20 Қыркүйек, 2011

Каддафи қылмыс жасамаған дейді

356 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Британдық «British Civilians For Peace in Libya» үкіметтік емес ұйымы Триполиде, Зауииде, Бин-Ва­лидте және Ливияның батысындағы басқа да қала­ларда бір апта инспекция өткізген соң, елде Муаммар Каддафидің қылмыстық режімі болмаған деген мә­лімдеме жасаған. Ол аз болса, ұйымның алдын ала жасалған  баянда­ма­сында НАТО авиациясының бомбалауы салдарынан бейбіт тұр­ғын­дардың қаза тапқаны туралы айғақтар табылғаны айтылған. Ал үкімет әскерінің бейбіт халыққа қарсы шабуыл ұйым­дас­тырғанына дәлел жоқ көрінеді. Сапар қорытындысы бойынша батыстық журналистер, шындықты бұрмалай оты­рып, жұрт­шылыққа әділ хабар тарату жөніндегі өз міндеттерін орын­дамаған деген түйін жасалған.   Үндістанда жер сілкінді Жексенбі күні Үндістанның солтүс­­­тік-шығысында болған күшті жер сілкінісінен 42 адам қаза тапқан. Қазіргі уақытта Сикким штатында және оған жақын аудандарда әскери тік­ұшақтардың қатысуымен іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Өңірге 5 мың әскери қызметші аттан­дырылған. Қайғылы статистиканың бұдан да гөрі өсе түсуі мүмкін деген күдік бар. Көптеген шалғай аудандар көшкін салдарынан қоршауда қалған, бірқатар елді мекендерде электр жарығы мен байланыс жоқ.   Үкімет жасақтау тұйыққа тірелді Ливия көсемі Муаммар Каддафиді жақтайтын күш­тер ереуілшілердің Сирт және Бени-Валид қалаларына жасаған шабуылына тойтарыс берген. Сонымен бірге, үкімет жасақтаумен айналысып жатқан Өтпелі ұлттық кеңес оппозиция ішіндегі алауыздық сал­да­рынан кабинет құрамын хабарлаудың кейінге қалдыры­ла­ты­нын мойындап отыр. Өтпелі ұлттық кеңес атқару комитетінің басшысы Махмуд Джибрилдің айтуынша, бірқатар кандидатуралар бойынша келісімге қол жеткенімен, қалған орындарға талас нақты нәтиже бермей отырған көрінеді.   Тәуелсіздікті мойындауға шақырды Палестина ұлттық әкімшілігінің бас­­­шысы Махмұд Аббас дүйсенбі күні Израиль билігін Палестинаны тәуелсіз мем­­лекет ретінде мойындауға шақырды. Нью-Йоркке келген соң Аббас журналистерге Тель-Авивтің Палестинаның тәуелсіз­ді­гін мойындауы Таяу Шығыста бейбітшілікке қол жеткізу үшін жақсы мүмкіндік болар еді деп түсіндірген. Осы аптада Аббас Палестина мемлекетінің 1967 жылғы шекарасын мой­ындау жөнінде БҰҰ-ға сұрау жібермек ниетте. Израиль өкі­ме­ті болса бұл бастамаға қарсылық білдіріп отыр.   Берлиндегі социал-демократтар жеңісі Берлиннің жер парламентіне өткен сайлауда социал-демократтар жеңіске жетті. Олар жеке федералдық жер мәртебесіне ие Германия астанасының депутаттар палатасында 28,3 пайыз дауыс алған. Сөйтіп, астаналық социал-демократтар жетекшісі Клаус Воверайт үшінші рет Берлиннің басқарушы бургомистрі болып отыр. ФРГ канцлері Ангела Меркель басқаратын христиан-демократиялық одағы өз позициясын жақсартқанымен, сай­лау­да жеңіліс тапты.   Түркия Египетпен одақтаспақ ойда Түркияның сыртқы істер министрі Ахмед Давутоғлу түрік үкіметінің Египетпен альянс құруға қарсы емес екенін мәлімдеген. Ол өз шешімін Египеттің елдің бұрын­ғы президенті Хосни Мүбәрактің билігінен шығып, демократияны қайта құра бастауымен негіздеген. Сонымен бірге, түрік министрі өз елінің Египетпен одағының Израильге, Иранға немесе басқадай бір елге қарсы бағыттал­майтынын атап көрсеткен. Сондай-ақ ол Түркияның Египетке салатын инвестициясының екі жылда 5 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін де айтқан.   Авиашоудағы ұшақ апаты АҚШ-тың Батыс Виргиния  штатында өткен  авиашоуда 1958 жылы шыққан  бір моторлы ұшақ апатқа ұшыраған. «Троян салт аттылары» командасының мүшесі болып табылатын ұшқыш қаза тапқан. Америкалық БАҚ-тардың хабарлауынша, ұшақ белгісіз себептен ангар сыртына  құлап, жарылып кеткен. Осы орайда америкалық авиашоу барысында бір аптада екі ұшақтың апатқа ұшырағанын айта кету керек.   Нью-Йорктегі «ашу-ыза күні» Жексенбі күні «АҚШ-тағы ашу-ыза күні» шең­бе­рін­де Уолл-Стрит жа­ны­на бірнеше жүздеген адам жиналған. Ереуілшілер, өз пікірлерінше, қатардағы азаматтардың мүдделеріне қайшы келетін америкалық қаржы жүйесіне қарсылық білдірген. Олардың айтуларынша, Американың қаржы жүйесі қарапайым азаматтардың әл-ауқатын байлардың мүддесі жолында құрбандыққа шалып отыр. Халық қолда­­­ры­на қаржы топтары мен ірі кор­по­рациялардағы жемқорлықпен күреске шақырған плакаттар ұстаған.   Қытай ғарыш аппаратын ұшырды Қытай елдің оңтүстік-батысындағы Сычуань про­винциясындағы Сичан ғарыш айлағынан «Чжунсин-1 А» байланыс аппаратын ғарышқа табысты ұшырды. Спутникті «Чанчжэн-3В» зымыран ұшырғышы орбитаға алып шыққан. Аппаратты Қытай аэроғарыш ғылымы мен техникасы корпорациясы жанындағы Қытай ғарыштық технологиялар академиясы әзірлеп, жасап шыққан. Ол бүкіл ҚХР аумағында жоғары сапалы байланыс орнатуға және хабарлар таратуға арналған.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.