Менің Нұрсұлтан Әбішұлының жазба еңбектерінен қолыма шырақ алып іздейтін бір түйінім бар. Ол – шеттегі қандастарымыздың тағдырына қатысты көші-қон мәселесі. Өйткені, қандастарымның тағдыры – мемлекеттің тағдыры.
«Ұлы дала ұлағаттарының» бас газетке басылған бүтін бір тарауы осы тақырыпқа арналыпты. «Қиырдан келсе қандастар» деп аталған екен. Көрген заматта көзіме оттай басылды. Бір емес, бірнеше мәрте оқып шықтым бұл тарауды. Сенесіз бе, дүниеден озған анам, өткен күндер есіме түсіп, бір сәт көз жасыма ерік бердім. Оның үстіне, біз секілді туған жерін тастап, тумаларынан бөлініп-жарылған жандар қамкөңіл, жылауық келеді емес пе. Бірақ, өкінішіміз жоқ! «Аналарымыз алысқа кеткен туған-туыстарын іс тігіп отырғанда, жұмыс жасап жатқанда сыңсып салған әнімен еске алып, көз жастарын бір сығып алушы еді. Балаң кезімде оның себебін сұрағанымда: «балам, ержетерсің, сонда білерсің мұның мәнісін» деп сөз аяғын жұмбақтап жіберетін. Бірақ бала кезгі адам жады мықты болады ғой. Кейін, есейе келе мұның мәнін де, көз жасына булыққан әнін де біліп, көкейге түйіп өстік. Тәуелсіздік таңы атқанда ойда жүрген осынау аса маңызды іс-әрекетті жүзеге асырудың жолын тапқандай болдық», депті Елбасы өткен күндерді еске алып. Міне, мені жылатқан – осы тұс.
Елбасы кітабындағы «Әрине, жаңадан жерсіну, бейтаныс ортаға бірден бейімделу оңай болмас. Кейде қиырдан келген қандастарымызды жайлы орналастыруда жекелеген жауапты адамдардың тарапынан болып жататын бойкүйездік пен тоғышарлық, жаныашымастық пен жағдайды бағалай алмаушылық кездесіп қалатынын жасыруға болмайды. Мұндағы түйткілдер – мемлекеттің қатесі емес, кейбір шенеуніктердің төрешілдігіне байланысты жағдайлар. Біз бұлардың бәріне сын көзімен қарап, түзетіп, көңілге түскен қаяуды жоюға күш салатын боламыз» – деген сөздердің көңіл түкпірінде жатқан «әттеңдерімізді» бір қозғап өткенін жасырғым келмейді. Дегенмен, біз де бір қауым ел болып қалдық қой. Өмірдің талабымен заң-зәкүндерді игере бастадық. Саясаттың да қыры мен сырына төселіп келеміз. Кереметтей бір мемлекеттік билікке қолымыз жетпегенімен, Мемлекет басшысының арқасында жолға қойылып отырған сөз бостандығы мен «төртінші билік» атанған ақпарат еркіндігіне сүйеніп, қандастарымыздың мүддесін қорғап жатырмыз. Тіпті болмай бара жатқан жағдайда, телефонымызға жүктеп алған видеодағы «Біз әр ұлттың баласын бауырымызға басып үйренген халықпыз. Ал енді шетелден көшіп келемін деген өз қазақтарымызды бауырымызға баса алмаймыз ба?!» деген жүрекжарды сөзін алға тартамыз. Ең жақсысы, алдағы жерде жергілікті атқарушы билік баса көңіл бөліп, көшіп келген ағайындарды «Оралман» мәртебесін алған сәттен бастап заң аясында көрсетілген жеңілдіктермен игіліктендіріп отырса, бәрі өз орнына келеді...
Тарихи себептерге байланысты бөлініп-жарылған этностық қазақтарды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы халықаралық ережелерді басшылыққа ала отырып, КСР Министрлер Кеңесі сонау 1991 жылы 18 қарашада «Азаматтық құжаттандыру туралы» арнайы №711 қаулы қабылдап, 20 баптан тұратын «Басқа республикалардан және шетелдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстан Республикасына қоныстандыру тәртібі мен шарттарын» бекітіпті. Әрине, бұл Қаулының Елбасының тапсырмасымен дайындалғанын біз жақсы білеміз. Атап айтуымыз керек, Елбасы қабылдатқан сол Қаулының арқасында тәуелсіздіктің алғашқы бес жылының өзінде 104 мың қандасымыз ың-шыңсыз келіп атажұртқа табан тіреді. Әрі қарай көш тізгінін 1997 жылы 13 желтоқсанда тұңғыш рет қазақ тілінде қабылданған Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы іліп әкетті.
Қазіргі қолданыстағы Көші-қон туралы Заңда қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу, шет елдегі қазақ диаспорасының елімізге келіп білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру жағы, ауылға көшіп келген ағайынға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер беру мәселесі толық шешілген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулы шығарып, оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыратын арнайы өңірлерді айқындап берді. Қаржылық қиыншылыққа қарамастан, Үкімет тағы 1259 отбасынан тұратын оралмандарды қабылдаудың 2016 жылға арналған өңірлік квотасын бекітіп берді. Биыл алғашқы тоғыз айда 11 488 отбасы оралыпты.
Ең бір күйіп тұрған қиыншылық – Қытайдан келетін қандастарымыз үшін Қазақстанға виза алу еді. Міне, оның да түйіні шешілді. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қытайдан келетін қандастарымыз үшін бір жолда 3 жылға көп мәртелі виза беру тәртібін енгізіп, бүкіл Алаш жұртын қуанышқа бөледі. Айтпақшы, Көші-қон туралы тұңғыш қаулы шыққан «18 қарашаны» «Ұлттық көші-қон күні» етіп белгілеу туралы бірінші болып «Егемен Қазақстан» газеті бастама көтерді. Мерекелер тізбесіне кірер, не кірмес, бұл күн – біз үшін онсыз да мейрам.
Әуелгі сөзімізге қайта оралсақ, «Ағайынға арнап көп нәрсені айтқым-ақ келеді. Алайда, іштегінің бәрі сыртқа шыға бермейді ғой. Ел тірлігі, көп ұлтты Қазақстанның бірлігі мен тыныштығы жатсам-тұрсам көкейімнен кетпейтін маған жалғасып жатқан қазақ көшінің тағдыры тіпті де оңай сезіліп тұрмағанын айтқым келеді. Жырақтағы жұртың туған жерге жаутаңдап қарап отырса, кісінің жаны қалай жай табады?!» депті біздің аса мәртебелі Президентіміз.
Тәуелсіздігін небәрі 37 пайыз қазақпен бастаған Қазақстанымыздағы ұлтымыздың үлесі, міне, 25 жылда 70 пайызға жетті. Соның бәрі, қайталап айтайын, Елбасының батыл шешім қабылдап, Көші-қон саясатын жолға қойған кемеңгерлігінің, қажырлы еңбегінің арқасы.
Ауыт МҰҚИБЕК,
ақын, «Нұр Отан» партиясы
қоғамдық қабылдау бөлімінің кеңесшісі