Ресей консулы Саид Забитов өз ойын осылай сабақтады
Орал қаласында «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі» атты кең ауқымды конференция өткізілді. Оған қатысушылар Елбасының мемлекет құру мен саяси және әлеуметтік реформаларды іске асырудағы ұлан-ғайыр еңбектері жөнінде салмақты да салиқалы ой-пікірлер өрбітті. Сондай-ақ, конференцияда Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген қазақстандық даму жолы мен моделі туралы жүйелі де жан-жақты әңгімелер қозғалды.
Елбасы саясатына тарихи тұрғыдан талдау жасаған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев Әбілқайыр хан мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатында сабақтастық бар екенін баяндап берді. Жаңабек Жаңабайұлының айтуынша кәсіби тарихшыларға жақсы таныс әлем тарихындағы айтулы тұлғалар қамтылған «Адамзат хроникасы» кітабына төл тарихымыздан Әбілқайыр хан мен Нұрсұлтан Назарбаев енгізілген. Бұл кездейсоқтық болмаса керек. Аталған тұлғалар қазақ халқының тағдыры таразыға тартылған және тағдыршешті тұста оң шешім қабылдаған болатын. Әйтпесе, халқымыздың ұлт ретінде өмір сүруі де екіталай болуы ғажап емес еді.
Батыс Қазақстан облысындағы орыс мәдени орталығының төрағасы Сергей Погодин тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы Елбасының шексіз рөлі турасында сөз өрбітті. «Кейбір саясаткерлер мен зерттеушілер егер бір мемлекетте бес түрлі ұлттың өкілі болса, ол елде тұру қиындау болатынын айтады. Он этнос өкілі өмір сүрсе, онда ұлтаралық жағдай екі есе қиындайды. Ал жүз болса, онда елде өмір сүру мүмкін емес деп тұжырымдайды екен», деді ол. Ал Қазақстанда қазіргі таңда 138 ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Бұл Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында мүмкін болды деп есептеймін. Сондықтан мен өзімді осындай президенті бар мемлекетте өмір сүріп жатқаным үшін бақытты санаймын», деп қорытындылады өз сөзін С.Погодин.
Жиын барысында сөз алған Ресейдің Орал қаласындағы консулы Саид Забитов Қазақ елі 25 жыл ішінде өз Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен биік белестерді бағындырғанын атап көрсетті. Мені, әсіресе, қазақстандықтардың қоғамдық келісім саласындағы жетістіктері әр кез тәнті қылады, деді ол.
Конференция барысында сондай-ақ, «Заман» Батыс Қазақстан облыстық өндірушілер қауымдастығының төрайымы Айгүл Туркина, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің төртінші курс студенті Әйгерім Төлен және басқа қоғамдық ұйым өкілдері Елбасы мен ел тәуелсіздігі және оның ертеңі туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ