02 Желтоқсан, 2016

Транзиттік әлеуетті арттыру – басым бағыттардың бірі

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астанада Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың төрағалығымен «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Жібек жолы экономикалық белдеуінің түйісуі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шетелдік әріптестерді Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетімен, сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалармен таныстыру, ақпараттандыру мақсатында ұйымдастырылған шараға Қазақстандағы елшілер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырысты ашқан Ерлан Ыдырысов өзінің кіріспе сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға айрықша назар аударып отырғанын атап көрсетті. Оның сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің сыртқы саясатындағы басымдыққа ие шаралардың бірі. Оны Сыртқы істер министрлігі қатаң бақылауда. Бұдан кейін Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төр­аға­сы Ермек Қизатов, «Эйр Астана» авиа­ком­паниясының президенті Пи­тер Фостер және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Еркін Жусанбаев сөз сөйледі. Олар өз сала­лары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар тұрғысында әңгімелей келіп, Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін сипаттайтын көрсеткіштерді сөз етті. Мәселен, Ж.Қасымбек 2010-2015 жылдар аралығында аталған салаға 23 млрд доллар көлемінде инвестиция салынғанын атап көрсетті. Сонымен қатар, ол «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің тиімділігін сөз ете отырып, үстіміздегі жылы бұл жолдың қазақстандық бөлігі толық аяқталатынын мәлім етті. Дөңгелек үстелге қатысқан шетелдік өкілдер аталған тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін айтты. Сондай-ақ, олар көлік-транзиттік жобаларды жүзеге асыруда өздеріне қатысты жұмыстарды атқаруға дайын екендерін, алда тұрған міндеттерді орындауға барынша ат салысатындарын жеткізді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»