұл тұжырымын сонау тоқсан бірдің аумалы-төкпелі, қарашалы күндерінде айтқан екен. Осыдан 25 жыл бұрын. Бүгінде Шер-ағаң арман еткен сол Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігі ғана емес, алқалы төрінде жүрген Қазақ елін әлем мойындап отыр. Ал Назарбаевты әлемдік қауымдастық жаңа қоғамдық-экономикалық құрылым арқылы мемлекеттіліктің жаңа тарихи моделін қалыптастырған ерекше тұлға, құбылыс ретінде бағалайды.
Елбасы да Жаңа Экономикалық Саясатқа негізделген – «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын жариялау арқылы Қазақстан халқына мемлекеттің даму жолын межелеп берді. Бұл жол – қазақтың абыройын асқақтатып, төрткүл дүниеге тәуелсіз Қазақстанды мойындатып, Қазақ Елін жалпақ әлемге танытқан мәртебелі жол! Ең бастысы, «Нұрлы жол» – тәуелсіздігіміздің бағдарын айқындаған Мәңгілік Елге бастар төте жол!
Тәуелсіз Қазақ елі және Елбасы. Ұлттық құндылықтарымыздың тұғырына айналған бұл егіз ұғым қазақ үшін қашан да қасиетті, қашан да қастерлі. «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып келіп қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді». Ойлы қазаққа ой салар Елбасының бұл аманаты ұлттың әрбір ұланының жүрегінің төрінде тұрғаны абзал.
Төрехан ДАНИЯРОВ,
журналист