01 Желтоқсан, 2016

Kazsport кастингпен 4 комментаторды жұмысқа алды

302 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кастингке қатысуға ниет білдірген адамдардың ішінен 83-і іріктелді. Содан тек он адам ғана екінші кезеңге жолдама алды. Осы сынақтан бес адам сүрінбей өтті. Алайда жұмысқа төрт комментатор қабылданды. Бұл туралы «Қазақстан» республикалық телерадиокомпаниясы хабарлайды. "Екінші кезеңнен сүрінбей өткен бес адам Көркемдік кеңестің қарауына жіберілген болатын. Үміткерлердің дауысы жазылған материалдармен танысқан Кеңес мүшелері бес адамның арасынан төртеуін комментаторлық жұмысқа алу туралы шешім қабылдады" - делінген ресми xабарламада. Осылайша, «Kazsport» телеарнасының комментаторлығына Дархан Жүсіпов (Астана қаласының тұрғыны, хоккей және басқа да командалық спорт түрлерінің комментаторы), Дидар Қадыров (Ақмола облысының тұрғыны, футбол және басқа да командалық спорт түрлерінің комментаторы), Максим Шиманский (Астана қаласының тұрғыны, футбол және басқа да командалық спорт түрлерінің комментаторы) және Ерсін Ерік (Астана қаласының тұрғыны, футбол комментаторы) қабылданды. «Қазақстан» РТРК» АҚ өз кезегінде Астана қаласындағы кастингке қатысқан барлық үміткерге алғысын білдірді және осы жолғы іріктеуден өтпей қалғандардың алдағы уақытта өтетін кезекті кастингте үздік шығатындарына сенім танытты. "Астана қаласындағы келесі кастинг 2017 жылдың ақпан айына жоспарлануда. Ал 2016 жылдың соңғы кастингі желтоқсан айының ортасында Алматы қаласында өтеді. Іріктеу туралы толық ақпарат желтоқсан айының басында жарияланады", - дейді ұйымдастырушылар. Спорт комментаторы болғысы келгендердің арасында мектеп оқушылары да болған.